Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мүшелерімен онлайн кездесу өткізді. Бұл туралы Сапархан Омаров өзінің блогында «Ашық үкімет» платформасының «Ашық диалог» порталында хабарлады.
Кездесу барысында Ауыл шаруашылығы министрі Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында Мемлекет басшысы жүктеген тапсырмаларды ведомство орындағанын мәлімдеп, кеңес мүшелерінің сұрақтарына жауап берді.
Министр ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі «жерді пайдалану мен қорғауға мемлекеттік бақылауды жетілдіру мәселелері бойынша ҚР кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заң жобасын әзірлегенін хабарлады. Бұл құжат бірқатар түзетулерді қамтиды. Атап айтқанда, мәжбүрлеп алынуға жататын ауыл шаруашылығы жерлерін пайдаланбау мерзімі екі жылдан бір жылға дейін қысқартылды. Заң жобасы мүдделі мемлекеттік органдарда келісілуде және жақын арада Үкімет пен ҚР Парламенті Мәжілісіне енгізілетін болады.
Бұған дейін ҚР Парламенті Мәжілісі ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі дайындаған пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер үшін базалық салық мөлшерін 10-нан 20 есеге дейін арттыруды көздейтін түзетулерді мақұлдады.