Әшірбаев: Біздің басты құжатымыз – сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес стратегиясы

16 Маусым 2021, 14:04
2817
Бөлісу:
Әшірбаев: Біздің басты құжатымыз – сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес стратегиясы

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Тәуелсіз мемлекетіміздің тарихында сыбайлас жемқорлық әрекеттерімен күрес мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Бұл – ел дамуын, өркендеуін қамтамасыз ететін мыңызды шара.

Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы Әділхан Әшірбаев айтып берді. Оның сөзінше, сала мамандары осы бағыттағы заңнамаларды жетілдіру, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және қылмыстық-құқықтық сипаттағы іс-қимылдарды ұтымды үйлестіру жұмыстарын үздіксіз атқарып келеді.          

Жылдың басынан бері өңірде жалпы 24 қылмыс тіркелді. Бұл көрсеткіш былтыр 46 болған. Биылғы құқықбұзушылықтардың ішінде 1-еуі облыс деңгейіндегі басшыларға қатысты болса, 1-еуі қала және аудан деңгейіндегі басшыларға қатысты. Мемлекеттік бағдарламаларды сүйемелдеу барысында қаражаттарды ұрлаудың 7 дерегі анықталса, кәсіпкерлердің құқықтары қорғауға байланысты 2 қылмыс орын алды. Сыбайлас жемқорлық деректерінің жүйелі түрлері бойынша 3 оқиғаны тіркедік. Бұлардан 65 млн теңгеден астам залал анықталып, оның 59 млн теңгеге жуығы өндірілді, - деп атап өтті ведомство басшысы.

Ол соңғы айларда Жамбыл облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі арқылы сотқа 11 арыз жолданып, 14 тұлғаның қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын айтты. Жалпы қылмыстың, оның түрлерінің және оларды жасаға лауазымды азаматтардың азаю дерегі департамент ұжымы тарапынан жүргізіп жатқан жұмыстарының арқасында деп түсіндірді жауапты маман. Өйткені қазір олар, ең біріншіден, қылмыстың алдын алуға бағытталған, яғни профилактикалық шараларға аса маңызды көңіл бөлу үстінде.

Біздің басты құжатымыз – сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес стратегиясы. Оны іске асыру мақсатында кезең-кезеңімен жоспар әзірленіп, нақты шаралар қолға алынуда. Нақтылай айтатын болсам, мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді бір орынға шоғырландыру арқылы олардың мерзімдерін едәуір қысқартуға күш салынып жатыр. Сондай-ақ тұрғындардың уақыттарын үнемдеу, сапалы кеңестер беру және «бір терезе» қағидасы бойынша қызметтер көрсету принципі негізінде былтыр, алдыңғы жылдары мемлекеттік органдарда 12 «Сервистік әкімдіктер», 3 «Ашық әкімдіктер» орталықтары ашылды. Жалпы саны 64 мемлекеттік орган «Оpen space» форматында қайта жабдықталып, ашық кеңседе жұмыс істей бастады, - деді Әділхан Қасымханұлы.

Десе де, аймақтағы Талас ауданында орналасқан «Сервистік әкімдіктің» жұмысы формальды түрде ғана атқарылуда. Халыққа қызмет көрсету залы талаптарға сәйкес келмейді екен. Кейбір ауданда осындай мекемелерге жүгінген тұлғалардың есебі жүргізілмейтін көрінеді, олардың мәселелеріне талдау жасалмайды. Жауапты маман осы іспетті талдау нәтижелерін сараптап, жоспардың бірқатар тармағы тиісті деңгейде орындалмай отырғанын да жасырмады. Бұдан басқа, Тараз қаласы мен аудандарда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша арнайы ақпараттық үгіт-насихат топтары құрылмаған. Мектеп директорларының ата-аналар алдында есеп беруі толық жүзеге асырылмайды. Мәселен, Т.Рысқұлов пен Меркі аудандарындағы білім беру ұйымдары басшыларының оқушылардың ата-аналары алдында бюджеттен бөлінген қаражатты жұмсауы жөнінде есеп беру кездесулері өтпеген.

Тараз қаласы мен Меркі, Жуалы, Т.Рысқұлов, Байзақ аудандарының білім бөлімдері мектеп оқытушылары мен ата-аналардан ақша жинау фактілерін анықтау бағытындағы жасырын сауалнаманы жүргізбеген. Жамбыл облысы әкімдігінің жастар саясаты басқармасы Тараз қаласы мен аудан әкімдерімен бірлесіп, жастар ұйымдарының арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру жөніндегі жұмыс жоспарын бекітуі қажет болатын. Алайда ол да әлі күнге атқарылмаған болып шықты, - деді департамент басшысы.

Жергілікті ішкі саясат басқармасы да Тараз қаласы мен аудан әкімдерімен бірлесіп, ҮЕҰ арасында қоғамдық бақылауды күшейтуге және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында жұмыс істеуі керек болған. Дегенмен, аталған бағыттағы жұмыстар Жамбыл, Т.Рысқұлов, Қордай және Мойынқұм аудандарында жүргізілмеген. Тараз қаласы мен аудандарда ҮЕҰ тарапынан іске асырылған жобалардың сапасының төменділігі байқалады. Мәселен, мақсатты аудиториялары зерделенбеген, қоғамдық бақылау шаралары тиісті деңгейде ұйымдастырылмаған, қоғам пікірін ескере отырып елді мекендердегі жемқорлық деңгейін анықтау қолға алынбаған.

