Әскердегі жемқорлық, сарбаз өлімі: Депутат әскерге барғысы келмейтіндер туралы айтты

20 Сәуір 2023, 11:48
1365
Бөлісу:
Әскердегі жемқорлық, сарбаз өлімі: Депутат әскерге барғысы келмейтіндер туралы айтты
Фото: Егемен Қазақстан

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Наурыз Сайлаубай Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовқа депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутат сауалында әскери қызмет саласындағы өзекті мәселені көтерді.

Әскерге бару – міндет қана емес, зор абырой. Өз елінің патриоты болу, әскерге барып, еліне қызмет ету – кез келген әскерге жарамды Қазақстан Республикасының 18-27 жас аралығындағы жастардың міндеті. Бірақ бейбіт күнде әскерде қаза тапқандар, мертіккендер жиілеп барады, - деді ол.

Депутаттың айтуынша, арасында әскерге шақырылып, 10 күн ішінде жұмбақ жағдайда қаза тапқандарда бар.

Нағыз ер болуға тәрбиелейтін азаматтар үйіне есінен адасып, бірі сал болып, бірі табытқа оранып қайтып жатыр. Қыршын кеткен бозақтардың өлімі жұмбақ күйінде қалуда. Мысалы, Қызылордалық мерзімді қызметтегі сарбаз күтпеген жерден психиатриялық ауруханаға түскен, ал Жамбыл облысында әскери қызметші біреудің үйіне себепсіз кіріп, әйел адамдарды ұрып-соққан немесе осы облыста борышын атқарып жүрген сарбаздың өлімі, - деді Сайлаубай.

Оған қоса, жастардың көбі Отан алдында борышын атқарғысы келмейді, тіпті бармау үшін түрлі жемқорлық жолдарымен өтірік анықтамаларда жаздыртып, заңға қайшы әрекеттерге де барып жатыр.

Балаларының заңсыз әрекеттерін ата-аналары да көріп, оны қолдап отыр. Өйткені, бірнеше рет әскери қоймалардағы болған жарылыстарды, жарғыға қарсы іс-әрекеттер, әскери қызметкерлердің өлімі мен қайғылы оқиғаларды көріп ұлдарын әскерге жіберуге қорқады. Болып жатқан жағдайлар халық тарапынан қорғаныс саласына деген сенімінің төмендеп жатқанын және жастардың әскерге деген қызығушылығының азайғанын көріп отырмыз. Медициналық тексеруден таза болып өткен сарбаз, әскерде зорлық-зомбылық көріп, денсаулығына байланысты бір кінәраттар пайда болып немесе белгісіз себептерден дүниемен қош айтысып жатыр, - деді депутат Мәжілісте.

Ол атап өткендей, халықтың әскердегі әлімжеттік пен сарбаздар арасындағы суицид оқиғалары да жаға ұстатады.

Өзгелердің жаңалығы