Нұрым Сағалиев: «Бұйратау» ҰТП-да браконьерлік мүлде жоқ деуге болады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Аң бақылаушы биолог Нұрым Сағалиев Ақмола, Павлодар, Қарағанды облыстарының түйілісіндегі «Бұйратау» Ұлттық табиғи паркінде ашылғаннан бері жұмыс істеп келеді.

Нұрым Әбдікәрімұлымен бір сәті келгенде ҰТП аумағындағы аң-құстар, табиғи парктің қазіргі жағдайы, оның фаунасы мен флорасы жайлы әңгімелескен едік.

Ұлттық парк 2011 жылы 11 наурыздан бері жұмыс істеп келеді. Парк аумағы – 88968 гектар жерді алып жатыр. Қарағанды мен Ақмола облысының жерімен шектеседі. Парктің өзінде екі бөлімше бар. Бірі – Ерментау бөлімшесі. Жер көлемі айтарлықтай үлкен – 60814 гектар. Екіншісі – қазір біз отырған Ақдің бөлімшесі. Жер аумағы – 28154 гектарды алып жатыр – деп бастады ол әңгімесін.

Айтса айтқандай, Бұйтарау тауларын алып жатқан таулы-жазықты бұйраның ішінде орналасқан орманды алқап көргеннің көзін сүйіндіріп, көңілін ілепіртері анық.

Ұлттық паркте аң-құстың сан алуан түрі бар. Әуелі көп кездесетін – Қызыл кітапқа енген арқар. Одан кейін жаңағы айтып отырған Ақдің бөлімшесінің қарамағындағы марал-бұғылар. Олар 2002 жылдан бері осында жерсіндірілген. Алғашында 400 гектар аумақты қоршап, соған жіберілген болатын. Орталық Қазақстан аумағындағы ең үлкен қоршау бізде болған еді. Қазір Ұлттық паркке еркін жіберілді. Осы паркке жіберілгелі бері бұғы басы да өсіп, саны көбейіп келеді. Арқар мен бұғыдан бөлек бұл жерде елік, қабан, бұлан, бизондар бар – дейді табиғат қорғаушы.

Қоңыр аң жүрген жерде «дала санитары» атанған қасқыр бастатқан жыртқыштар да болатыны сөзсіз. Нұрым Әбдікәрімұлы Ұлттық парк аумағындағы жыртқыштарға да тоқталды.

Біздің парк аумағында жыртқыш аңдардан үйреншікті болған қасқыр, түлкі, сілеусін секілді аңдар кездеседі. Ал суыр, қоян, саршұнақтар, қарсақ, күзен, т.б. кеміргіштер көп – дейді ол.

Ал өзі таулы, өзінің аумағында бірнеше өзен, бірнеше көлі бар өлкеде аңдардан бөлек, құстар да сайран салары сөзсіз.

Осы орай Нұрым Әбдікәрімұлынан аң-құстардың санын сұрадық. Әрине, жүгірген аң, ұшқан құстың санына жетіп жатқан адам жоқ. Десе де, парк аумағындағы тұрақты аң-құстың белгілі мөлшерде саны бары анық.

Биылғы 2021 жылғы қысқы санақ бойынша арқардың саны 570-600 бас маңайында. Бұл соңғы он жылда парктің арнайы бағдарламасы арқылы бақылауға алынып, қорғап, жыл сайын санап, арқар санының өсуіне ерекше жағдай жасау арқылы жеткен жетістігіміз. Басқа жануарлардың да саны жыл сайын өсіп келеді – дейді қорықшы.

«Бос жатқан жер – жау шақырады» дегендей, емін-еркін өскен аң-құс, тамаша табиғат кімнің болсын көзін қызықтырып, көңіл құртын қозыдарары белгілі. Соған қарамастан Ұлттық табиғи парк аумағында заңсыз аң аулау мүлде жоқ деуге болады.

