Әшімбаев Волкан Бозкырмен кездесті

9 Шілде 2021, 21:32
2563
Бөлісу:
Әшімбаев Волкан Бозкырмен кездесті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев БҰҰ Бас Ассамблеясы 75-сессиясының төрағасы Волкан Бозкырды қабылдады.

Кездесу барысында Қазақстанның БҰҰ-мен және оның құрылымдық бөлімшелерімен өзара іс-қимыл мәселелері сөз болды.

Біріккен Ұлттар Ұйымымен өзара тығыз байланыс орнату Қазақстанның сыртқы саясатындағы басым бағыттардың бірі. Бүгінде Қазақстанда Ұйым бөлімшелерінің 27 өкілдігі жұмыс істейді, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар Сенат Спикері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде іске асырылып жатқан маңызды саяси және демократиялық реформаларға тоқталып өтті.

Кездесуде БҰҰ-ның тұрақты даму мақсаттарын іске асыру мәселелері де талқыланды. Сенат Төрағасының айтуынша, биылғы жылдың басында Аталған Мақсаттардың индикаторларын ұлттық мүддеге сәйкестендіру аяқталған. Міндеттердің шамамен 80 пайызы еліміздің стратегиялық жоспарлау құжаттарына сай интеграцияланған. Сенат Спикері сол Мақсаттарды іске асыруда Парламент депутаттары үлкен рөл атқаратынын айтты.

Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуде ұлттық Парламенттердің маңызы аса зор. Депутаттар тиісті заңдарды қабылдай отырып, көзделген міндеттерді орындауды қамтамасыз етеді. Осы ретте Қазақстан сенаторлары Тұрақты даму мақсаттарын іске асыру жолында ынтымақтасуға және ықпалдасуға дайын екенін жеткізгім келеді, – деді Мәулен Әшімбаев.

Кездесу соңында Сенат Төрағасы БҰҰ Бас Ассамблеясының Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күніне арналған дәстүрлі пленарлық отырысын өткізу жоспарға енгізілгені үшін мейманға ризашылығын білдірді. Мәулен Әшімбаев Қазақстанның бұл күнге ерекше мән беретінін айтты. Сондай-ақ, ол 29 мамыз Семей полигонының ресми түрде жабылған күні екенін, бұл Қазақстан үшін ғана емес, барша адамзат үшін тарихи маңызға ие дата саналатынын тілге тиек етті.

Өзгелердің жаңалығы