Ухань - студенттер мекені

Ухань, Қытай, BAQ.KZ тілшісі. Ухань – студенттер қаласы. Он екі миллион тұрғыны бар мегаполистің бір жарым миллионы – білім қуған жастар. 106 университеті бар қалада қазақстандықтар да оқып жүр. Қытайда барлығы 14 мың отандасымыз білім алуда.

Айғаным Саина – болашақ халықаралық заңгер. Ухань университетінің төртінші курс студенті. Семей қаласының тұрғыны.

Айғаным Саина – болашақ халықаралық заңгер. Ухань университетінің төртінші курс студенті. Семей қаласының тұрғыны.

Айғаным Саина  © baq.kz

«Мен Қытайда 6-жыл оқып жүрмін. Ухань университетінде төрт жыл, оған дейін Чанша қаласында екі жыл тіл үйрендім. Қытайға келмес бұрын Алматыда қытайша оқығанмын, сол жақта Huawei компаниясында штаттан тыс аудармашы болып та жұмыс істедім. Биыл - соңғы курсым, жарты жылдан кейін елге ораламын. Мен Кәрім Мәсімов оқыған кафедрада білім алып жатырмын. Мәсімов мырзаға сабақ берген профессор әлі бізде жұмыс істейді. Оқытушылар Мәсімовті құрметтейді. Орталығымыздың бірінде ол кісінің портреті ілінген. Яғни, біздің үлгі алатын тұлғамыз бар. Ухань университетінде көптеген елдің азаматтары білім алған. Олардың көбі қазір премьер-министр болып кетті, жетістікке жетті. Мен де биіктен көрінгім келеді. Өйткені осы жерден қандай да бір білім алып шығу үшін өте көп күш, уақыт пен қаржы жұмсалды. Қазақстанға оралғаннан кейін ел үшін еңбек етіп, белгілі бір жетістікке жетуге мүмкіндік болады деп үміттенемін», - дейді Айғаным Саина.

Айғаным қытай тілінен арнайы HSK емтиханын тапсырып, алты деңгейдің бесінші нәтижесін көрсеткенін айтты. Ал алтыншы деңгей негізінен филолог мамандарға ғана керек екен. Бұған қоса, ол қазақ, орыс тілдерін және ағылшын тілін Upper Intermediate деңгейінде меңгергенін жеткізді.

«Бастапқыда қытай тілін үйрену қиын болды. Ағылшынша күнде сөйлей берсең, білім өзі келе береді ғой. Ал қытай тілін тек қана отырып, мұқият оқу керек. Сөйлеп кету қатты қиын емес, ал жаза білу күрделі. Және де бұл тілді өмір бойы үйрене беруге болады. Өйткені иероглиф жазыла береді, құрылымы қосыла береді, сөздері де ауыса береді. Мен Қытайға келгеніме өкінбеймін. Өйткені Қытай Америка Құрама Штаттарына қарағанда бізге көп мүмкіндік береді. Гранттар бар, шәкіртақылар бар. Өмір жағынан да қолайлы. Көбісі қайтқысы келмейді. Неге? Өйткені біздің Қазақстан жұмыс тәжірибесін сұрайды. Ал біз енді оқып келгендіктен, бізде тәжірибе қайдан болады? Бұл жақта ондай мүмкіндік жоқ. Өйткені Қытай заңы бойынша студенттер жұмыс істей алмайды. Егер жұмыс істегенін сақшылар біліп қойса, ірі көлемде айыппұл салады немесе Қазақстанға қайтарады», - дейді студент.

Ол егер де Қазақстан Қытайдан оралып жатқан студенттерді жұмысқа, тым болмаса тәжірибеге алса, онда көптеген жақсы мамандар шығушы еді дейді. Айғаным қазір Қытайдың халықаралық заң компаниясында тәжірибеден өткелі жатқанын айтты. Өйткені Қазақстанда тәжірибесіз  жұмысқа кіре алмаймын дейді. Ал Қытайда жұмыс істеу үшін арнайы жұмыс визасы болу керек. Ол тек жұмыс орны арқылы рәсімделеді. Және ол студенттерге берілмейді.

