- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Арзан көлік – қымбат шығын: Авто сарапшы ең тиімді көлікті атады
Арзан көлік – қымбат шығын: Авто сарапшы ең тиімді көлікті атады
Авто сарапшы көлік таңдағанда бағаға емес, кейінгі шығын мен амортизацияға назар аудару керек екенін айтты.
10 Мамыр 2026, 14:28
Қазақстанда көлік нарығы соңғы жылдары айтарлықтай өзгерді. Бұрын жұрт көбіне жапон немесе еуропалық маркаларға басымдық берсе, қазір нарықта қытай брендтері көбейіп, жаңа көлік алу қолжетімді бола бастаған. Бірақ бағаның арзандығы әрдайым тиімді таңдау дегенді білдірмейді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Кей көліктер бастапқыда арзан көрінгенімен, уақыт өте келе иесіне әлдеқайда қымбатқа түсуі мүмкін. Сарапшылар мұндайда тек сатып алу бағасына емес, амортизацияға, техникалық қызмет көрсетуге, қосалқы бөлшекке және көліктің кейінгі өтімділігіне де қарау керек дейді.
Қазақстанда жаңа көлікке сұраныс артқан
Соңғы бір жылда Қазақстанда жаңа көлік нарығы айтарлықтай өскен. Қазақстанның Автокөлік Одағының мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысында елде 234 мыңнан астам жаңа жеңіл және коммерциялық көлік сатылған. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 14,4 пайызға жоғары көрсеткіш.
Ал 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында сатылым 26,2 пайызға өскен. Сарапшылар мұны жаңа көліктердің қолжетімді бола бастағанымен байланыстырады.
Сонымен бірге елдегі автопарктің едәуір бөлігі ескі көліктерден тұрады. Кей деректер бойынша, Қазақстандағы машиналардың 42 пайызына 20 жылдан асқан.
Авто сарапшы Алексей Алексеевтің айтуынша, дәл осы себептен көп адам «қалтаға қарайтын» көлік іздейді.
Арзан көлік әрдайым тиімді емес
Сарапшының сөзінше, адам арзан көлікті «ұнағаны үшін» емес, көбіне мүмкіндігі жеткен соң алады.
Бірақ мұнда жаңа көлік пен ескі көлікті бөлек қарау қажет.
Адам арзан көлікті “арзан болғаны үшін” алмайды. Көбіне қолындағы ақша соған жеткен соң алады. Бірақ арзан көлік міндетті түрде тиімді деген сөз емес. Егер ол жаңа көлік болса, қазір көп модель жаман емес, сенімді. Оның техникалық қызметі де салыстырмалы түрде арзан болады. Ал ескі арзан көліктің не себепті арзан тұрғанына қарау керек. Жүрісі көп болуы мүмкін, бұрын соғылған шығар, моторы шаршаған болуы мүмкін. Кейде адам арзан көлік аламын деп, кейін жөндеуге одан да көп ақша жұмсап жатады. Сондықтан көліктің бастапқы бағасына ғана қарауға болмайды, – дейді Алексей Алексеев.
Сарапшының айтуынша, қазіргі көліктер бұрынғыдай жаппай бұзыла бермейді. Әсіресе жаңа көліктер арасында сенімді модельдер көп.
Ең үлкен шығын – амортизация
Көлік иелері көп жағдайда көзге көрінбейтін бір шығынды ескере бермейді. Ол – амортизация.
Яғни көліктің уақыт өте арзандауы.
Мысалы, салоннан жаңа шыққан көлік алғашқы жылдың өзінде шамамен 10 пайызға дейін құнын жоғалтуы мүмкін. Ал үш жыл ішінде кейбір модельдер жарты бағасына дейін түсіп кетеді.
Алексей Алексеевтің сөзінше, әсіресе неміс, қытай және корей көліктері жылдам арзандайды.
