Әшімбаев Швейцарияның қазақстандағы елшісімен кездесті

1 Желтоқсан 2023, 15:29
463
Бөлісу:
Әшімбаев Швейцарияның қазақстандағы елшісімен кездесті
Фото: Сенаттың баспасөз қызметі

Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев Швейцария Конфедерациясының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Салман Балмен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Сұхбат барысында тараптар екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту мәселелерін талқылады.

Сенат спикері елші Салман Балды Қазақстандағы қызметінің басталуымен құттықтап, Швейцария Конфедерациясы еліміздің Еуропадағы маңызды саяси және экономикалық серіктестерінің бірі екенін атап өтті. Осыған орай ол халықаралық ұйымдар аясында екі елдің парламентаралық байланысын жандандырудың маңыздылығына назар аударды.

Қазақстан Парламенті Швейцариямен парламентаралық ынтымақтастықты дамытуға мүдделі. Мұндай байланыс екіжақты қарым-қатынастың маңызды бөлігі екені анық. Біздің Парламенттің екі Палатасында да Швейцария Парламентімен достық топтары жұмыс істейді. Олардың әлеуетін белсенді пайдалануымыз керек. Осы орайда Парламент делегацияларының өзара сапарларын ұйымдастыруға, сондай-ақ, Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымының Парламенттік Ассамблеясы, Парламентаралық Одақ сияқты халықаралық ұйымдар шеңберінде Швейцария депутаттарымен ынтымақтастықты дамытуға мол мүмкіндік бар, – деді Мәулен Әшімбаев.

Кездесу барысында Палата төрағасы Қазақстан мен Швейцария арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толғанын, осы уақыт ішінде екіжақты ынтымақтастық нығайып, түрлі салаларда бірлескен жобалар мен бағдарламалар табысты іске асырылғанын атап өтті.

Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде іске асырылып жатқан ауқымды саяси жаңғырту бағдарламасының нәтижелеріне назар аударды.

Сенат Төрағасы рухани дипломатияны дамыту мәселесіне де баса мән берді. Осы орайда ол Швейцарияға Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезіне белсенді қолдау көрсетіп, Форум мақсаттарына қол жеткізуге елеулі үлесі қосқаны үшін ризашылығын білдірді.

Өз кезегінде елші Қазақстанда жүргізіліп жатқан қоғамдық-саяси өзгерістерді жоғары бағалап, екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі екенін білдірді.

Өзгелердің жаңалығы