«Қытайлардан күнде жұмыс істеуді үйрендім. Бізде Қазақстанда жұмыс тоғызда басталады. Қытайлар таңғы алтыдан түнгі он-он бірге дейін еңбектенеді. Бәрі тіршілігін істеп жүреді. Ешкім «наным аз, суым аз» деп жылап жүрген жоқ. Мұнда адам көп, бәсеке бар, сондықтан бәрі жанталасып жұмыс жасайды. Қытайда қиындық тудырған нәрсе – туған-туыстарың мен достарыңның қасыңда болмауы. Бөтен елде қиын болса да, бастапқы кезеңде шыдау керек. Менің әкем марқұм Азамат Саин боксшы болған. Маған оның спорт шеберлігі, шыдамдылық қасиеті қатты көмектеседі. Ол мені алты жастан боксқа баулыған. Спорт жолына түспедім, бірақ бокс техникасын жақсы меңгергенмін. Бокс адаммен қарым-қатынас орнатуға да көмектеседі. Барлық нәрсеге салқынқанды болу керек, болмашы жайтқа уайымдап, өзіңді қинамау қажет. Егер сен өз мақсатыңды көрсең, соған жетуге тырысуың керек. Оған жету жолында не болатыны маңызды емес. Мен өз өмірімде көп қиындықтан өттім. Әкем ерте қаза тапты, әжем де қайтыс болды. Мен Қытайда жүргенімде, елімде осындай қайғылы жағдай болды. Өзімді бөтен елде қамқорсыз қалғандай сезіндім. Бірақ мен білімімді жалғастырып, әрі қарай жылжуға күш таптым. Шүкір, анам бар, мен оны қатты жақсы көремін. Менің қолымнан бәрі келеді, әлі талай белесті бағындырамын», - деп түйіндеді Айғаным Саина.

Бахтияр Юнусходжаев – болашақ бизнес басқарушы. Ухань технологиялық университетінің бірінші курс студенті. Шымкент қаласынан.

Бахтияр Юнусходжаев © baq.kz

Бахтияр Юнусходжаев – болашақ бизнес басқарушы. Ухань технологиялық университетінің бірінші курс студенті. Шымкент қаласынан.

«Мен бастапқыда Алматыдағы КИМЭП-те «Халықаралық қатынастар» мамандығы бойынша бір жыл оқыдым. Бірақ ата-анам «ХХІ-ші ғасырда қытай тілі ағылшын тіліне қарағанда сұранысқа ие болады» деп, мені Қытайға оқуға жіберді. Мен бастапқыда мұнда келгім келген жоқ. Әрине барлық жастар сияқты АҚШ-қа, Еуропаға барғым келді. Бірақ Қытайға жолым түсті. Осында келгенге дейін бұл ел туралы басқа пікірде болғанмын. Мен осы жақта адамдар аса мəдениетті тұрмайды, бұл жердің экологиясы нашар деп ойлағанмын. Бірақ келгеннен кейін пікірім өзгерді. Қытай өте үлкен, мұнда өте қызықты және бұл жақта шетелдіктерді құрметтейді. Маған ұнайды. Қиындықтарға келсем, мен өзім Шымкенттенмін ғой, әдетте біз жақ ыстық дейді. Бірақ, мен жазда Ухань Шымкенттен де ыстық деп айтар едім. Одан кейін маған бастапқыда бұл жақтың ащы тамағына үйрену қиын болды. Мен Қытайға келгенде мүлдем қытайша білмейтінмін. Сол үшін бастапқыда Қытайдың Чжочжоу қаласында бір жыл бойы қытай тілін оқыдым. Одан кейін Ухань қаласына келіп, бұл жерде тілді одан əрі тереңдеттім. Мұнда сабақтардың жартысы қытайша, жартысы ағылшынша өтеді. Қытай тілінен төртінші деңгейдемін. Мен бұл тіл болашақта маған керек болатынын түсіндім. Мысалы Қазақстанда жұмыс істеп, бизнес ашқың келсе, бәрібір қытай тілі қажет болады», - дейді Бахтияр Юнусходжаев.

Әсел Сапуанова – болашақ экономист. Хэбэй университетінің магистранты. Бірінші курс. Орал қаласының тұрғыны.

Әсел Сапуанова – болашақ экономист. Хэбэй университетінің магистранты. Бірінші курс. Орал қаласының тұрғыны

Әсел Сапуанова © baq.kz

«Бакалавриатты Қазақстанда бітірдім. Бірінші мамандығым – шығыстанушы. Қытай тілін қазақстандық мұғалімдерден ана тілінде оқығандықтан болар, маған оңай болды. Негізі, қазақша сөйлейтіндерге қытай тілін үйрену жеңіл болады. Қытай тілінен бесінші деңгейдемін. Тілді дұрыстап оқыса, бір жылда базасын үйреніп, қытайлықтармен сөйлесе беруге болады. Өзімді бұл сала қызықтырғандықтан осында оқуға түстім. Қазақстан мен Қытайдың білім беру жүйесі әртүрлі. Магистратурада бізге үй тапсырмасын бермейді, тек дәрістер өтеді. Соңында емтихан тапсырамыз. Өзіңе керек болса, оқисың. Қазақстанда баға үшін оқисың, ал мұнда бағаңды емтиханда бірақ білесің. Мүмкін әрбір университеттің жүйесі әртүрлі шығар. Менің мамандығымда, магистратурада осылай. Енді маған мүмкіндігінше көбірек білім алып, бітіргеннен кейін Қазақстанға оралып, жұмыс істеу керек. Елімізде өз салам бойынша жұмыс табылады деп үміттенемін».

