«Ашық аспан» режимі 5 жылға ұзартылды

6 Қаңтар 2023, 12:39
839
Бөлісу:
«Ашық аспан» режимі 5 жылға ұзартылды

Азаматтық авиация комитеті «Ашық аспан» режимін 2027 жылдың соңына дейін ұзартты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қазақстан Республикасы Президентінің ұшу географиясын кеңейту және халықаралық рейстер санын ұлғайту жөніндегі тапсырмаларын орындау мақсатында Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Азаматтық авиация комитеті «Ашық аспан» режимін 2027 жылдың соңына дейін ұзартты, - делінген ИИДМ баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Осылайша, бұл режим рейстер саны бойынша барлық шектеулерді алып тастауды және қазақстандық авиакомпаниялар жұмыс істемейтін бағыттар бойынша шетелдік авиакомпанияларға «ауа еркіндігінің» бесінші дәрежесін беруді көздейді.  

«Ашық аспан» режимі Астана, Алматы, Тараз, Шымкент, Ақтау, Семей, Қарағанды, Өскемен, Павлодар, Петропавл, Көкшетау және Түркістан қалаларының 12 халықаралық әуежайларында қолданылды. Ақтөбе облысының әкімдігімен бірлескен жұмыс қорытындысы бойынша бұл режим өңірді дамыту мақсатында Әлия Молдағұлова атындағы Ақтөбе қаласының халықаралық әуежайында да енгізілді.  

Бұл режим жаңа шетелдік тасымалдаушыларды тартуға, әуе тасымалдаушылардың бәсекелестігін дамытуға, халықаралық маршруттарды ашуға, авиабилеттер құнын төмендетуге, туризмді дамытуға және Қазақстан қалаларының көліктік қолжетімділігін арттыруға ықпал етеді.

Өзгелердің жаңалығы