Заңсыз аң аулау, браконьерлік осы парк ашылғалы бері 100 пайызға тоқтап қалды деуге болады. Мен осы жерде қызмет істегелі бері ондай бірде-бір оқиға тіркелмеген екен. Бұл біріншіден өте жақсы көрсеткіш болса, екіншіден, осы паркте қызмет атқаратын инспектор-қорықшының барлығы паркке жақын орналасқан ауылдардың азаматтары. Парктің жан-жағын ауылдар қоршап жатыр. Оның өзі парк аумағында заңсыз аң аулауға айрықша тыйым болып отыр. Біз қарағайлы орманды өлке болғандықтан, ағаш кесуден заңсыздықтар болған болуы мүмкін, ал аң-құс атудан браконьерлік мүлде тоқтады деуге болады – дейді Нұрым Сағалиев.

Орман демекші, «Бұйратау» Ұлттық табиғи паркінде орман да бар. Ол да паркпен бірге қорғауға алынған.

Қателеспесем, 9 мың гектардан астам алқапты орман алып жатыр. Бұл жерде ең құндысы Қызыл кітапқа енген Қара ағаш тұқымы өседі. Одан бөлек қырғыз қайыңы да осы өлкеден табылады. Негізгі ерекше ағаштар осылар болғанымен, парк аумағында өсімдіктердің 600-ден астам түрі кездеседі – дейді табиғат жанашыры.

Әңгіме барысында Нұрым Сағалиевтен қартайған аңдарды не істейтінін сұрадық.

Иә, кәрі құлжалар, бұлан, бұғылар кездесіп жатады. Олар туралы бұған дейін де өзім бірнеше мақала, деректі очерктер жаздым. Ғылыми мақалалар да жаздым кәрі аңдардың тіршілік етуіне қатысты. Ал кәрі жануарларды табиғат өзі реттеп отырады. Көбінде қасқырдың жеміне айналады ғой. Өз ажалымен өлетіндер де болады. Арқар қызыл кітапқа енгізілгендіктен оған оқ шығара алмайсың. Болашақта Үкімет бұл іспен айналысады деп ойлаймын. Селекция жасап, қартайған жануарларды басқа жаққа апаратын бола ма, оны мен білмеймін. Бірақ қазірдің өзінде 13-14 жастан асқан құлжалар күйектен кейін әзер жүреді. Бекерде қараңды көрсе қашатын құлжаларға 5-10 метрге дейін жақындауға болады – дейді қорықшы.

Қартайып өлген немесе қасқыр жеп қойған арқарларға, бұғыларға, жалпы кәрліктен өлген жануарларға АКТ жасалынады.

Оларға АКТ жасау да оңай шаруа емес. Бірақ қиын екен деп қарап отыра алмайсың ғой. 112-ге хабарласып, РУВД-ға тіркетеміз. Сосын сол жақтан арнайы мамандар келіп, тексереді. Қалай өлді, неден өлді, мылтықпен атылған жоқ па, қақпанға түсіп қалған жоқ па дегендерді тексеріп, АКТ жасап береді. Жылына 10-12 бас қасқыр жеген арқардың жемтігін анықтаймыз. Елікті, бұғыны да дәл солай тіркеп, АКТ жасатып отырамыз – дейді табиғат қорғаушы.

Жаз өз аяғымен жайылса да, қысқы қалың қарда қоңыр аңға қамқорлық керек. Парк инспекторлары сол үшін күзде жапырақ жинап, жазда шөп шабады.

Парк аумағындағы жануарларға азық дайындау көктемнен басталады. Бүкіл ел егінін егіп болған соң, біз осы жануарларға деп егін саламыз. Яғни, елден кештеу егеміз егінді. 15-20 күнге дейін кеш егетін кездеріміз болады. Себебі, ол егіннің кеш піскені бізге жақсы.Мысалы күзе ел егінге орақ салғанда, біздің егіннің масағы енді көгере бастайды. Ал ол кезде, өзіңіз білесіз, жапырақ түгел сарғаяды. Сол кезде біз сыпырғыш-жем (кормовой веник) дайындаймыз. Одан бөлек, шөбін дайындап, күзде біраз жем сатып аламыз. Өздерінің арнайы ащылайтын орындары бар, сол жерлерді тұзбен толықтырамыз – дейді Нұрым Сағалиев.

