АШМ-ға қатысты тергеу басталды

15 Маусым 2021, 13:26
2224
Бөлісу:
АШМ-ға қатысты тергеу басталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР АШМ іс-әрекетінде бәсекелестікті шектеу белгілері анықталған.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі құс фабрикаларының өтініштерін қарау қорытындылары бойынша мемлекеттік органның бәсекелестікке қарсы іс-қимыл белгілері бойынша ауыл шаруашылығы министрлігіне (АШМ) қатысты тергеуді бастады. Монополияға қарсы заңнаманы бұзу белгілері ҚР АШМ іс-әрекетінде тауық жұмыртқасын өндірушілерге субсидия бөлу кезінде анықталды, - делінген хабарламада.

Ведомство тергеу нәтижелері бойынша тиісті баға берілетінін атап өтті.

Бұдан басқа, бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне келіп түскен өтініштің негізінде ҚР АШМ ауыл шаруашылығы жануарларын идентификациялау ережелеріне талдау жүргізілді. Онда малға арналған идентификациялау құралдарын (құлаққа тағатын сырғаларын) жеткізушілерге қойылатын талаптар қамтылды. Белгілі болғандай, осы талаптар әлеуетті өнім берушілердің мемлекеттік сатып алуға қол жеткізуіне жол бермейді екен. Өйткені онда ауыл шаруашылығы жануарларын идентификациялауды жүргізуге арналған қаражатты сертификатталған өнімі жануарлар туралы жазбаларды жүргізу жөніндегі халықаралық ұйымның (ICAR) интернет-ресурсында ұсынылған өндірушілер дайындайды делінген. Ал өз кезегінде Қазақстан нарығында өнімдері ICAR интернет-ресурсында көрсетілмеген малға арналған құлақ сырғаларын өндірушілер де бар, - делінген Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің хабарламасында.

Анықталған фактілер негізінде ҚР АШМ атына монополияға қарсы заңнаманы бұзу белгілерін жою туралы хабарлама да жіберілді.

Хабарлама заңнамада белгіленген мерзімде орындалмаған жағдайда бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі тергеп-тексеруді бастайды, - делінген агенттік ақпаратында.

Өзгелердің жаңалығы