АШМ: Былтыр елімізде 26,7 млн тонна астық жиналды

Кеше, 23:18
185
Бөлісу:
АШМ: Былтыр елімізде 26,7 млн тонна астық жиналды
Фото: BAQ.KZ - архив

АҚШ Ауыл шаруашылығы министрлігі (USDA) мен ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің (АШМ) Қазақстандағы астық өнімділігі бойынша деректеріндегі 8 млн тонна айырмашылық туралы мәлімдемелер шындыққа сәйкес келмейді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі мәлімдеді.

USDA мәліметі бойынша Қазақстан 18 млн тонна астық жинаған, бұл тек бидайға қатысты дерек. Ал ҚР АШМ-нің 26,7 млн тонна туралы дерегі – бұл бидайды қоса алғанда, дәнді және дәнді-бұршақты дақылдардың (арпа, сұлы, асбұршақ, жасымық және т.б.) жалпы өнімі. ҚР АШМ өз ресми хабарламаларында 2024 жылғы жалпы өнімге дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар кіретінін үнемі ашық көрсетіп келеді, мұндай бірлескен есеп ауылшаруашылық статистикасында қалыпты тәжірибе болып саналады.

Облыс әкімдіктерінің жедел мәліметтері бойынша дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар 16,7 млн га аумақтан жиналып, орташа өнімділік 16,1 ц/га құрап, 26,7 млн тонна өнім бастапқы салмақта алынды. Сонымен қатар "Ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімін жинау туралы" статистикалық нысанға сәйкес деректер ауылшаруашылық тауар өндірушілерінен өз орналасқан жеріндегі статистика органдарына жылына бір рет беріледі. Қорытынды мәліметтер ҚР Ұлттық статистика бюросының сайтында ақпан айының басында жарияланады. Бастапқы салмақтағы деректер рефакцияны ескере отырып, қорытынды деректерден орта есеппен өзгеше болуы мүмкін.

2024 жылғы өнім туралы деректердің асыра көрсетілгені туралы пікірлердің дәлелдері су тасқыны салдарынан өнімділік төмендеді деген тұжырымға негізделген. Алайда су басқан аумақтар ауылшаруашылық жерлерінің аз ғана бөлігін (3,8 мың га) қамтыды, бұл шығындарды комиссия растады. Бұған қоса, көптеген топырақтар ылғалды тез сіңіреді, ал оның жеткілікті мөлшері жоғары өнім алуға ықпал етеді. Минералдық тыңайтқыштар мен ауылшаруашылық техникасының жетіспеушілігі туралы басқа дәлелдер де негізсіз. Мемлекеттік қолдау шараларының арқасында минералдық тыңайтқыштарды енгізу көлемінің оң динамикасы байқалады. Соңғы 5 жылда тыңайтқыштарды қолдану көлемі 2020 жылғы 600 мың тоннадан 2024 жылы 1,2 млн тоннаға дейін 2,2 есеге артты (осы кезеңде субсидия көлемі 27,3 млрд теңгеден 46,4 млрд теңгеге дейін 1,7 есеге өсті), - деді ведомство.

Сондай-ақ ауылшаруашылық техникасын жаңарту қарқыны бойынша да өсім бар. 2024 жылдың қорытындысы бойынша сала техника паркін жаңарту деңгейін 5,5%-ға жеткізді, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 1 пайыздық пунктке жоғары. 2024 жылы жалпы сомасы 120 млрд теңге болатын, сыйақы мөлшерлемесі жылдық 5% және 7 жыл мерзімге жеңілдетілген лизинг бағдарламасы іске қосылды. Фермерлер 2024 жылы 22 мың бірлік техника сатып алды, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 12%-ға көп.

Ауылшаруашылық дақылдарының ауруларымен күресу үшін де қажетті шаралар қабылданды – өсімдіктерді қорғау құралдарын сатып алуға 5% мөлшерлемемен айналым қаражаты беріліп, пестицидтерге субсидия көлемі 35,9 млрд теңгені құрады.

ҚР АШМ саладағы статистиканың ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз етуге тырысады. Осы мақсатта 2024 жылы Ұлттық статистика бюросымен бірлесіп, жалған деректерді қысқарту бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді. Сондай-ақ, министрлік жергілікті атқарушы органдардың жұмысының сапасын бағалауда саланың ЖІӨ көрсеткіштерінен бас тарту туралы бастама көтеріп келеді. Ресми материалдарға сенім артып, ақпарат көздері мен авторларды таңдауға мұқият қарауды сұраймыз, - делінген министрлік таратқан хабарламада.

Өзгелердің жаңалығы