Қыс қатты болып, қар мол болса да арықтаған арқар, бұғылар жем іздеп қораға өздері келмейді. Арнайы шөп беретін орындары бар, сол жерге жем-шөбін апарып береміз – дейді табиғат қорғаушы.

Қыста қораға келмейді. Жылда жем шашатын арнайы орындары бар, сол жерге апарып жем-шөбін береміз. Мысалы қыста бір орынға қабанға жем шашсақ, олар күнде сол уақытта сол жем шашқан жерге келіп тұрады. Инспекторлар күнделікті сол жерге жем-шөбін деріп отырады. Кейде қаршанамен, кейде трактормен барады. Марал, еліктер де солай. Ал арқар аса қиналып кетпесе тұздан басқа ештеңеге келмейді. Тұздың өзін жәшікке не бір ыдысқа салып кетисең, оған да жоламайды. Тек өздерінің арқаржалағына ғана төгіп кетесің, сол жерден жалайды – дейді табиғат қорғаушы.

Нұрым Әбдікәрімұлының айтуына қарағанда, қыс ұзап, жем-шөп жетіспей кеткен кезде қабығы мол тал-теректерді де құлатып беретін кездер болады екен. «бұйратау» ҰТП-ға өткен жылы оншақты бизон әкелген болатын. Әңгіме барысында олардың бүгінгі жағдайын да сұрадық.

Жағдайлары жақсы. Қыстан да жақсы шықты. Бірақ әлі төлдеген жоқ. Көбі жас бизондар секілді. Бізге Бурабай ҰТП-нен келген болатын. Бір қызығы бизондар басқа жаунуарларға қарағанда жуастау болады екен. Мысалы осы табиғи парктегі арқар, бұғы, еліктер адам қарасы көрінсе бірден атырыла қашып, ұзап кетеді. Ал бизондарға 5-10 метрге дейін жақындауға болады – дейді ол.

Қорықшыларға мемлекет тарапынан жағдай жасалған. Қазіргі таңда «Бұйратау» Ұлттық табиғи парк аумағын күзететін 50-ден астам инспектор-қорықшы бар.

Ерментау бөлімшесінде 30 инспектор, ал Ақдің бөлімшесінде 20-дан астам – жалпы 50-ден астам қорықшы бар. Оның ішінде мамандар да бар, олар да инспекторға жатады. Екі аңшы, орманшы бар. Жануарларды болсын, орманды болсын күзету мәселесі жақсы жолға қойылған. Соған қарамастан, біздің ең бірінші жауымыз – табиғи өрт. Өткен жылы Ерментау бөлімшесінің өзінен үш өрт тіркелді. Көбінде найзағай түсуінен болып өрт тұтанады. Бір қуанарлығы адам факторымен шығатын өрт саны азайды – дейді Нұрым Әбдікәрімұлы.

Әңгіме барысында қорықшыдан әлеуметтік жағдайларын сұрадық.

Айлық білімге байланысты төленеді. Егер осы сала бойынша біліміңіз жоқ па, сізге айлық та жоқ. Тым болмағанда орманшының оқуын оқымаған болсаңыз, 60-70 мыңды қанағат етесіз. Ал осы сала бойынша белгілі бір мамандықты бітірген болсаңыз айынан 100 мың теңгеден астам айлық алуға болады. Айлық аймен есептелгенімен, инспекторлар кезекпен 10 күн, 15 күнмен келіп міндеттерін атқарады – дейді табиғат қорғаушы.

