Ашаршылық пен қуғын-сүргіннің арасында үлкен айрмашылық бар – тарихшы

31 Мамыр 2021, 12:21
6143
Бөлісу:
Ашаршылық пен қуғын-сүргіннің арасында үлкен айрмашылық бар – тарихшы

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Алматы қаласы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі қалалық комиссия жұмыс тобының жетекшісі, профессор, саяси ғылымдарының докторы Гүлшат Нұрымбетова айтты.

Оның айтуынша, ашаршылық пен қуғын-сүргіннің арасында үлкен айрмашылық бар. Ашаршылық адамды таңдаған жоқ. Ол жас пен кәріні де, әйел мен еркекті де баудай түсірді.

Басты себебі билік басындағылардың саясаты мен экономикалық жобалардың өрескел қателігінде, утопиялық сипатында жатыр. Ал қуғын-сүргін болса бұл тоталитаризмнің қылмысы ғана емес, қылмысын жасыру үшін жүзеге асырған қатыгездігі. Осылайша, большевиктер халықтың бойына үрейді ұялатты әрі еркін ойлау құқығынан айырды, - дейді ол.
Сонымен қатар ол 1927-1953 жылдар аралығында 125 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырап, оның 25 мыңы атылған деген дерек келтірді.
Саяси қуғын-сүргіннің шырқау шыңы 1937-1938 жылдар болғанын ерекше айтқым келеді. Зерттеулерде «Үлкен террор», «Қызыл террор» деп баға алған осы жылдарда ұлтымыздың қаймағы сылынып, талай арыстардан айрылдық. Көзі ашық, көкірегі ояу, халқының қамын ойлаған қазақ зиялылары мыңдап атылды, айдалды. Қанды қырғын 1937 жылы Мәскеуде өткен ВКП(б) ОК ақпан-наурыз пленумындағы «Жапон-неміс-троцистік агенттердің тыңшылықтары мен қаскүнемдіктерінің сабақтары» және И.В.Сталиннің «Троцкийшілдер және басқа да екіжүзділерді құрту бойынша партиялық жұмыстардың жетіспеушіліктері» атты баяндамасын талқылағаннан кейін басталды. 1937 жылы 21 қыркүйек күні «Правда» газетінде жарияланған «На поводу у буржуазных националистов» атты мақала Қазақстанда «Үлкен террордың» кең қанат жаюына күшті ықпал етті. Осылайша партия органдары теориялық тұрғыдан дем берсе, төтенше комиссия (ВЧК), біріккен саяси басқарма (ОГПУ), ішкі істер халық комиссариаты (НКВД) оны іске асырды, - дейді профессор.

Жазықсыз жазаланғандар қатарында А.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, О.Жандосов, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин, М.Тынышбаев, С.Асфендияров және тағы басқалары болған.

Олар кеңес өкіметіне қарсы шықты, буржуазияшыл-ұлтшыл, контрреволюцияшыл, террорлық және диверсиялық-қаскүнемдік ұйым мүшесі, Жапонияның басшылығымен Қазақстанда буржуазиялық мемлекет құруға ұмтылды деген тәрізді тағы басқа да желеумен сотталып, ату жазасына кесілді. Адам сенгісіз айыптаулар олардың ешбір дәйек-дәлелсіз қолдан жасалғанын көрсетеді. Ал олардың отбасы мүшелері «халық жауының әйелі, балалары» деген айдармен ұзақ жылдар қуғындалды,-дейді ол.

Тарихшы Кеңестік тоталитарлық машина ешкімді аямағанын, қуғын-сүргін 40-50 жылдарда да жалғасқанын айтады.

Қ.Сәтбаев, М.Әуезов, А.Жұбанов, Е.Бекмаханов есімдері бұған дәлел. Қандай саяси төңкеріс болмасын, өз қайраткерлерін асыра дәріптеп, оларды ту етіп көтерген. Ал қазан төңкерісінің нәтижесінде біртіндеп қалыптасқан тоталитарлық жүйеде – үлкенді-кішілі саяси тұлғалардың ақыл-ойы, күш-қайраты алғаш сол жүйе игілігіне толық пайдаланылды да, кейінірек осы жүйе идеясына күмән туғызу ахуалы көрініс берген кезеңде жаңағы қайраткерлердің көздері күшпен жойылды, - дейді Гүлшат Нұрымбетова.
Өзгелердің жаңалығы