Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Астанада өтіп жатқан «Азаттық жолындағы ақтаңдақтар: АШАРШЫЛЫҚ зардаптарына шынайы тарихи көзқарас» тақырыбындағы дөңгелек үстелде Мәулен Әшімбаев осылай деді.
Өздеріңізге белгілі, биыл Тәуелсіздігімізге 30 жыл толады. Осы мерейлі датаға орай елімізде ауқымды іс-шаралар қолға алынып жатыр. Арнайы мемлекеттік комиссияның алғашқы отырысында бұл бағыттағы біраз мәселе талқыланып, пысықталды. Сол жиында Президентіміз 30 жылдыққа мерейтой ретінде қарамай, оған идеологиялық мазмұн берудің маңызды екенін баса айтты. Сондықтан осы бағыттағы іс-шаралар халыққа рухани серпіліс әкелуі керек, - деді Сенат басшысы.
Қасым-Жомарт Кемелұлы атап өткендей, бұл тарихи меже елдің жаңа келбетін, ұлттың жаңа болмысын қалыптастыруға жұмыс істеуге тиіс.
Мемлекет басшысы «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында да ұлттық тұғырымызды нығайтудың нақты бағыт-бағдарын айқындап берді, - деді ол.
Оның сөзіне қарағанда, аталған мақалада жетістіктерімізбен бірге тарихымыздың ақтаңдақ беттері де назардан тыс қалған жоқ.
Ұлт жадынан өшіруге болмайтын сондай қасіретті кезеңдердің бірі – өткен ғасырдың басындағы ашаршылық екені анық. Бұл мәселеге тоқталған Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Тарихымыздың осы ақтандақ беттері әлі күнге дейін жақ-жақты зерттелмей келеді. Тіпті ғалымдардың арасында ашаршылық құрбандарының нақты саны туралы ортақ пайым жоқ. Ала-құла деректер және оның себеп-салдары жайлы әртүрлі көзқарастар қоғамды адастырады. Тиісті тарихи құжаттарды жинап, жиналған мәліметтерді аса мұқият зерделеу керек», – деген пікірін білдірді. Сондықтан бүгін өздеріңізді арнайы шақырып, осы тақырыпты талқылау үшін бас қосып отырмыз. Жалпы, ашаршылық – Кеңес үкіметі кезінде жабық тақырыптардың бірі болды, - деді Мәулен Әшімбаев.