Қазақстан Қарулы күштері тарихында тұңғыш рет әскери колледж түлектері бірден Қорғаныс министрлігі әскери институтының екінші курсына қабылданды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Сағадат Нұрмағамбетов атындағы әскери колледжді бітірген 22 кіші сержант Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының екінші курсына қабылданды.
Курсанттар «Әскери істегі байланыс және автоматтандыру құралдарын қолдану» мамандығы бойынша оқуын жалғастыратын болады.
Әскери институтқа түсу үшін түлектерді іріктеу процесі колледжде оқу кезеңінде алынған рейтингтік нәтижелер негізінде жүргізілді.
Институтқа жаңадан келге түлектер психологиялық тестен және дене шынықтыру дайындығын тексеруден өтті. Бұл оларды әрі қарай оқуға жақсы бейімдеуге мүмкіндік береді. Әскери оқу орнының бастығы генерал-майор Қайрат Даутов бұл рәсімнің маңыздылығын атап өтті.
Бұл олардың психологиялық және физикалық жағдайын жақсы түсінуге және оларды болашақ сын-тегеуріндерге дайындауға мүмкіндік береді, – деп атап өтті ол.
Колледж түлектері өздеріне берілген мүмкіндік үшін алғыстарын білдірді.
Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтына түсу – үлкен абырой әрі жауапкершілік. Біз осы беделді әскери оқу орнының курсанты болғанымызды мақтан тұтамыз. Оқуда кәсіби жетістіктерімізді жалғастыруға дайынбыз, – деп қуанышын бөлісті кіші сержант Данияр Молдабек.
Бұл «Жас ұлан» республикалық мектебінің Сағадат Нұрмағамбетов атындағы әскери колледж болып қайта құрылғаннан кейінгі алғашқы түлектері екенін айта кету керек.