Асхат Аймағамбетов онлайн форматта оқып жүрген университеттерді сынға алды

29 Наурыз 2022, 18:11
2038
Бөлісу:
Асхат Аймағамбетов онлайн форматта оқып жүрген университеттерді сынға алды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Білім және ғылым министрлігінің кезекті аппарат жиналысында ведомство басшысы Асхат Аймағамбетов әлі күнге дейін онлайн форматта оқып жүрген университеттерді сынға алды.

Барлық педагогикалық білім беру бағыты бойынша лицензиялары бар университеттер тиісті жұмысты жүргізуі керек. Бұған дейін айтқанымыздай, 86 университет болса, қазір оның 50-і ғана қалды. Егер әрі қарай да білім беру сапасы бойынша тиісті деңгейді көрсетпесеңіздер, онда лицензияны қайтарып аламыз, - деді министр.

Сонымен қатар Аймағамбетов лицензияны қайтарып алу министрліктің басты мақсаты емес екенін еске сала кетті. Министр керегі сапа екенін басып айтты.

Егер сапаны қамтамасыз ететін болсаңыздар, онда жұмыс жүреді. Кейбір университеттер әлі күнге дейін онлайн форматта жұмыс істеп жатыр. Міне, біз бүгін маскасыз отырмыз. Сондай-ақ қазіргі уақытта республика бойынша КВИ-ге шалдыққан санаулы адамдар ғана бар. Алайда кейбір университеттер әлі онлайннан шыға алмай отыр, - деп айтты Білім басшысы.

Қазіргі күні министрдің тапсырмасы бойынша университеттермен келісімшартқа қайтадан қол қою рәсімі басталған.

Егер сіздер (университеттер – ред.) қашықтан білім беретін болсаңыздар, онда біз (министрлік – ред.) сіздерге екі не үш есе аз қаражат төлейміз. Сол себепті бұл мәселені тоқтату керек, - деп тапсырды Асхат Аймағамбетов.

Өзгелердің жаңалығы