Ұлттық табиғи парк болған соң өзі тамаша табиғаты мен түрлі аң-құсымен көз тартып тұратындықтан парк аумағына келіп демалушылар саны да жылдан-жылға артып келеді.

Парк аумағында демалушыларға, туристерге арналған төрт бағдар бар. Оның бірі – Ақдің бөлімшесінде болса, қалған үшеуі – Ерментау бөлімшесіне қарасты. Ол бағдарлардың бәрі де жердің табиғи ерекшелігіне байланысты туристерге ыңғайлы болу үшін түгел жабдықталған. От жағатын жері, қоналқасы, қауіпсіздігі бәрі ойластырылған. Инспекторлардың басқаруымен гидтары да дайындалған ол жерлерде. Ақдіңдегісі «Қараағаш» деп аталса, Ерментаудағы үшеудің бірі «Ырғайлы» және келесі екеуі «Жаушоқы-1», «Жаушоқы-2» деп аталады – дейді қорғаушы.

Туристердің келгені жақсы. Бірақ бізде туризм мәдениеті әлі қалыптаса қоймаған. Демалған орнын, қоналқасын, жүрген жолын қоқысқа толтырып кететіндер аз емес.

Негізі өз ойымды бүкпесіз айтар болсам 50/50. Олай дейтінім, демалушының қасына келіп, тықақтап, «ананы тастама, мына жерді бүлдірме, демалған орныңды тазалап кет, артыңнан келіп тексерем» деп қақылдап отырсаң тазалап кетеді. Ал «осы жерге барып демаласыздар, тазалап кетерсіздер» деп жәй айта салсаң, бәрібір артында бір қоқыс жатады. Артын тап-тұйнақтай тазалап, өзіне де, табиғатқа да жанашырлық таныту деген жоқ. Дегенмен, ақырындап, табиғатқа жанашырлықпен қарауды үйреніп келеміз. Бұл жолда жастарға көбірек тәрбие беру керек деп ойлаймын. Әрине, әрбір туристен кейін сол күнгі кезекші болған инспектор өзі барып бәрін қарап кетеді. Таза ма, өрт тұтанып кеткен жоқ па, отты толық өшірді ме, дегендей. Егер олай болмаса, сол инспектор бәрін өзі істейді – дейді Нұрым Сағалиев.

Қазіргі кездегі ел ішіндегі елеусіз болса да, айтылып жүрген мәселенің бірі – жер атауларының қазақша, тарихи атауын қалпына келтіру. Әңгіме барысында Нұрым Сағалиевтен парк аумағындағы жер аттарының қазақша аталу барысы жайлы сұрап қалған едік.

Өзіміз үшін қазақша жазамыз, қазақша айтамыз. Әсіресе жануарлар санағы кезінде жер атауына қатысты жұмыстар көп болады. Мысалы, қазір біз отырған аумақ («Бұйратау» ҰТП-ның «Қараағаш» туристік орыны – Е.Ж.) 80-квартал болса, осы жердің атауын қоса жазамыз. Мысалы мен өзім үлкендерден естуім бойынша, осы 80-кварталда Қараағаш, Ұябай, Жуанадыр, Бозайғыр, т.б. қатарлы атаулары бар. Соның барлығын өзіміз үшін, шамамыз келгенше қазақша атап, құжатқа да солай жазуға тырысамыз. Біздікі қала емес, дала ғой, сондықтан да қазақша атауын жазу өз қолымызда – дейді қорықшы.

Сөз соңында қорықшы табиғат аясында демалушыларға өтініш жасады.

Еліміз дами берсін, Қазақстанның кез келген жерін табиғи паркке айналдыруға болады. Тек сол табиғат аясында демалушылар сол жердің қадірін біліп, таза сақтап, құрметтей білсе деймін - дейді табиғат қорғаушы. 

Суреттер Нұрым Сағалиевтің жеке қорынан алынды


Фото: дереккөз
Загрузка...