Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілқайыр Тамабек мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Облыс әкімдерінің деректеріне сәйкес, дәнді дақылдардың жалпы түсімінің болжамы 18,3 млн тоннаны, оның ішінде, бидай 13,4 млн тоннадан астам деңгейде жиналады деп күтілуде. Одан басқа, республикада 3,1 млн тонна көлемінде астық қалдығы бар. Оның ішінде, 2,5 млн тоннасы – бидай. Қалдықтарды ескере отырып, жалпы астық жинаудың күтілетін ішкі қажеттілігін толық қамтамасыз ету, сондай-ақ астықтың белгілі бір көлемін экспортқа өткізу және сәйкесінше, біздің дәстүрлі нарықта сауда позицияларын сақтау үшін жеткілікті, - деп атап өтті вице-министр.
Еске сала кетейік, бұған дейін ведомство өкілі дизель отынының бағасы туралы айтқан болатын. Белгілі болғандай, егін жинау жұмыстарын кедергісіз әрі уақытында бастау үшін ауылшаруашылық тауар өндірушілеріне 423,5 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінген. Қазіргі уақытта облыс операторлары дизель отынының қыркүйек айындағы көлемі үшін шарттар жасасу, төлеу және жөнелту рәсімдерін жүргізіп жатыр.