АШМ-да етті мал шаруашылығын дамыту шаралары талқыланды

Бүгiн, 08:09
262
Бөлісу:
АШМ-да етті мал шаруашылығын дамыту шаралары талқыланды
Фото: Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі

Саланы дамытуға қатысты бизнес өкілдерімен талқылау аясында Ауыл шаруашылығы министрі А. Сапаров етті мал шаруашылығы өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Кездесу барысында жеңілдетілген қаржыландыру, саланы дамытуға арналған фискалдық құралдар, сондай-ақ тірі мал нарығын реттеудің артықшылықтары мен кемшіліктері талқыланды.

ҚР АШМ мемлекеттік қолдаудың тиімділігі мен ашықтығын арттыру бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізуде. Осыған байланысты селекциялық-асылдандыру жұмыстарына берілетін субсидияларды басқа қолдау құралдарымен алмастыру жоспарлануда. Атап айтқанда, ет комбинаттары мен бордақылау алаңдарына мал өткізуді субсидиялау нормативтерін өзгерту және саланы жеңілдетілген қаржыландырумен қамту мәселелері қарастырылып жатыр.

Етті мал шаруашылығы, аграрлық сектордың басқа да салалары сияқты, қолжетімді айналым қаражатына мұқтаж. Сондықтан биыл министрлік 15 ай мерзімге 5% жеңілдетілген несие беру бағдарламасын іске қосуды жоспарлап отыр. Бұдан бөлек, инвестициялық мақсаттағы несиелерді де жеңілдетілген мөлшерлеме бойынша қаржыландыру мүмкіндігі талқылануда.

Тағы бір маңызды мәселе – фискалдық шаралар.

Қазіргі уақытта белсенді талқыланып жатқан ҚҚС (Қосылған құн салығы) мәселесінен бөлек, фискалдық құралдардың ауыл шаруашылығы өнімдері нарығының “көлеңкеден шығуына” ықпал ететінін ескеру қажет. Әсіресе, дайындау кәсіпорындары үшін салықтық ынталандырулар артықшылыққа айналып, жүн, тері, жеміс-көкөніс өнімдерін жинау мен өңдеуге серпін бере алады, – деп түсіндірді "MB4" ЖШС директоры Азамат Шалмағамбетов.

Министр салықтық өзгерістерді мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдерімен жан-жақты талқылау қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы өнімдерін саудалауды "көлеңкеден шығару" шараларын ынталандыру – басым бағыттардың бірі екенін жеткізді.

Талқылаудың маңызды тақырыптарының бірі – ет, әсіресе сиыр еті бағасының өсуі болды.

Бұған дейін енгізілген әкімшілік тыйымдар мен шектеулер салаға кері әсерін тигізді. Тыйымдар мен квоталау салдарынан мал шаруашылығының рентабельділігі төмендеп, кей фермерлер мал өсіруді тоқтатуда, – деді «Ангус Қазақстан» республикалық палатасының директоры Дәурен Салықов.

Ауыл шаруашылығы министрі ет бағасының өсуінің негізгі себебін түсіндірді.

Ет бағасының өсуі ең алдымен алыпсатарлардың белсенділігімен байланысты. Олар түрлі жолдармен малды сыртқа шығарып отыр. Біз әкімшілік тыйымдардың саланың дамуына кедергі келтіретінін түсінеміз. Бірақ ІҚМ (ірі қара мал) нарығын ашу үшін ішкі нарықтың тұрақтылығын қамтамасыз ету маңызды. Шешу жолдарын бірге талқылаймыз, сіздердің ұсыныстарыңыз қарастырылады, – деді А. Сапаров.

Кездесу қорытындысы бойынша ҚР АШМ жанынан құрылған етті мал шаруашылығын дамыту жөніндегі жұмыс тобы аясында бизнес өкілдерімен кеңейтілген талқылаулар өткізіледі.

Өзгелердің жаңалығы