Көлік неғұрлым қымбат болса, соғұрлым көп ақша жоғалтады. Мысалы, 7 миллион теңгелік көлік үш жылда 3 миллион жоғалтуы мүмкін. Ал 30 миллиондық неміс көлігі кейде 15 миллионға дейін түсіп кетеді. Бірақ адамдар бәрібір жаңа көлік мінгісі келеді. Олар амортизация болатынын біледі, соған қарамастан жаңа машина алғанды қалайды. Жалпы статистика бойынша ең тиімді нұсқа – 2–3 жыл жүрген көлік. Ол бастапқы бағасын жоғалтып қойған, ал зауыттық кемшіліктері болса, шығып үлгерген болады. Мұндай көліктер кейін бағаны баяу жоғалтады, – дейді сарапшы.
Оның айтуынша, Toyota мен Lexus секілді жапон брендтері бағасын салыстырмалы түрде жақсы ұстайды.
Қай көліктер көбірек шығын шығарады?
Сарапшы нақты бір брендті толық сенімді немесе сенімсіз деп бөлу қиын екенін айтады. Өйткені әр модельдің өз ерекшелігі бар.
Мысалы, Volkswagen-тің қарапайым модельдері айтарлықтай шығын шығармауы мүмкін. Ал BMW X5, Mercedes, Range Rover немесе Volkswagen Touareg секілді көліктердің күтімі әлдеқайда қымбат.
Сонымен қатар коммерциялық мақсатта қолданылатын көліктер де тез тозады.
Такси, жеткізу қызметі немесе жүк тасымалына жүретін машиналар ең көп шығын талап ететін санатқа кіреді.
Ескі көлік аларда неге мән беру керек?
Алексей Алексеев қолданыста болған көлікті міндетті түрде бірнеше бағыт бойынша тексеру қажет дейді.
Өйткені жасырын ақаулар кейін үлкен шығынға әкелуі мүмкін.
Көлікті бір адам түгел тексеріп береді дегенге сенбеу керек. Кузовты бөлек маман қарауы тиіс, моторды бөлек, электриканы бөлек. Мысалы, адам бояуын өлшей алады, бірақ мотордан түсінбеуі мүмкін. Ал мотор – ең қымбат шығын шығаратын бөлшектердің бірі. Мен өзім көлік аларда алдымен сатушының өзіне қараймын. Хабарландырудан-ақ көп нәрсе байқалады. Көлігін жақсы көріп мінген адам оны басқаша сипаттайды. Не істегенін, қалай қарағанын айтып тұрады. Ал сөйлескісі келмейтін, бәріне қысқа жауап беретін адамдардан сақ болған дұрыс, – дейді ол.
Сарапшы көліктің салоны мен сыртқы көрінісінен де оның қалай ұсталғанын байқауға болатынын айтады.
Нарықтағы жаңа тренд
Қазақстанда соңғы жылдары қытай көліктерінің саны айтарлықтай көбейді. Ресми статистикада да олардың сатылымы өсіп келе жатқаны байқалады.
Бірақ Алексей Алексеев мүлде белгісіз брендтерден сақ болуға кеңес береді.
Өйткені кейін қосалқы бөлшек табу немесе сервис мәселесі қиындық тудыруы мүмкін.
Егер қытай көлігін алатын болсаңыз, нарықта жүріп жүрген, адамдар мініп көрген брендтерді таңдаған дұрыс. Белгісіз маркалар кейін проблема әкелуі мүмкін. Қосалқы бөлшек таппай қаласыз немесе жөндейтін маман болмайды. Сондықтан көлік аларда тек бағасына емес, кейінгі бірнеше жылда қанша шығын шығаратынына қарау керек, – дейді сарапшы.
Ең оқылған:
- Хантавирус тараған лайнердегі жолаушылар өз елдеріне жаппай қайтарылып жатыр
- Алматы коммуналдық қызметтері күшейтілген режимге көшті
- Ақтөбеде бұрынғы қайын атасына қоқан-лоқы көрсеткен жігіт көше сыпыратын болды
- 2 алтын, 2 күміс және 4 қола: дзюдодан Qazaqstan Barysy Grand Slam жарысы тарихи нәтижемен аяқталды
- Марат Байқамуров Grand Slam турнирінің жеңімпазы атанды