Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев өрт сөндірушілердің өкілеттігін кеңейту туралы депутаттар ұсынысына пікір білдірді. Астанада болған қайғылы оқиғадан кейін құтқарушыларға шлагбаумдарды бұзып, жолды бөгеген көліктерді ығыстыруға құқық беру мәселесі көтерілген, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сенат кулуарында Әшімбаев бұл оқиғаның салдарынан балалар қаза тапқанын айтып, мұндай жағдайлар төтенше қызметтердің жұмыс тәсілдерін қайта қарауды талап ететінін атап өтті.
Әрине, төтенше жағдайларда тиісті қызметтердің өз міндеттерін кедергісіз атқаруына мүмкіндік беретін тетіктер қажет. Мұнда белгілі бір нюанстар бар, бөгде мүлік мәселесі бар. Алайда сөз адам өмірі мен қауіпсіздігі туралы болғанда, қызметтердің өз функцияларын кедергісіз орындауына жағдай жасайтын нақты механизмдер болуы тиіс, – дейді Мәулен Әшімбаев.
Ол сондай-ақ заңнамаға енгізілуі мүмкін өзгерістерді жан-жақты пысықтау қажет екенін айтады. Яғни, қандай жағдайда және қандай көлемде бөтен мүлікке қатысты әрекеттерге жол берілетіні нақты регламенттелуі тиіс. Сенат төрағасының пікірінше, мұндай өзгерістер қажет болуы мүмкін.