Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Тәуелсіздіктің Қазақстан азаматтары үшін несімен қымбат екенін атады.
Кейде егемендікті өздігінен бола қалған оқиға ретінде бағалайтындар бар. Бірақ еркіндік бізге оңайлықпен келген жоқ. Оның жолында бабаларымыз қасық қаны қалғанша шайқасып өтті. Бостандық үшін халқымыз ауыр азапқа, сансыз сынаққа төзе білді. Көптеген азаматымыз тәуелсіздік жолында құрбан болды. Міне, мұны түсінген азамат Тәуелсіздіктің бағасын да біледі. Оны нығайтуды өзінің міндеті санайды, - деді ол елордада ашаршылық нәубетінің 100 жылдығына орай өтіп жатқан дөңгелек үстелде.
Оның сөзіне қарағанда, ашаршылық тақырыбын зерттеу тәуелсіз тарихи сананы қалыптастыруға мол үлесін қосады.
Тарихи сана өткен оқиғаларға қатысты ұжымдық көзқарастан туындайды. Ал ортақ тарихи таным біртұтас ұлттық сананы қалыптастыруға ықпал етеді. Бұл, түптеп келгенде, мемлекеттігімізді және тәуелсіздігімізді күшейтетін шешуші фактор екені сөзсіз. Ашаршылық тақырыбы тарихтан тағылым алу үшін де қажет, - деді Мәулен Әшімбаев.
Біздің жүріп өткен тарихымыз – өрлеген кезеңдермен бірге тақсыретке де толы тарих. Сондықтан оның ащы-тұщы тағылымы мол. Осыған орай өткенімізді терең пайымдап, озық тұсымыздан өнеге тауып, қиналған сәттерден қорытынды шығаруымыз қажет. Тарихымызды даурықпа дау үшін емес, дамылсыз даму үшін пайдалануымыз керек.
Расында, кешегіміз арқылы бүгінімізді бедерлеп, болашағымызды бағдарлай аламыз. Сол арқылы ұлт ретінде жолымыздың даңғыл болатыны анық.
Біздің ашаршылық тақырыбын жаңаша зерделеуіміздің себебі осы аталған факторлардан бастау алады. Президентіміздің бұл мәселені көтеруінің негізгі мән-маңызы да осында жатыр, - деді ол.