Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Алапат ашаршылық – ешкімді бейжай қалдырмайтын тақырып. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев осылай деді.
Сондықтан осы нәубетке қатысты қоғамда сан алуан пікір қалыптасқаны белгілі. Дегенмен, біз, бірінші кезекте, ғылыми көзқарасқа басымдық беруіміз керек. Себебі, халқымызға ашаршылықтың ащы ақиқатын ғалымдарымыз ғана ашып, дәлелді түрде жеткізе алады, - деді ол.
Осы бағыттағы зерттеулер тәуелсіздік алған тұстан бастап табанды жүргізіліп келеді.
Бұл жұмыстардың басында академик Манаш Қозыбаев бастаған бір топ ғалым тұрғаны баршаңызға аян. Соның нәтижесінде көптеген зерттеу қолға алынып, архивтерден құнды деректер жиналды. Маңызды еңбектер жарық көрді. Ол жұмыстарға осы жерде отырған біраз ғалымдарымыз да қатысты. Сол үшін сіздерге алғысымызды білдіреміз, - деді Мәулен Әшімбаев.
Жалпы, тарихи тақырыптарға қатысты қоғамдық ой ғылыми пікірге негізделуі керек.
Осынау нәубет жылдардың ашылмай, тасада қалған тұстары әлі де болса көп. Мұндай жағдай орынсыз болжамдарды көбейтіп, қоғамды ашаршылық ақиқатынан алыстата түседі. Сондықтан ашаршылық тақырыбына қатысты жүйелі, тарихи фактілерге сүйенген терең әрі жан-жақты зерттеулер керек деп есептейміз. Бұл, әрине, өздеріңіз секілді кәсіби мамандарға үлкен жауапкершілік жүктейтіні түсінікті, - деді ол.
Ең алдымен, тиісті архив деректеріне қол жеткізу, оларды жүйелеу және мұқият зерделеу – басты мақсаттардың бірі.
Өйткені ғалымдарымыз көптеген архив материалының әлі де болса ашылмағанын айтып жүр. Сонымен қатар өңірлермен және ондағы ашаршылық тақырыбын зерттеп жүрген ғалымдармен тығыз байланыс орнатудың маңызы өте зор. Ортақ жұмысқа оларды да жұмылдырған жөн. Себебі, еліміздің барлық дерлік өңірі ашаршылықтың зардабын тартты. Оған түрлі тарихи құжаттарда келтірілген деректер дәлел бола алады, - деді Сенат төрағасы.
Сондай-ақ ол Тұрар Рысқұловтың қазақ даласындағы ауыр жағдай туралы жоғарыға жазған хатын мысалға алды.
Сонда ол Сыр өңіріндегі кейбір ауылдарда аштықтың салдарынан халықтың 15-20 пайызы ғана қалғанын айтып, дабыл қағады. Өңірлердегі мәліметтерді зерделеу мәселенің себебі мен салдарын айқындай түсуге септігін тигізетіні сөзсіз, - деді ол.
Адам шығынына қатысты мәліметтерді нақтылауға да зор мүмкіндік туатыны анық.
Сондықтан бүгінгі дөңгелек үстелге біз өңірлерден де ғалымдарды қатыстырып отырмыз, - деді ол.
Көршілес елдердің архив материалдарымен жіті танысуға да баса мән берген жөн екенін айтты ол.
Бұл қадам ғылыми зерттеулердің аясын едәуір кеңейтуге жол ашады. Алапат аштықты бастан кешкен «ғасыр нәубеті» куәгерлерінің түрлі естеліктерін жинақтау да маңызды. Мәселен, Мекемтас Мырзахметұлының «Құндақтағы қарындасы» жайлы аянышты оқиғаны баршаңыз білесіздер. Ел есіндегі мұндай жайттарды жазып алу жадымызды жаңғыртады. Осы айтылған бағыттарда мемлекеттік органдар Сіздерге қолдау көрсетеді деп ойлаймыз, - деді Мәулен Әшімбаев.