Әскери колледж – көшбасшылар дайындайтын орда

25 Ақпан 2024, 19:17
376
Бөлісу:
Әскери колледж – көшбасшылар дайындайтын орда
Фото: gov.kz

Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы елордалық әскери колледжде Қарулы күштер бөлімшелерінің жеке құрамын оқыту мен тәрбиелеуде аса маңызды рөл атқаратын кәсіби сержанттарды дайындайды.

Бұл әскери оқу орнына 15 жастан бастап жасөспірімдер қабылданады. Мұнда жеткіншектен денесі шымырланып шыныққан, атыс кезінде дәлдеуді жіті білетін, қоян-қолтық ұрыстың дағдыларын меңгерген нағыз ер азамат шығарады. Сондықтан, ең басында болашақ сержанттар әскери-дәрігерлік сараптама жүргізу ережелеріне сәйкес кәсіби-психологиялық іріктеуден, содан кейін медициналық куәландырудан өтеді. Үшінші кезеңде үміткерлер белтемірге тартылудан, 60 және 2000 метрге жүгіруден нормативтер тапсырады. Қорытынды кезеңде конкурстық негізде іріктеуден өтеді.

Халық Қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы әскери колледжде «байланыс, радиоэлектроника және коммуникация құралдарының технигі» біліктілігімен «әскери істегі автоматтандыру және инфокоммуникациялық технологиялар», «қару-жарақ пен әскери техниканы пайдалану және оларға техникалық қызмет көрсету» біліктілігімен «қару-жарақ пен әскери техникаға көрсетілетін техникалық қызмет» және «инженерлік-саперлік бөлімшелерді басқару» мен «радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау әскерлерінің бөлімшелерін басқару» екі біліктілікпен қоса «кіші буын менеджменті» бағыттары бойынша мамандарды оқытады.

Бірінші курста курсанттар оныншы және он бірінші сыныптар бағдарламасы бойынша жалпы білім беретін пәндерді оқиды. Екінші жылы олар тактикалық, атыс және саптық дайындық сияқты әскери пәндерді меңгеріп, жалпы әскери жарғылар мен әскери топографияны үйренеді. Үшінші курста ұландар таңдаған мамандықтары бойынша дайындықты бастайды. Жыл сайын олар оқу-жаттығу жиындарына барады. Үшінші курста бітіруші түлектер Қарулы күштердің әскери бөлімдерінде әскери тағылымдамадан өтеді.

Бұған қоса төрт мезгіл тамақтану, әскери киіммен және басқа да киім-кешекпен, кеңсе заттарымен, тұрғын үй және медициналық көмек мемлекет есебінен қамтамасыз етіледі. Ұландарға 3 курстан бастап шәкіртақы төленеді.

Колледж түлектері техникалық және кәсіптік білім туралы диплом, жүргізушілерді даярлау курстарын аяқтағаны жөнінде куәлік және «кіші сержант» әскери атағы берілген әскери билет алады. Әскери колледжді үздік бітірген ұландар қызмет орнын өздері таңдайды және жоғары әскери оқу орнының екінші курсына емтихансыз түсуге мүмкіндігі бар. Озат студенттердің фотосуреттері колледждің Құрмет тақтасына ілінеді.

Әскердегі кіші командир – жауынгерлерге үлгі. Олар үнемі кәсіби шеберлігі мен ең жақсы қасиеттерін көрсетеді. Сарбаз үшін олар «осындай болсам екен» деген ұранды ту ғып ұстайтын алғашқы тәлімгер, бірінші жаттықтырушы.

Спорттық жарыстарда сержант ең жылдам, жорықта шыдамды, мықты, епті, атыс алаңында – мерген. Басқаларға қарағанда ол қоян-қолтық ұрыс ережелерінің техникасын жақсы біледі, жерлерді бағдарлауы сенімді, химиялық қорғаныс заттарын епті қолданады және әрқашан алғашқы медициналық көмек көрсетуге дайын. Осы кәсіби қасиеттердің бәрін білім алу барысында ұланның бойына дариды.

Өзгелердің жаңалығы