«АрселорМиттал Теміртау» акционерлері мен басшылығы қатаң түрде жазасын алуы керек - депутат

29 Қазан 2023, 13:34
1540
Бөлісу:
«АрселорМиттал Теміртау» акционерлері мен басшылығы қатаң түрде жазасын алуы керек - депутат
Фото: Мәжіліс

Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы Костенко шахтасындағы болған жағдайға қатысты пікір білдірді, деп хабарлады BAQ.KZ тілшісі.

Біз әлемде жер көлемі жағынан 9-орын алатын мемлекетпіз дейміз. Қазақстанның байлығы шашылып, төгіліп жатқанымен, бізде шашылып,төгіліп жатқан адам жоқ. Біз үшін әрбір азамат құнды. Заңнама мен Конституция бойынша Қазақстанның ең басты құндылығы - адам. Әрбір азаматымыз үшін біз жауапты болуымыз керек. Шетелден келген инвесторлар жоба ретінде қанша қаражат әкелсе де, олардың ең бірінші міндеті - адамдардың денсаулығы мен өмірінің сау болуы, жұмыс орындарында техникалық қауіпсіздіктің сақталуы. Жұмыс келісімшарты бойынша азаматтардың жұмысқа орналасуы сынды дүниелер басты орында болуы керек, - деді депутат.

Нартай Аралбайұлы «АрселорМиттал Теміртау» компаниясында бүгінге дейін бірқатар апат болғанын атап өтті. Депутат атағандай, бұған дейінгі апаттар оларға сабақ болмаған.

Бұған дейінгі болған апаттар оларға ешқандай сабақ болмаған. Өзінің қателігінен ақылды адам сабақ алады, ақымақ адам ешқашан сабақ алмайды. Компанияны осы тұрғыдан ақылды дей алмаймыз. Шахталарда жүздеген адам опат болды. Бұл үлкен жайт. Сондықтан Мемлекет басшысының аталған компаниямен инвестициялық жобаларды тоқтатуға қатысты Үкіметке берген тапсырмасы - өте дұрыс бастама. Компания Қазақстаннан кетуі керек. Олармен жұмыс түгел тоқтатылуы керек. Олардың акционерлері мен басшылық құрамы Қазақстаннан шығарылмауы керек. Олар бұған дейінгі болған апаттар үшін қатаң түрде жазасын алуы керек. Осыған дейін компанияға тексеріс жүргізген адамдарды да тексеру керек деп санаймын, - деді Мәжіліс депутаты.

Айта кетейік, Қарағанды ​​облысындағы Костенко атындағы шахтада 28 қазан күні сағат 02:33-те жарылыс болды. Алдын ала болжам бойынша, лавада газ метан жарылған.

Тоқаев Үкіметке "АрселорМитталТеміртау" компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырды. Сондай-ақ Бас прокуратура қылмыстық іс қозғады.

Костенко шахтасындағы апаттың себептерін тергеу жөніндегі Үкіметтік комиссия құрылып, "АрселорМиттал" АҚ мемлекет меншігіне өтетіні белгілі болды.  

Денсаулық сақтау министрлігінің дәрігерлер тобы зардап шеккен кеншілерге медициналық көмек көрсету үшін Қарағандыға жіберілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев та апаттың мән-жайын анықтап, тиісті шешім қабылдау үшін Қарағанды облысындағы қайғылы оқиға орын алған жерге барды.

Бүгін елімізде Жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды.

Сағат 10:00-дегі ақпарат бойынша, Костенко атындағы шахтадағы өрт салдарынан 36 кеншінің мерт болғаны анықталды.

Өзгелердің жаңалығы