Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі «Атамекен» ҰКП-ның АӨК және тамақ өнеркәсібі комитеттерінің бірлескен отырысында алғаш рет АӨК дамытудың 2026 жылға дейінгі ұлттық жобасының тұжырымдамасын таныстырды, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.
Іс-шараға Қазақстанның барлық өңірлерінен 350-ден астам ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер, ғылыми ұйымдардың, фермерлердің салалық қауымдастықтары мен одақтарының өкілдері, сондай-ақ БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) сарапшылары қатысты.
Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров құттықтау сөзінде АШМ тұжырымдаманы талқылауға ашықтығын және АӨК саласы үшін ұлттық жобаны әзірлеудің маңыздылығын атап өтті.
Сондай-ақ, ҚР АШМ басшысы маңызды құжатты әзірлеуге ФАО сарапшылары мен АШМ, «Атамекен» ҰКП, бизнес және ғылым өкілдерінен құралған арнайы жұмыс топтары тартылғанын хабарлады.
Бірлескен отырыс барысында Ұлттық жобаның тұжырымдамасын ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Рүстем Құрманов таныстырды. Ол құжат АӨК-ін дамытудың 15 басым бағытынан тұратынын, олардың әрқайсысы бойынша нақты шаралар мен индикативтер көзделгенін хабарлады.
Жоба АӨК саласы қызметкерлерінің табысын екі есеге арттыруға, 1 млн-нан астам ауыл тұрғынын тұрақты табыспен қамтамасыз етуге, өндірістік экожүйеге 350 мың фермерлік және үй шаруашылықтарын тартуға, сондай-ақ 70 мың отбасылық аграрлық шаруашылықты құруға бағытталған, - деді вице-министр.
Сондай-ақ, Рүстем Құрманов құжаттың негізгі жаңалықтарын – бұл фермерлерге несие беру жолдарын мен қаржыландыру құралдарын кеңейту, цифрландыру арқылы ресурстарға ашық және әділ қол жеткізуді қамтамасыз ету, мемлекеттік қолдау шараларының тұрақтылығы мен сабақтастығын бекіту, өңірлердің мамандануын ескере отырып субсидиялар бөлу, экспорттаушыларды қолдаудың оңтайлы жүйесін енгізу, агроөнеркәсіптік кешен субъектілерінің білімін тарату жүйесін жетілдіру және т. б. атап өтті
Ұлттық жобаның тұжырымдамасын талқылау барысында кәсіпкерлер мен фермерлер бірқатар ескертулер мен ұсыныстар айтты. Олардың барлығы Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы алаңында жобаны қайта талқылау алдында ескерілетін болады.