Соңғы 10 күннің ішінде ақпарат кеңістігінде Қостанай облысына қарасты маңызы зор қос бірдей мәселе көтеріліп, күні бүгінге дейін шешімін таппай келеді. Оның бірі Амангелді ауданы Үрпек ауылы тұрғындарының аудан орталығына қатынайтын жолды жөндеу туралы жанайқайы болса, екіншісі Қарабалық ауданына қарасты үш ауылдың тұрғындары үш айдан бері суды құдықтан тасып ішіп отырғаны деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Үрпек–Амангелді жолы қашан жөнделеді?
Өткен аптада Амангелді ауданы Үрпек ауылының тұрғындары аудан орталығы Амангелді ауылына қатынайтын Үрпек–Амангелді жолын жауып, Қостанай облысы әкімі Құмар Ақсақаловқа үндеу жолдады. Ауыл тұрғындары Ақсақаловтан көктемде көтерілген су шайып кеткен жолды жөндеуді сұрады.
Былтыр су тасығанда аудан мен екі ортада қатынас болмай, бүкіл халық болып өзіміз жиналып, осы жолды істеп, аудан орталығына қатынас жасадық. Одан кейін келіп көтеріп істеп беріп еді, биыл тағы су тасып, жолдың бәрін шайып кетті. Бір жаз өтті, әлі жол істелетін түрі жоқ, - деді Үрпек ауылы тұрғыны Талғат Жанабайұлы.
Тұрғындар жақында Үрпек ауылы мен аудан орталығы ортасында жүретін автобус бір ғана жолақты жолдың бір жақ шетіне ауып кеткенін айтты. Сондай-ақ жырылған жерлері көп, асфальтсыз жол жаңа көлікті тоздырып, төменгі жылдамдықпен жүруге мәжбүр ететінін жеткізді. Ауыл тұрғындары жол жөнделмесе, қауіпсіздік мәселесі қыста қиындай түсетініне алаңдаулы.
Ауыл тұрғындарына жағдайды түсіндіруге келген Амангелді ауданының әкімі Қанат Кеделбаев 5 шақырымнан асатын Үрпек–Амангелді жолына биыл асфальт салынбайтынын, келесі жылы жолды тағы су шайып кетпес үшін биыл жолды көтеру жұмыстарын жүргізу жоспарланып отырғанын айтты.
Біз жолды 1 метр 20 сантиметрге көтеруге 328 миллион 500 мың теңгеге бюджеттік өтінімді беріп қойдық. Сметамыз дайын тұр, осы тамызда “ақша беріп қалады” деп отыр. Ақша беріп қалатын болса, байқау да өткізбейміз, мердігермен келісімшартқа тікелей отыра аламыз, - деді әкім.
Алайда Үрпек–Амангелді жолын жөндеу жұмыстары нақты қашан басталатыны, асфальтты төсеу қай жылы жүргізілетіні жұмбақ. Қостанай облысы әкімі Құмар Ақсақаловқа үндеу жолдаған тұрғындарға облыс әкімі тарапынан ешқандай жауап болған жоқ.
Қостанай облысындағы 3 ауыл суға жарымай отыр
Қостанай облысы Қарабалық ауданына қарасты Станционное, Приурал және Ворошилов ауылдарында орталықтандырылған су жүйесінің жұмысы тоқтап тұр. Qazaqstan ұлттық арнасының хабарлауынша, үш ауылдың тұрғындары үш айдан бері суды құдықтан тасып ішуге мәжбүр.
Станционное, Приурал және Ворошилов ауылдарына 2022 жылы орталықтандырылған су жүйесі тартыла бастады. Бұл ауылдарда 1500-ге жуық адам тұрады. Биыл маусымның 30-ы жұмыс толық аяқталып, нысан қабылдануы тиіс еді. Алайда уәде етілген мерзім өтсе де, жұртшылық әлі күнге дейін суға жарымай отыр.
Бұған себеп әкімдік пен мердігер арасындағы дау. Тұрғындардың айтуынша, мердігер қыста 6 ай бойы су беріп келген. Алайда жұмысынан қайта-қайта ақау шыққан.
Қыс бойы су тоқтаумен болды. Техника жұмыс істеп жатқан соң, ақау шыққаны белгілі ғой. Енді халықтың бір бөлігі қандай ақау болмасын, суды қосып беруді өтініп отыр. Алайда мен өз басым бұған қарсымын, - деді Станционное ауылының тұрғыны Владимир Шмидт.
Орталықтандырылған су жүйесі жобасының жалпы құны – 1,7 млрд теңге. 60 шақырымға жуық құбыр тартылған. Қарабалық ауданы әкімдігінің айтуынша, мердігердің жұмысы сапасыз, сондықтан нысан қабылданбай отыр.
Станционное мен Приурал құбырында 80-нен астам коммуналды апат болды. Оны жөндеу барысында тапсырыспен келісілмеген, талапқа сай келмейтін материал қолданылған. Осыған орай нысан қабылдауға әлі келмейді. Суды беру және өшіру ол мердігердің шешімі бойынша жасалған болатын, - деді Қарабалық ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Ерлан Әбілов.
Қазір ауылдарға 7 және 9 кубтық осындай екі техника су тасиды. Қостанай облысындағы бұл мәселенің де қашан шешілетіні белгісіз.