Ертіс өңірінде мүгедектігі бар жандар қыш шеберлерінің сабақтарына қатысып, ерекше сезімге бөлену мүмкіндігіне ие. Әлеуметтік жоба мүмкіндігі шектеулі азаматтар, ерекше балалардың ата-аналары мен туыстарына қолдау көрсетуді көздейді, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.
Арт-терапия – ерекше қажеттіліктері бар жандарға экологиялық және қауіпсіз жағымды әсер етудің тиімді жолы. Қыш шебері Айдар Әбдікәрімовтың пікірі де осындай.
Екібастұздық саздың күші
Айдар Әбдікәрімов кезінде облыс орталығындағы керамикалық цехта жұмыс істеген. Бүгінде ересектер мен балалар қызығушылық танытқан бағытты дамытуға атсалысып жүрген жайы бар.
Ерекшелігі сол, шығармашылық терапия барысында Екібастұз өңірінің қызғылт түсті сазы қолданылады. Шебердің ойынша, материал мүмкіндігі шектеулі жандарға жердің тылсым күшін сезініп, оларды ерекше сезімге бөлейді.
Ерекше балалар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға қыш өнерінің қыр-сырын меңгеру мақсаты жоқ. Бар болғаны оларға жағымды әсер етіп, басқа кеңістікте болуға мүмкіндік беруді көздеймін деуге болады. Шабыт та сыйлайды. Туған жердің топырағын ұстап, одан құмыра немесе өзге де бұйымдарды жасаудың пайдасы зор. Терапия кезінде Екібастұз өңірінің сазын сатып аламыз. Бұл материал елімізде сұранысқа ие. Жалпы, саздың түр-түрі бар. Біз өзіміздің топырақты қолданамыз, - дейді Айдар Әбдікәрімов.
Шебердің айтуынша, мүгедектігі бар азаматтардың шығармашылыққа құштарлығы ерекше. Шеберлік сабағы кезінде балалар құмыра жасап үлгеріп, бұйымды өздері кептіріп, күйдіреді. Арт-терапия аясында шеберхана қажетті құралдармен жабдықталған. Арнайы құралдар да, қыш күйдіру пеші бар. Болашақта ауқымды көрме ұйымдастыру жоспарланған.
Терапия кезінде саздан қандай зат немесе бұйым туатыны маңызды емес. Маңыздысы – ол сазды қолмен ұстау, яғни, процесстің өзі. Балалар қолдың ұсақ моторикасын дамыту мүмкіндігіне ие болса, ересектер ұмытылмас эмоциялар үшін келіп жатады. Қыш - үлкендер мен кішіге ортақ қызықты өнер, - дейді Айдар Әбдікәрімов.
Әлеуметтік жобаның берері не
Арт-терапия – облыс аумағында жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік жобаның бір бағыты ғана. Өңірде мүгедектігі бар жастарды қолдау мақсатында ақпараттық-ресурстық орталық ашылған. Жобаның мақсаты – қоғамды мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған мемлекеттік қолдау шаралары, ем-дом алу бойынша ақпарат беріп, барынша қолдау көрсету. Жобаны менталды ауытқушылықтары және мүгедектігі бар азаматтарға қолдау көрсетумен айналысатын «Алтын бата» қоғамдық ұйымының өкілдері қолға алған.
Бірлестік төрайымы Евгения Стельваганың айтуынша, мүгедектерді мемлекеттік қолдау шаралары баршаға қолжетімді болғанмен, азаматтар оларды қолдану механизмдері туралы білмеуі мүмкін.
Бірінші кезекте мүгедектігі бар тұлғалар мен олардың ата-аналарына ақпараттық-әдістемелік қолдау көрсеткіміз келеді. Негізі, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қажет мәліметтер ашық. Бірақ, бұл санатқа жататын тұрғындар маңызды мәліметтерді қайдан іздеуін, заңдар туралы білмеуі мүмкін. Тағы бір ескерер жайт, мүгедек баласының жанынан шықпайтын ата-ана маңызды ақпараттардан хабардар болмау қалуы мүмкін. Сол себепті, біз кеңестік жұмыстарды да атқарамыз. Біз оқыған, тоқыған академик емеспіз. Кей аналар өз құқықтарын біліп, қолдау шараларын барынша пайдаланып келеді. Дегенмен, көмегімізге жүгінетін ересектер де баршылық, - дейді Евгения Стельвага.
Ресурстық орталық өкілдері облыстың қалалары мен аудандарын аралап, ақпараттық қолдау шараларын қолға алған.
Жобамыз облыстық қоғамдық даму және ақпарат басқармасының қолдауымен жүзеге асырылуда. Ерекше қажеттіліктері бар баланың анасы қиын жағдайға тап болғанын көрсек, бұл - мемлекеттің беделіне кері әсер ететін фактор. Менің ойымша, елде менталды ауытқушылықтары бар тұлғалардың проблемалары көлеңкеде қалып отыр. Иә, арбаға таңылған азаматтың мәселелері көзге бірден түседі, ал менталды ауруларға шалдыққандар назардан тыс қалғандай. Бұл - қандай да бір аймақтың ғана емес, бұл мемлекеттік деңгейдегі әлеуметтік мәселе. Былтыр бес аудында болдық, биыл да бес ауданды араладық. Кей ересектер диагностика жасау, мүгедектікті ресімдеу туралы білмей жатады. Біз мардымды ақпарат береміз. Мәселен, екі жыл ішінде біз 20-дан астам баланың мүгедектік тобын өзгертуге көмектестік, - дейді Евгения Стельвага.
Жоба шеңберінде алдағы уақытта мүгедек бала тәрбиелеп жатқан ересектерге психолог, заңгердің кеңесін беру жүргізіледі. Осы күнге дейін жүзге жуық жеке және топтық кеңес берілді.
Мүгедек баланың ата-анасы - 24/7 жұмыс істейтін әлеуметтік қызметкер. Олар психолог кеңесіне зәру. Психологтың ерекше балалармен жұмыс бойынша тәжірибесі мол.Мәселен, аутист бала бағып отырған анаға да, балаға да қолдау керек. Жоба аясында спорттық және шығармашылық шаралар ұйымдастырамыз. Ауылдарда бір бөлмеден шықпайтын мүгедек балалар бар. Мысал келтірейін. Успен ауданында болған кезде зағип баланың анасы кеңесімізге келді. «Балаңыз қайда?» деп сұрағанда, «Ол үйден шықпайды» деп қысқа қайырды. Дегенмен, біз бауыр еті баласымен танысқымыз келіп, арт-терапияға шақырдық. Жасөспірім қыштан бұйым жасап, әңгіме барысында өлең жазуды ұнататынын білдік. Кейін оны шығармашылық фестивальге шақырдық. Ол сахнаға шығып, өзі шығарған өлеңдерін оқыды. Осы тектес мысалдар жетерлік, - дейді ұйым төрайымы.
Айта кетейік, осы уақытқа дейін арт-терапияға жүзден астам адам қатысып, алғашқы құмыраларын жасаған. Әлеуметтік жоба шеңберінде бас-аяғы мыңға жуық тұрғынды қамту жоспарланған.