Әшімбаев: "Көрпеге қарай көсілу" алдағы кезеңге арналған маңызды міндет

20 Қыркүйек 2024, 16:30
620
Бөлісу:
Әшімбаев: "Көрпеге қарай көсілу" алдағы кезеңге арналған маңызды міндет
Фото: сенат

Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата жанындағы Сарапшылар клубының отырысы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Онда сарапшылар Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында айтылған экономикалық дамудың негізгі басымдықтарын және Президент жүктеген міндеттерді іске асыру жолындағы бірлескен жұмыстың форматын талқылады. Іс-шараға Қазақстанның Қаржы министрі Мәди Тәкиев қатысты.

Отырысты ашқан Мәулен Әшімбаев биылғы Жолдау Мемлекет басшысы жүргізіп отырған реформалардың қисынды және дәйекті жалғасы екенін атап өтті.

Сондай-ақ Сенат төрағасы экономикалық реформалардың маңызына тоқталып, кейінгі бес жылда республикалық бюджеттің кірісі 80 пайызға артқанын тілге тиек етті. Алайда, бұл оң үрдіс бюджет шығыстарының өсуімен сәйкес келмейді. Яғни шығыстар кірістерден екі есе көп.

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Жолдауда экономикалық блокқа баса мән берді. Атап айтқанда, мемлекеттің ақша-несие және фискалды саясаты арасындағы үйлесімсіздікті жою мәселесіне ерекше тоқталды. Бұл бағытта біз көрпеге қарай көсілуіміз керек. Алдағы кезеңге арналған басты месседж осы болуға тиіс. Сондықтан бізге кірістерді теңгерімді ұлғайту қажет, – деді Палата спикері.

Талқылау барысында Мәулен Әшімбаев бюджет шығыстарын Ұлттық қор қаражаты есебінен жабу мәселесіне алаңдаушылық білдірді. Сенат Төрағасы салық базасын дамыту және арттыру үшін жаңа ынталандыру шаралары қажет екенін айта келе, Палата мен сарапшылардың осы саладағы бірлескен жұмысының басым бағыттарына назар аударды.

Салық кодексін әзірлеу кезінде жеке табыс салығының сараланған мөлшерін енгізу және салық жеңілдіктерін оңтайландыру мүмкіндігін қарастыру керек. Барлық сәйкессіздік пен олқылықты дер кезінде жою қажет. Өйткені бизнес нақты ойын ережелерін талап етеді. Сондықтан жазалау тәсілінен бас тарту және тәуекелдерді басқару жүйесін жетілдіру маңызды. Бұл бизнесті одан әрі дамытуға және салық базасын ұлғайтуды ынталандыруға мүмкіндік береді. Экономикалық даму үшін тиісті, оның ішінде энергетикалық инфрақұрылым қажет. Бұл ретте энергетика көздерін жаңғыртудың мәні зор. АЭС салудың қаншалықты өзекті екені де осындай мәселелерден туындайды, – деп, Мәулен Әшімбаев мүдделі тараптарды Палатаның заң шығару жұмысына қатысуға шақырды.

Өз кезегінде Қаржы министрі Мәди Тәкиев ұлттық экономикалық әлеуетті дамыту, бюджет тапшылығын азайту және қазіргі өзекті проблемаларды еңсеруді көздейтін кешенді шаралар туралы айтты. Сондай-ақ ол Ұлттық қор активтерін ұлғайту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға және мемлекеттік бюджеттің тиімсіз жұмсалуына қарсы күрес жүргізу бағытында қолға алынған тетіктерге тоқталып өтті.

Кездесу барысында Сенат жанындағы сарапшылар клубының мүшелері – «Zertteu Research Institute» коммерциялық емес ұйымының тең құрылтайшысы және атқарушы директоры Шолпан Әйтенова, «NAC Analytica» корпоративтік қорының басқарма төрағасы Расул Рысмамбетов, Экономикалық зерттеулер институты төрағасының орынбасары Әділ Құсманов, қаржы саласының аналитигі Андрей Чеботарев және М.Ломоносов атындағы ММУ Қазақстандағы филиалы экономика кафедрасы меңгерушісінің орынбасары Юлия Баева сөз сөйлеп, Жолдауда жүктелген міндеттерді іске асыру жөнінде өз ұсыныстарын айтты. Іс-шарада қабылданған заңнамалық шаралардың нәтижелері мен қолданыстағы жобалар және қазіргі заманғы сын-қатерлерді ескере отырып, басқа елдердің тәжірибесіне назар аудару мәселесі де сөз болды.

Өзгелердің жаңалығы