Әшімбаев Өмірбек Байгелдімен қоштасу рәсіміне қатысты

5 Сәуір 2024, 12:44
243
Бөлісу:
Әшімбаев Өмірбек Байгелдімен қоштасу рәсіміне қатысты
Фото: Сенаттың баспасөз қызметі

Сенат спикері Мәулен Әшімбаев көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Парламент Сенатының тұңғыш төрағасы, «Отан» орденінің иегері, академик Өмірбек Байгелдіні соңғы сапарға шығарып салу рәсіміне қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында өткен қоштасу рәсіміне марқұмның жақын туыстарымен бірге достары, әріптестері және серіктестері қатысты.

Палата төрағасы алдымен, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың көңіл айту жеделхатын оқып берді.

Өмірбек Байгелдіұлы егемендіктің берік іргетасын қаласқан тұғырлы тұлға, Отанымыздың дамуына қажырлы еңбек сіңірген ұлтжанды азамат болды. Қазақстан Республикасы Парламентінің қалыптасуына зор үлес қосты. Ғибратты ғұмыр иесі өзінің нағыз парасатты тұлғаға тән қадір-қасиетімен барша жұрттың сый-құрметіне бөленді. Соңына жарқын із қалдырған Өмірбек Байгелдіұлының есімі мен бейнесі халқымыздың жадында мәңгі сақталады, – делінген жеделхатта.

Өз сөзінде Мәулен Әшімбаев Өмірбек Байгелдінің жан-жақты және азаматтық ұстанымы берік тұлға болғанын атап өтті. Ол ұлттық парламентаризмнің қалыптасуы мен дамуына үлкен үлес қосты. Өмірбек Байгелді Парламент Сенатында қызмет атқарған кезеңде қабылданған заңдар Қазақстанның мемлекеттілігі мен Тәуелсіздігін нығайтуға тікелей әсер еткені анық. Палата Спикері осы істің бәрінде қайраткер тұлға нағыз отаншылдықтың, ұлтқа қызмет етудің озық үлгісін көрсеткенін тілге тиек етті.

Қаралы жиынға Парламент Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошанов, Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова, Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, Парламент Палаталарының депутаттары, мемлекет және қоғам қайраткерлері және БАҚ өкілдері қатысты.

Айта кетейік, Өмірбек Байгелді Сенатта 16 жылдан астам уақыт еңбек етті. Ол Парламент Сенатының бірінші, екінші, үшінші және төртінші шақырылымында депутат болды.

Өмірбек Байгелді Астана маңындағы Ұлттық пантеонға жерленеді. Ол жерге көрнекті мемлекет қайраткерлері, ғылым және мәдениет өкілдері, Қазақстанның дамуына айтарлықтай үлес қосқан тұлғалар жерленетіні белгілі.

Өзгелердің жаңалығы