Әшімбаев Мұсылман ақсақалдар кеңесінің бас хатшысымен кездесті

9 Қараша 2022, 16:25
815
Бөлісу:
Әшімбаев Мұсылман ақсақалдар кеңесінің бас хатшысымен кездесті

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Мұсылман ақсақалдар кеңесінің Бас Хатшысы Мұхаммед Әбделсаламмен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

 Кездесу барысында жаһандық дінаралық және өркениетаралық диалогты ілгерілету жөніндегі алдағы өзара іс-қимыл мәселелері сөз болды.

Сенат Спикері Мұхаммед Әбделсаламға биыл қыркүйек айында Астана қаласында өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезіне қатысқаны үшін алғысын білдірді. Сондай-ақ ол Мұсылман ақсақалдары кеңесінің әлемдегі бейбітшілікті, бірлікті және діни төзімділікті сақтауға қосып келе жатқан үлесін ерекше атап өтті.

Мәулен Әшімбаев Кеңестің мұсылман қауымдастығында бейбітшілікті нығайту, діни экстремизмге қарсы тұру және дәстүрлі ислам құндылықтарын дәріптеу жолында ауқымды жұмыс атқарып келе жатқанын тілге тиек етті.

Сонымен қатар Сенат Төрағасы бүгінде Қазақстанда Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2023-2033 жылдарға арналған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезін дамыту тұжырымдамасы әзірленіп жатқанын айтты. Бұл құжатта форумды одан әрі дамытудың нақты қадамдары мен кезеңдері белгіленеді.

Өз кезегінде Мұхаммед Әбделсалам Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің беделі мен рөліне, сондай-ақ, Қазақстанның әлемдегі конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамытуға қосып отырған үлесіне назар аударды.

Айта кетейік, Мұсылман ақсақалдары кеңесі тәуелсіз халықаралық ұйым. Оның қызметі мұсылман қауымдастықтарындағы бейбітшілікті нығайтуға, діни шиеленісті азайтуға және төзімділікті арттыруға ықпал етуге бағытталған.

Өзгелердің жаңалығы