Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанның Индонезиядағы Елшісі Данияр Сарекенов Оңтүстік-Шығыс Азия елдері қауымдастығының Бас хатшысы Лим Джок Хойға Қазақстан Республикасының АСЕАН жанындағы Елшісі ретінде аккредиттеу туралы ҚР Сыртқы істер министрінің хатын тапсырды.
Табыстау рәсімнен кейінгі сұхбат барысында қазақстандық дипломат Қауымдастықтың Оңтүстік-Шығыс Азиядағы көпжақты ынтымақтастықты ілгерілетудегі және аймақтық интеграцияны қамтамасыз етудегі басты рөлін атап өтті.
Елші Қазақстанның қауіпсіздік пен тұрақты даму саласындағы жаһандық және аймақтық күн тәртібінің қалыптасуы мен жүзеге асырылуына елеулі үлес қосып отырғанын, ядролық қарусыздану және таратпау саласындағы көшбасшылардың бірі екенін, Терроризмнен азат әлемге қол жеткізу тәртібі кодексі мен Ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізу жөніндегі жалпыға бірдей декларация және басқа да бірқатар маңызды халықаралық бастамалардың авторы болып табылатынын атап өтті.
Осыған байланысты Елші Қазақстан мен АСЕАН арасындағы ынтымақтастықты дамытудың үлкен әлеуетін атап өтті және Қауымдастықпен өзара ықпалдастықты нығайтуға дайын екендігін жеткізді.
Өз кезегінде Бас хатшы Д.Сарекеновті АСЕАН жанында Елші ретінде аккредиттелуімен құттықтап, Орталық Азиядағы ең ірі экономика және мемлекетпен екіжақты форматта да, ШЫҰ-АСЕАН және ЕАЭО-АСЕАН бағытындағы өзара түсіністік туралы меморандумдар шеңберінде де ынтымақтастықты дамытуға қызығушылық білдірді.
Сұхбат соңында тараптар Қазақстан мен Қауымдастықтың өзара іс-қимыл болашағын талқылап, ынтымақтастықтың әлеуетті бағыттарын зерттеуге және анықтауға келісті.