«Ашық бюджет»: Павлодарда бюджет қаражатын тиімді жұмсау режимі бұзылған

17 Қазан 2020, 20:01
1618
Бөлісу:
«Ашық бюджет»: Павлодарда бюджет қаражатын тиімді жұмсау режимі бұзылған

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. «Ашық бюджет» аясында «Ашық бюджеттердің интерактивті картасы» порталын қолданатын квазимемлекеттік сектор ұйымдарының материалдық қажеттіліктері бойынша мониторинг жүргізілді. Нәтижесінде кеңсе жиһаздарын жоғары бағамен сатып алуға жол берілмеді.

Павлодар облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басқарма басшысы Назымбек Бекжановтың хабарлауынша, мониторинг нәтижесінде бюджеттік бағдарламалардың екі әкімшісі бағынысты ұйымдары үшін жеңіл автокөліктің төрт шинасын сатып алуды жоспарлағаны белгілі болды.

Бірінші жағдайда тауарды жалпы сомасы 86 640 теңгеге, екінші жағдайда жалпы сомасы 74 107 теңгеге сатып алу жоспарланды. Алайда, біз шиналар нарығын зерттедік. Интернет-дүкендерде осы тектес шиналардың бағасы 14-15 мың теңге көлемінде. Бюджет қаражатын тиімді жұмсау және үнемдеу режимін күшейту мақсатында әкімшілерге бағаларды қайта қарау туралы хаттар жіберілді. Нәтижесінде мемлекет қаражаты 51 820 теңгеге үнемделді, - дейді Назымбек Бекжанов.

Мониторинг барысында облыстағы бір ауданның бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің төрт кеңсе креслосын сатып алмақшы болғаны анықталды. Олар жиһаздың төрт данасын 95 800 теңгеге сатып алмақшы болды.

Десе де, елімізде орталық, жергілікті мемлекетті коргандар мен квазимемлекеттік мекемелерде үш жылдық мерзімге кеңсе заттарын сатып алуға тыйым салынған. Бұл олқылық бойынша ескерту хаттар жолданды. Кейін бағдарлама әкімшісі жиһазды сатып алудан бас тартты. «Ашық бюджет» жобасының арқасында бюджет қаражаты 95 800 теңгеге үнемделді, - дейді Назымбек Бекжанов.

Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын таппақ.


Өзгелердің жаңалығы