Әділхан Әшірбаев, сонымен қатар Тараз қаласы мен аудан әкімдіктері әлеуметтік тапсырысты ұтып алған ҮЕҰ-ның атқарған жұмыстары туралы ақпараттарды жарияламағанын айтты. Бұл ретте тапсырыс берушілер тарапынан бақылау жоқтығы байқалыпты. Ол осы тапсырыстарды орындау кезінде бюджет қаржысының мақсатты пайдалануына аудит жүргізуді ұсынды. Сондай-ақ Тараз қаласы мен аудандарда ҮЕҰ мен «Адалдық алаңы» жобалық кеңселері бірлесіп жұмыс істемеген. Жамбыл облысы әкімдігінің жер қатынастары басқармасы Тараз қаласы мен аудан әкімдіктерімен бірлесіп жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесін алуға кезектіліктің бірыңғай тізімін енгізу, жер учаскелерінің нысаналы мақсаттарын өзгерту рәсімдерін оңтайландыру бөлігін жетілдіру бойынша тиісті атқарушы органдарға ұсыныстар енгізуі керек-тін. Алайда ол да толық зерделенбеген, жоспар орындалмаған.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг және талдау жүргізу бағытындағы іс-шаралар формальді түрде ғана өткізіледі. Бұған басқармалар мен аудан әкімдіктерінің ішкі талдау жұмыстарының нәтижесінде сыбайлас жемқорлық жасауға ықпал ететін тәуекелдердің мүлдем анықталмайтыны, талдамалық анықтамаларда тек кадрлық ақпараттар мен статистикалық мәліметтермен шектеліп отыратыны негіз бола алады. Демек, әлі де формальді көзқарас орын алуда, - деген Әділхан Қасымханұлы цифрлық технологияларды енгізу мәселеріне де қысқаша тоқталды. 

Бұл орайда, ауыл шаруашылығы саласындағы «қолдау» базасын жақсартуға ден қою керек. Өйткені базада кезек проблемасы шешілмеген. Субсидияларды жыл сайын белгілі бір шаруа қожалықтары ғана алады.

Денсаулық сақтау саласына келсек, ауруханаға жатқызу бюросы да формальды түрде жұмыс істейді. Медицина мекемелеріне науқастарды жатқызу кезегі автоматтандырылғанымен, кезек қолмен реттеледі. Бұдан бөлек жоспардың орындалуы туралы ақпараттар уақытылы, толық, сапалы берілмейді, көзделген іс-шаралардың орындалғандығын растайтын материалдар ұсынылмайды.

Сонымен қатар жауапты маман өткен жылы сыбайлас жемқорлыққа аса бейім салаларды анықтау мақсатында жасалған кешенді мониторингтің қорытындыларын еске салды. Былтыр сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін 49 азамат қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Бұл ретте көбіне әкімдіктер мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметшілері құқықбұзушылықтарға барыпты. Содан соң ішкі істер органдарының қызметкерлері сыбайластыққа жол берген.

Жасалған қылмыстардың бөлінісіне келсек, 14-і пара алу, 12-сі лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалану, 9-ы иемдену немесе талан-таражға салу, 8-і алаяқтық, 4-уі пара беру, 1-уі билікті немесе лауазымдық өкілеттікті асыра пайдалану, тағы 1-уі қызметтік жалғандық баптары негізінде істі болған. Ал тәртіптік тәжірибе туралы айтсам, мемлекеттік қызметке кір келтірген теріс қылықтары үшін 78 қызметші тәртіптік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде басым бөлігі әкімдіктер мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің, ішкі істер органдарының қызметкерлері, - деді Әшірбаев.

Ол жергілікті атқарушы орган қызметкерлері жол берген бұзушылықтарға да тоқталды. Мәселен мемлекеттік сатып алу саласында іс жүзінде орындалмаған жұмыстарды қабылдау кезінде актілерге қол қойылған. Жер қатынастары саласында жер учаскелерін уақытша пайдалану құқығын негізсіз беру, әлеуметтік салада мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз тағайындау деректері көп. Ал ішкі істер саласы мамандарының арасында сыбайлас жемқорлық қылмыстары көп жағдайда бопсалау және жеке тұлғалардан пара алу түрінде орын алған.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы кешенді мониторингтің нәтижесі ауыл әкімдерінің, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жер қатынастары, білім және әлеуметтік сала қызметкерлері сыбайлас жемқорлыққа бейім екендіктерін көрсетті. Заңға сәйкес сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды өз құзыреті шегінде барлық мемлекеттік орган, ұйым, квазимемлекеттік сектор субъектісі мен лауазымды тұлға жүргізуге міндетті, - деген департамент басшысы былтыр Transparency International жүргізген зерттеудің қорытындысы бойынша Жамбыл облысында мемлекеттік емханалар мен ауруханалар жемқорлық ең көп тараған мекемелер саналғанын да мәлімдеді. 

Қазір Жуалы Жамбыл аудандарының осы саладағы бірнеше лауазымды тұлғасына қатысты қылмыстық іс материалдары сотқа жолданыпты.

Алайда тиісті басқарма басшылығы тарапынан сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг, ішкі талдау, жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, бағынысты ұйымдарда комплаенс қызметін құру, сыбайлас жемқорлықтың салдарларын жою бойынша шаралар қабылданбай жатқан көрінеді. Спикердің сөзінше, бұл мәселеге қатысты бірнеше рет хат жолданған, яғни аталған органда сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыс өте төмен деңгейде.

Әділхан Қасымханұлы биылғы наурызда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне өзгерістер енгізу туралы» заңға қол қойылғанын атап өтті. Ондағы жаңалық – мемлекеттік органдар басшыларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі шараларды қабылдамауы 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салуды көздейді екен. Сонымен қатар бұл жағдай мемлекеттік қызметтен босатуға әкеліп соғады.

Өзгелердің жаңалығы