Бұл туралы Қарулы Күштердің Бас штаб бастығының орынбасары – Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің бастығы генерал-майор Серік Борамбаев айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Борамбаев қазіргі таңда офицерлер сарбаздарға қысым көрсете ме? Болса алдын алу мәселесі қалай жүргізіліп жатыр? деген сұраққа жауап берді.
Келісімшарт жасасқан азаматтармен мемлекеттік дайындық пәні өтеді. Ол жұма сайын өткізіледі. Ол жерде әскерлер мен офицерлерге тәрбие жұмыстары жүргізіледі. Онда жеке сұхбат қалай жүргізілуі керек және басқа да жалпы құқықтық жеке жауапкершілік туралы дәріс оқылады. Сонымен бірге біздегі әскери заңгерлеріміз , полиция қызметкері ол жұмыстың бәрін жіті қадағалайды. Онымен қоса, әскери гарнизондарда прокоратура мен тергеу басқармалары бар, - деп жауап берді Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің бастығы.
Оның айтуынша, жылына 35 мың бала әскер қатарына шақырылады олардың бәрі өз еркімен келеді.
Әскерге барса болды бір жыл таяқ жеп, жаны шыққанша қинайды деп ойлау дұрыс емес. Мысалы, біз қарапайым өмірде де әртүрлі кедергілерге тап болып жатамыз. Өздеріңіз ойлап көріңіздерші, бір жыл бойы бөлімшеде 50-100 жігіт болады. Олар әртүрлі отбасынан, өңірлерден келеді. Біз заңсыз әрекеттердің алдын алуға тырысамыз. Біздің міндетіміз оларды отан қорғаушы етіп дайындау. Әскерге бармаймын себебі онда әлімжеттік көп деп сұхбат беретіндер көбейді. Ол адамдар әскерге барып, онда не болып жатқанын көрмеген азаматтар, - деді генерал-майор Серік Борамбаев.