Арыстанбаб кесенесіне келушілер саны сиреген

17 Қазан 2020, 19:05
12613
Бөлісу:
Арыстанбаб кесенесіне келушілер саны сиреген
PHOTO
Фото: автордан

Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ел арасында «Арыстан бабқа түне, Қожа Ахметтен тіле» деген сөз баршамызға аңыздардан белгілі. 2019 жылы Арыстанбаб кесенесіне 300 мыңға жуық зиярат етуші келген, оның 9 мыңға жуығын шетелдіктер құрайды. Ал биыл қыркүйектің соңына дейін небары 35 мыңнан астам адам ғана келіпті.

Бұған осы жылы еліміздегі төтенше жағдайларға байланысты 16 наурыздан бастап 12 қыркүйекке дейін келушілерді қабылдамауы себеп болған. Сондықтан биылғы көрсеткіш төмен.

Сонымен, аталған кесенеде намаз оқитын мешіті де бар. Осы заманға сәйкес оюлы ағаш тіректер, көне заманнан табылған құран кітап пен заттар сақтаулы тұр. Қазір көне жәдігерге тек шипа мен ем іздеп келушілер ғана емес, туристік орын ретінде де көру үшін ат басын тірейтіндер көп. Арыстанбабқа жұртшылық көбіне дұға жасап, зиярат етуге келеді әрі мал сойып, құрбандық шалып жатады. Кесенеде құран оқитын шырақшылар мен оның тарихымен таныстыратын экскурсоводтар, тазалық пен келушілерге жол көрсететін қызметкерлер бар.

Арыстанбаб кесенесіне келушілер саны сиреген

Арыстанбаб есімі жергілікті халыққа ғана емес, күллі түркі жұртына танымал аңыз тұлға. Ол Қожа Ахмет Яссауидің ұстазы әрі жүгінетін пірі болған.

Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің таныстырушысы Маржан Дулаттың айтуынша, «Арыстанбаб кесенесі біздің жыл қайыруымыз бойынша 1909 жылы түркістандық ұста Қалмырза Мүсәпірұлының қолынан түгелдей қайта қалаудан өткен.

Оған дәлел кесененің сыртында ұста есімі жазылған бес қатар жазу бар. Онда «1327 сәннә ұста Қалмырза бен Мүсәпір Түркістани» деп жазылған. Тақтайшадағы жазу өте сирек кездеседі. Бұл біз үшін аса құнды дерек болып саналады. Өйткені, бұл кесененің ұстасы кім болғанын дәлелдейді, - дейді Маржан Адырбекқызы.
Оның сөзінше Арыстанбаб баба туралы деректі мағлұматтар өте аз. Ол туралы Қожа Ахмет Яссауидің «Диуани Хикмет» еңбегінде айтылады.

Арыстанбаб кесенесіне келушілер саны сиреген

Бұл кісі Мұхаммед пайғамбарымызға Жебірейіл періште арқылы берілген аманат құрманы маған жеткізуші, менің ұстазым деп құрметтеп өткен. Поэзия пірі атанған Яссауи бабамыз алпыс үш жасқа келгенде пайғамбардың жасынан аспаймын, өзімнен кейінгі ұрпақтарыма ізгі өнегемді қалдырамын, тіршілікте жасаған қателіктерім үшін бір ғана Алладан кешірім сұраймын деп жарық дүниемен қоштасып, жердің асты қылуетке түсіп кетеді. Тек түнде ғана далаға шығып, жұлдызды ауада тыныстаған. Қылуетте жатып ғылыммен айналысып, кітабын түрік тілінде шығарған. Сол кітабының 90-шы тарауында Арыстанбаб туралы жырлаған, - деді Маржан Дулат.
Кесененің құндылығы неде десеңіз, ол ХІІ ғасырдың сәулет туындысы. Арыстанбаб дүниеден өткен соң салынған құрылыс құлап, XIV-XV ғасырда Әмір Темір қайтадан салғызған. Кесененің көне бөлігі саналатын қабірханада Арыстан баб, екінші бөлмесінде шәкірттері Лашын баба, Хермет баба, Қарға бабалар жерленген.

Бүгінде кесененің кірпіштері тозып, қарая бастауын тоқтатқан. Себебі, «Қазқайтажаңарту» кәсіпорнының мамандары кесенеге желдеткіш жүйесін орнатқан. Нәтижесінде, грунт суының әсерінен болатын кірпіштердің қараю процесі тоқтады.

Арыстанбаб кесенесіне келушілер саны сиреген

Өзіңіз көріп тұрғандай бұл кесенеге 2016-2017 жылдары толық қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, мешіт жақ бөлігінің шатыры қайта жаңартылды. Жаңбыр суы мен ылғал өтпес үшін қамыстан төсем жасалды. Ылғал мен жерасты суының әсерінен біршама көтерілген еден астындағы топырақ жарты метр шамасында тазартылып, арнайы еден төселді. Аталған еден ылғал мен суды және суықты ұстап тұратын қасиетке ие. Бұл жұмыстардан бөлек, есіктер пен терезелер алмастырылды. Еден орнату жұмыстарынан кейін, жаңадан жапсырма кілем төселді. Жыл сайын Арыстанбаб кесенесінің маңайына абаттандыру жұмыстары жүргізіліп отырады, - деді Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің баспасөз хатшысы Үрзия Жұмабайқызы.

Сондай-ақ, Арыстан баб кесенесіне келушілерді тағы да бір қатты қызықтыратын емдік қасиеті бар, суы өте тұзды құдық бар. Қасиетті жердің құдығы болғандықтан, кесенеге зиярат етушілер суынан дәм татып кетіп жатады. Судың сапасы мен құрамын жергілікті аудандық СЭС әрдайым тексеруден өткізіп тұрады.

Арыстанбаб кесенесіне келушілер саны сиреген

Айтқандай, кесене 1980 жылдан бастап мемлекет қарамағына еніп, тарихи ескерткіш ретінде тіркелінген. Бүгінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің қарауына берілген.

Арыстанбаб кесенесіне келушілер саны сиреген

Мұнда зиярат етіп келушілерге қонақ үй, барлық қызмет түрлері қарастырылған. Арыстан баб кесенесі – келушілерге рухани азық берері сөзсіз.


Өзгелердің жаңалығы