Асима Бимендина: Бұл қиындықты да бірлігіміз арқылы жеңіп шығамыз

22 Наурыз 2020, 16:05
1878
Бөлісу:
Асима Бимендина: Бұл қиындықты да бірлігіміз арқылы жеңіп шығамыз

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. "Талап" АҚ коммерциялық емес ұйымы президентінің кеңесшісі Асима Бимендина Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жасаған Үндеуінің маңызы жайлы өз ойын білдірді.

Елбасы Қазақстан халқының жағдайын ойлап, қазіргідей қысылтаяң кезеңде маңызды Үндеу жасап отыр. Бүгінге дейін мұндай жағдайды басымыздан өткеріп көрген жоқпыз. Қазір бұл індеттен бүкіл әлем зардап шегіп отыр. Инфекцияның ошағы Қытайдан шықса да, қазір көршілес елде жағдай реттеліп келеді. Бұл қиындықтан шығу үшін бәріміз жұдырықтай жұмылып, жауапкершілігімізді арттыруымыз керек. Өзін, отбасын, өзгелердің денсаулығын ойлайтын әр адам дәрігерлер ұсынған тәртіпті сақтауы қажет. Сонда бұл қиындықтан да қиналмай шығамыз. Елбасы қазіргі сәтте медицина қызметкерлеріне қолдау көрсету керектігі туралы ерекше айтып өтті. Өте орынды. Мұндай шақта ақхалатты мамандарға үлкен қысым түсіп отыр. Сондықтан дәрігерлерге барынша жағдай жасау керек, - дейді Асима Бимендина. 

Ол сөз арасында жұртшылықты қорқып, дүрбелең туғызбауға шақырды. 

Ең біріншіден, қобалжымай, түрлі мессенджерлер арқылы таралып жатқан шындыққа жанаспайтын ақпараттарға дүрлікпеуге шақырамын. Қазіргі уақытта әрқайсымыз тазалыққа көбірек көңіл бөлуіміз қажет. Медицина мамандары кеңес еткендей, адам көп жиналған жерлерден алысырақ болғанымыз жөн. Ал шетелден келген қазақстандықтар карантиндік режимді сақтауы керек. Мемлекет тарапынан коронавирус індетінің етек алмауы үшін қажет жағдайдың бәрі жасалып отыр. Өз уақытында тиісті шаралар жасалды. Ауруханалар, дәрігерлер үзіліссіз жұмыс істеп тұр. Түсіндіру жұмыстары да жасалып жатыр, - деді А.Бимендина. 

Асима Бимендина ҚР тұңғыш президентінің Үндеуіндегі қазіргі ахуал бір жағынан 1990-шы жылдардың басындағы жағдайға ұқсайтынын былайша түсіндіріп өтті.

Өткен ғасырда тәуелсіздіктің елең-алаң жылдарына көз жүгіртіп көрейікші. Жалақылар уақытылы төленбейтін. Тоқырауға ұшырап, жабылып қалған кәсіпорындар қаншама. Кәсіпкерлердің жағдайы қиын болатын. Қазіргі жағдай да әлсін-әлсін сол кезеңді көз алдымызға әкеліп отыр. Ешкім үйінен шықпайды. Сол себепті кәсіпкерлер қиын жағдайға тап болды. Дегенмен қазір онлайн тапсырыс жүйесі бұл проблеманы шешуге септігін тигізіп отыр. Сол сияқты Елбасы республикалық қор ашу туралы айтып, өз кезегінде кәсіпкерлер оған қолдау көрсетіп, мүмкіндігі келгенше қаржы аударып жатыр. Бұл коронавирусты тезірек еңсеруге септігін тигізеді деген үміттемін. Егемендік алған 30 жылға уақыт ішінде қаншама қиындықтан өттік. Бәрін өзіміздің бірлігіміздің арқасында жеңдік, - дейді "Талап" АҚ коммерциялық емес ұйымы президентінің кеңесшісі.


Өзгелердің жаңалығы