Асар дәстүрін қайта жаңғыртқан қайырымдылық шеру елордадан басталды

16 Шілде 2022, 15:35
2435
Бөлісу:
Асар дәстүрін қайта жаңғыртқан қайырымдылық шеру елордадан басталды
PHOTO
Фото: автордан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елорда ипподромдарының біріндегі этно ауылда құрылтай форматында «Asar Ume» қайырымдылық қорының ұйымдастыруымен «Asar joly» қайырымдылық марафоны басталды.

Бұл жоба Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың тікелей қолдауымен, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің атсалысуымен жүзеге асып жатыр және алдағы уақытта еліміздің жиырма өңірінде жалғасын табады.  

Асар дәстүрін қайта жаңғыртқан қайырымдылық шеру елордадан басталды

Мұндай жобаларды қолдау менің тікелей міндетім. «Asar joly» жобасына еліміздегі әкімдіктердің барлығы көмектеседі. Өткенде соған байланысты арнайы отырыс өткіздік, әкімдермен келістім. Бұл – кірістерді көбейту бағытындағы бір ғана үлкен жоба. Осындай жобаларды бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып қолдайық, - деді вице-премьер. 

Іс-шараға келгендер асар жолына өз үлестерін қосып жатты. Оның бірі – «Мазмұндама» қоғамдық қорының басшысы Теңіз Сейілхан.

Біздің мақсатымыз өсіп келе жатқан жаңа ұрпақты әлем әдебиеті, балалар әдебиетімен сусындату. Асхат бауырыммен ақылдаса келе әр отбасыға үй бергенде үймен бірге кітап беретін болып шештік. Білімнің барлығы – кітапта. Балаларымыз білімді болса, барлығы жақсы болады деген сенімдемін, - деді ол. 

Асар дәстүрін қайта жаңғыртқан қайырымдылық шеру елордадан басталды

Сонымен қатар асар жолына актер, блогер Жахан Отарғалиев жетекшілік ететін компания «Джохан» фильміне түскен жинақтан мұқтаж жандарға бір баспана шығарса, «Алматерм» сантехника дүкендері желісінің өкілі бүкіл Қазақстаннан мұқтаж 20 үйге сантехникасы мен жылуын ауыстырып беруге уәде етті. BTS Education компаниясы 7, 8, 9, 10-сынып оқушыларына арналған кәсіби бағдар қызметін 100 отбасының баласына тегін көрсетуге дайын екенін және өз кәсібін интернет арқылы дамытқысы келетін кәсіпкерлікпен айналысып жүрген азаматтарға электронды коммерцияны дамыту сабағын сыйлайтынын айтты. 

«Asar Ume» қайырымдылық қорының жетекшісі Асхат Нұрмашевтың айтуынша, BI Group компаниясы да асар жолына бір баспана сыйлауға уәде еткен екен. Сонымен қатар қор жетекшісі мұқтаж отбасылардың балаларының қызығушылықтарына қарай қор серіктестері мен достарының көмегімен олардың білім алуына, жұмыс табуына қолдау көрсетілетінін айтты.   

Айта кету керек, аталған іс-шарада асар дәстүрі ғана жаңғырып қоймай, садақ ату, теңге алу, асық ату сияқты ұлттық ойындар да ойнатылды.

Асар дәстүрін қайта жаңғыртқан қайырымдылық шеру елордадан басталды
Асар дәстүрін қайта жаңғыртқан қайырымдылық шеру елордадан басталды

«Asar Ume» қайырымдылық қоры халықтан бір күнде жиналған қаражатқа елордада тұратын мұқтаж отбасыға баспана кілтін табыстады.

Өзгелердің жаңалығы