Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Соңғы қоңырау әдеттегідей дәстүрлі шара болғанымен өткізу форматы биыл ерекше болды.
Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұстаздар қауымы өз шәкірттері үшін Microsoft Teams бағдарламасы арқылы соңғы қоңырау салтанатын ұйымдастырды. Аталған бағдарлама көмегімен әр сынып оқушыларына жекелей өткізілген "қашықтықтағы қоңырау" өзіндік ерекшелігімен есте қалды.
Биыл мектеп қабырғасынан 63 түлек үлкен өмірге қадам баспақ. Елдің ертеңі болар шәкірттеріміздің алғашқы легіне қазірдің өзінде еліміз бен әлемнің ең таңдаулы деген оқу орындары шақырту жіберген. Мәселен, Еркебұлан Иманбаев есімді түлегіміз Абу-Даби қаласындағы Нью-Иорк университетіне түссе, Ұлан Сейітқалиев Корея, Катар мемлекеттері мен Мәскеу қаласындағы 3 бірдей университеттен, сондай-ақ Назарбаев университетінен шақырту алды. Жалпы алғанда 15 түлегіміз рейтингі жоғары халықаралық жоғары оқу орындарына шақырту алды. Солардың ішінде 9 түлегіміз іріктеудің екі сатысынан өтіп, соңғы шешімді күтіп отыр. Олардың есімдері де соңғы кезеңнің қорытындысы шыққаннан кейін аттестат тапсыру кезінде аталатын болады. 18 оқушы Назарбаев Университетінің даярлық курсына, Ұлан Сейітқалиев, Аружан Тұрсынханова есімді түлектеріміз аталмыш университеттің 1 курсына қабылданды.
Қашықтықтағы соңғы қоңырау салтанатында ұстаздардың жылы лебіздері, ата-аналардың ізгі тілектері мен түлектердің жүрекжарды алғыс сөздеріне де кезек берілді. Білім мен өнерде, қоғамдық –мәдени, спорттық шараларда жетістікке жеткен оқушыларымыздың есімдері аталып, мектеп өмірінен сыр шертетін әсерлі, мағыналы бейнематериалдар көрсетілді.Өтпелі оқу жылы біз үшін табысты өтті деуге болады. Жыл қорытындысы бойынша 89 шәкіртіміз оқу озаты атанса, 7 түлегіміз "Алтын белгіге", 7 түлегіміз "Үздік аттестатқа" аяқтағалы отыр. Біз бұл оқушыларымыздың есімдерін сыртқы бағалау нәтижесі бойынша мақтанышпен айтатын боламыз. 10 сыныптың 13 оқушысы үздік аттестат иесі атанып отыр. Көптеген оқушыларымыз өздерінің алғырлығы мен дарындылығының арқасында халықаралық, республикалық олимпиадаларда топ жарып, жеңімпаз, жүлдегер атанды. Осының барлығы білікті ұстаздардың өлшеусіз еңбектерінің жемісі, - дейді мектеп директоры Бағдан Қайыржанов.