Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев «Қазақстан: Орталық Азияның транзиттік хабы» атты көлік-логистика саласын дамытуға арналған семинардың ашылуына қатысты. Іс-шара Сенаттың бастамасымен Президент Әкімшілігімен бірлесіп қолға алынған жаңа жоба аясында ұйымдастырылып отыр.
Бұл бастама – Палатаның сарапшылардың талдау дағдысын жетілдіруге және кәсіби құзыреттерін арттыруға арналған оқыту курстарының жалғасы. Жаңа жобаға қатысушылар қатарында Сенат жанындағы Сарапшылар клубының мүшелері және осы салада белсенді қызмет атқарып жүрген Талдау мектебінің түлектері бар. Олардың жалпы саны шамамен 50 адамды құрайды.
Сенат төрағасы өз сөзінде Қазақстанның бірегей географиялық жағдайы Қытай мен Еуропа арасындағы құрлықтық транзиттің 80 пайызын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Сондай-ақ ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бәсекелік артықшылықты тиімді іске асыру стратегиялық міндет екенін үнемі айтып келе жатқанын тілге тиек етті.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздің транзиттік-көліктік әлеуетін барынша тиімді пайдалану маңызды міндет екенін үнемі айтып келеді. Қазақстанның және тұтас өңірдің экономикалық әлеуетін іске асыру көбіне көлік инфрақұрылымының сапасы мен тиімділігіне, сондай-ақ, серіктес мемлекеттермен үйлестіру деңгейіне байланысты. Қазіргі таңда халықаралық сауда үшін өзара тиімді әрі болашағы зор бағытқа айналып келе жатқан Транскаспий халықаралық көлік бағыты – Middle Corridor қарқынды дамып келеді. Бүгінгі геосаяси жағдайда бұл маршруттың стратегиялық маңызы зор. Сонымен қатар еліміздің көлік-логистикалық әлеуетін дамыту бағытында әлі де ауқымды міндеттер бар екенін айтуымыз керек. Бұл жұмысты талдамалық тұрғыдан ілгерілету де ерекше мәнге ие. Соның аясында жаңадан қолға алынып жатқан оқыту жобасы осы салаға серпін береді деп сенемін, – деді Мәулен Әшімбаев.
Сондай-ақ семинарға Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Әсел Жанасова, көлік-логистика саласының сарапшылары және елдегі тауар жеткізу тізбегі мен көлік дәліздерінің барлық буынының жұмысын қамтамасыз ететін компаниялардың өкілдері қатысты.
24 сәуір мен 2 мамыр аралығында өтетін «Қазақстан: Орталық Азияның транзиттік хабы» атты оқыту курсында қатысушылар инфрақұрылым, логистика және ағындарды басқару салаларында шешім қабылдаудың негізгі қағидаттарын талқылап, пікір алмасады. Сондай-ақ еліміздің стратегиялық транзиттік хаб ретіндегі рөлі туралы кешенді талдаулар жүргізеді. Қатысушыларға логистика саласындағы ұлттық компаниялардың басшылары мен сарапшылар дәріс оқиды.
Айта кетейік, Taldau community қауымдастығы бұған дейін Ұлттық банкпен бірлесіп, ақша-кредит саясаты туралы, сондай-ақ, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен бірге Big Data мен жасанды интеллектіні қолдану мәселелері жөнінде курстар өткізген еді. Сонымен бірге Гарвард түлектері қауымдастығының қолдауымен келіссөздер жүргізу дағдылары мен стратегиялық коммуникациялар тақырыбына арналған тренинг ұйымдастырды.