Арыстық балалар Атырауда өлке тарихымен танысты

30 Шілде 2019, 11:23
2309
Бөлісу:
Арыстық балалар Атырауда өлке тарихымен танысты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Атырауға Арыс қаласынан 88 бала келді, деп хабарлады Атырау облысының өңірлік коммуникациялар қызметі.

Арыстық балалар «Тұлпар» тынығу лагерінде екі ауысым бойы демалады. Облыстық білім беру басқармасының бас маманы Карима Бөкенованың айтуынша, жоспарға сай оларды алдымен «Хан ордалы Сарайшық» және тарихи-өлкетану мұражайларына апарған. Мақсат, балаларды өлке тарихымен таныстыру. Сондай-ақ, бүлдіршіндердің бойына әскери-патриоттық тәрбие сіңіру үшін, лагердегі әскери клубтар да қарқынды жұмыс жүргізуде. Бұдан бөлек, демалушыларды қала тынысымен таныстырып, түрлі ойын-сауық орталықтарына апару жоспарда бар. Сонымен қатар, Атыраулық кәсіпкерлердің қолдауымен Арыстан келген балаларға спорттық киімдер мен мектеп құралдары және жаздық жейделер табысталды. Сыйлыққа кенелген бөбектердің қуанышында шек жоқ. Солардың бірі, Арыстық Шыңғыс Саттархан.

"Мен мұнда келгеніме 3 апта болды . Содан бері түрлі-түрлі сайыстарға қатысып, концерттік шаралар көріп жатырмыз. Оған қоса, «Сарайшық» көне қалашығына бардық. Ол жер маған қатты ұнады. Жалпы, біздің көңілімізді көтеріп барлық жағдай жасап жатырған Атырау облысының тұрғындарын және лагердегі апайларыма көп рахмет айтамын. Сондай-ақ, бізге мектеп құралдары мен киім-кешек берген кәсіпкер аға-апаларымызға айтар алғысымыз шексіз", - деді Шыңғыс Саттархан.

Өзгелердің жаңалығы