Аруна Жақсағұлова: Ең басты марапат – елдің батасы

3 Маусым 2019, 17:09
2727
Бөлісу:
Аруна Жақсағұлова: Ең басты марапат – елдің батасы

Қостанай, BAQ.KZ тілшісі. Үнемі игі істердің басы-қасында жүретін «Үміт-Надежда» қоғамдық бірлестігі таяуда Қазақстандағы Жапония елшілігі ұсынған «Шөп тамыры» бағдарламасы бойынша грант ұтып алды. Осы және өзге де жетістіктері жөнінде бізге бірлестік төрағасының орынбасары Аруна Жақсағұлова әңгімелеп берді.

– Аруна Рахметуллақызы, Жапония елшілігінен түрлі бастамаларға берілетін қайтарымсыз қаржы ұтып алыпсыздар. Құтты болсын! Қандай жоба ұсындыңыздар? Оның маңызы қандай?

– Рақмет! Өте қуаныштымыз. Он төрт жылдық тәжірибеміздің арқасында «Шөп тамыры» бағдарламасы арқылы 30 млн теңге грантқа қол жеткіздік. Оны мүмкіндігі шектеулі жандарды, жұмыссыздарды, мүгедек балалардың күтімімен үйде отырған аналарды оқытып, кәсіпке, еңбекке бейімдейтін орталық ашуға жұмсаймыз. Бүгінге дейін 40 компьютер, 40 тігін машинасын және 10 күрделі тігісті аппарат (оверлок) сатып алдық. Жобамыз елдің игілігіне жарап, мұқтаж адамдар қоғамнан өз орындарын табады деген сенімдеміз.

– Арбада билеуден тұңғыш республикалық фестиваль жалауы Қостанайда желбіреген. Оның басы-қасында өздеріңіз жүрдіңіздер. Жақында Голландияға барып, халықаралық би байқауынан жүлделі оралдыңыздар. Осы байқау туралы айтып өтсеңіз. Қанша қатысушы, қандай шарттары болды?

– Жарыс сәуір айының соңына қарай Кёйк қаласында өтті. Әлемнің әр аймағынан 15 мемлекеттің өкілдері бақ сынады. Сексеннен астам қатысушының арасынан біз дуо бағдарламасында алтын медаль иелендік. Ал, латын биінен үшінші орын бұйырды. Менімен жұптасып билеген Александр Чащин жеке бағдарламада қола алды. Байқауға Қазақстан атынан төрт қатысушы барғанбыз. Владислав Сахнодан басқамыз арбада өнер көрсеттік. Оның жұбы – Мәлика Мұхтарова. Екеуі латынамерика биінен күміс алқаны қанжығалады. Осы орайда жетекшіміз Андрей Нужныйдың табанды еңбегін ерекше атап өткім келеді. Бізді үнемі жарысқа дайындап, бар жанын салады.

Аруна Жақсағұлова: Ең басты марапат – елдің батасы

Байқаудың ұйымдастырылу деңгейі өте жоғары. Жарысқа спорттық биден әлем чемпиондары да шақырылған, олардан білмегенімізді үйрендік. Бұл би бір жағы өнер болғанымен, екіншіден, компьютер алдында отырып жұмыс істейтін біз секілді адамдар үшін аса пайдалы спорт түрі.

Өзіңіз айтқандай, «Үміт-Надежда» қоғамдық бірлестігі республика деңгейінде бірінші болып фестиваль өткізген ұйым. Қателеспесем, 2009 жылы. Ол кезде костюдер жоқ, биге арналған арбалар қымбат-тұғын. Біздің бастамадан соң арбадағы би спорты Қазақстандағы паралимпиадалық ойындар тізіміне кіріп, дами бастады. Ұзақ жылдар үйінен шықпай қалған қыз-жігіттер қызушылық танытып, қазір жаңа қырларынан көрініп жүр. Өзім де республика чемпионы атанып, бірталай жетістіктерге жеттім. Әрине, еңбектің бағаланғанын кім жек көрсін, түрлі марапаттарымыз да бар. Мысалы, ҚР Президентінің алғыс хатын алғанбыз. Сондай-ақ, Қостанай облыстық меценаттар клубының сыйлығы берілді. Айта берсек, алған сый-құрметіміз жетерлік. Ең бастысы – елдің батасы. Көргендер танып, ата-әжелер алғысын жаудырады. Сондай сәттерде біз, жұбайым әрі бірлестік төрағасы Дүйсенғали екеуміз бір жасап қаламыз.

– Бәрекелді! Осыдан бірер жыл бұрын мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған көліктерді жөндеу орталығын ашуға ниеттеніп деп жүр едіңіздер. Бұған дейінгі сұхбаттарыңыздан оқығанымдай, сіздерде әлі қолға алатын жобалар бар секілді. Жалпы, жоспарларыңыз, жұмыстарыңыз жөнінде бір-екі ауыз айтып жіберсеңіз.

– Әрине, алға қойған мақсаттарымыз бен атқарған жұмыстарымыз көп. Осы өткен аптада ғана үстел теннисінен халықаралық ашық турнир ұйымдастырдық. Жыл бойына түрлі жарыстар өткізіп, өзіміз де тұрамыз. Яғни, арбаға таңылып немесе түрлі жағдайға тап болған жерлестеріміздің спортпен айналысуына кең жол ашуға одан әрі күш сала береміз.

Екінші жыл қатарынан Қостанай облысы әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасымен бірлесіп, мүмкіндігі шектеулі жандарға мемлекеттік тілді үйретіп жатырмыз. Ертеңгі күні жұмысқа орналасса, оқуға түссе қазақ тілін білгені үлкен көмек болады деген ойдамын.

Сонымен қатар, І, ІІ топтағы мүгедектер біздің ұйым жанындағы күндізгі стационарлық орталыққа келіп тұрады. Ол жерде психолог, дәрігер, дене шынықтыру нұсқаушысы, еңбек терапиясы мұғалімдері, музыка жетекшілері жұмыс істейді. Заң тұрғысынан көмек көрсететін мамандар да бар. Өткен жылы 40 адам болса, биыл 25 адам қамтылды.

Қостанай ауданында инвотаксидің жұмыс істеп тұрғанына екі жыл болды. Бұл да біздің жобамыз.

Сіз айтқандай, көлікті қолмен басқаруға икемдеп беретін техникалық қызмет бекетін аштық. Оған да келіп жатқандар бар. Енді еліміздің өзге өңірлерінен ашсақ деген ойымыз бар. Әуелі кадрларды дайындап шығару керек, бұл келер жылдардың еншісіндегі шаруа.

«Үміт-Надежда» ұйым болып құрылғалы 14 жылдың ішінде мыңнан артық адамды осы өмірге оралттық десем артық емес. Біздің бірлестікте сүйгенін кездестіріп, жұмысқа орналасып, өмірден өз орындарын тауып жатқандар баршылық.

Дүйсекең екеуміздің бір тілегіміз: арбаға таңылғандардың да арасынан депутат шықса екен. Оларды да мемлекеттік қызметтен көргіміз келеді. Білімі мен тәжірибесі толысқан ондай азаматтарды жиі жолықтырамыз. Парламентке барса, үлкен мінберлерден өздері секілді адамдардың мәселелерін көтерер еді.

– Уақыт бөліп, сұрақтарымызға жауап бергеніңіз үшін рақмет!
Өзгелердің жаңалығы