Гүлбақыт Болатбекқызы – болашақ халықаралық заңгер. Ухань университетінің PHD докторанты. Бірінші курс. Қостанай қаласының тұрғыны.

Гүлбақыт Болатбекқызы – болашақ халықаралық заңгер. Ухань университетінің PHD докторанты. Бірінші курс. Қостанай қаласының тұрғыны.

Гүлбақыт Болатбекқызы © baq.kz

«Қытайда үшінші жыл тұрып жатырмын. Шетелде жүрген соң бізге Қазақстан туралы түрлі сұрақ қойылады. Шетелде жүрген адам – өз елінің ең үлкен, ең жақсы жарнамасы. Еліміз жайлы толық айтып беремін. Тіпті танымай жатса, «Димаши» десең, бірден біледі. Дегенмен, мен шетелдіктерге «оның толық аты Димаш Құдайберген» деп айтып жүремін. Ал Еуропа, Америка, Австралия мен Африкадан келген шетелдіктер бізді Геннадий Головкин арқылы таниды, сондықтан «Қазақстан» десең, «GGG» немесе «Triple G» деп айтады. Жақында Қазақстан билігіндегі өзгеріс Қытайда үлкен қызығушылық тудырып, сол түні маған жан-жақтан сұрақтар жауды. Бір түннің ішінде Қытай басылымдарында біздің ел мен президент туралы көптеген мақала жарияланды», - деді Гүлбақыт Болатбекқызы.

Шахрат Нұрышев - Қазақстанның Қытайдағы елшісі.

Шахрат Нұрышев - Қазақстанның Қытайдағы елшісі.

Шахрат Нұрышев © baq.kz

«Қытайдың ірі қалаларының барлығында біздің студенттер оқиды. Бейжің мен Шанхайдың өзінде 1 мың студенттен бар. Бұл елде қазақстандық студенттердің  KSAC деген өз қауымдастығы бар, оның басшылығы бар. Әр қалада бөлімшелері жұмыс істейді. Біз олармен ұдайы байланыстамыз. Қандай да бір іс-шаралар болса, әрдайым көмектесіп тұрамыз. Жыл сайын Қытайда қазақстандық студенттердің құрылтайы өткізіліп тұрады. Құрылтай әр қалада кезектесіп өтеді. Биылғысы Бейжің қаласында өтуі тиіс. Студенттерге қатысты бір проблема - студенттерді жинап, Қытайға жіберетін кейбір жекеменшік ұйымдардың жауапсыздығы. Олар студенттерді жібереді, бірақ Қытайда жастар үшін жауап бермейді. Осы – үлкен проблема. Біздің консул Болат Қадырұлы (Болат Сырлыбаев – Қытайдағы ҚР елшілігінің консулы) студенттер Қытайға келгеннен бастап ылғи солардың мәселесімен айналысады. Жастар мұнда ұшып келеді, оларды ешкім қарсы алмайды. Содан соң ата-анасына «біз әуежайда отырмыз, ешкім жоқ» деп хабарласады», - дейді елші.

Дипломаттың айтуынша, елшілер оқуға енді келген студенттердің барлығын бақылай алмайды.

«Ондай компаниялар «жастарды шығарып салып, осы жақтан қарсы алып, жатақханаға орналастырып, оқуын қамтамасыз етуге міндеттіміз» деп адамдардан ақша алады. Осылайша, студенттер келісімен консул, вице-консул, мәдениет және білім салаларымен айналысатын кеңесшіге бұл мәселемен айналысуға тура келеді. Олардың барлығы Қытай университеттерімен тұрақты жұмыс істеп, осы проблемаларды шешеді. Сол себептен біз өзіміздің студенттер қауымдастығымен бірлесіп, Қытайға жаңадан келгендер үшін жадынама жасадық. Қауымдастық өз чаттары арқылы осы ақпаратты таратады және студенттер тобы келе жатқанын білсе, отандастарын орналастыруға көмектеседі. Олар тіркелу, оқу визасын алу, медициналық сақтандыру және тағы басқасына қол ұшын созады. Қытайдың заңы қатал. Сондықтан жекеменшік компаниялар студенттерді жіберер алдында оларды мінезіне, тәртібіне қарай іріктеп жіберсе, дұрыс болар еді. Себебі Қытайда ең бастысы - заң бұзбау керек», - деп түйіндеді Шахрат Нұрышев.

Қымбат Елтайқызы,

Нұр-Сұлтан - Бейжің -  Хэфэй - Ухань - Чженчжоу - Кайфын - Бейжің - Нұр-Сұлтан

Сізден жаңалық