Арқаны кеңге салуға болмайды, жұқпалылығы өте жоғары стелс-омикрон тарап жатыр – Табынбаев

4 Наурыз 2022, 12:31
2665
Бөлісу:
Арқаны кеңге салуға болмайды, жұқпалылығы өте жоғары стелс-омикрон тарап жатыр – Табынбаев

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Табынбаев ӨКҚ алаңында өткен брифингте қаладағы эпидемиологиялық жағдай туралы баяндады.

Алматыда эпидемиологиялық жағдай тұрақталып, қала бірнеше күн бұрын «жасыл» аймаққа өтті. Дегенмен, басқарма басшысы жағдай жақсарды екен деп, арқаны кеңге салуға әлі ерте екенін айтады.

Вирустың басқа да түрлері шығып жатыр, оны стелс-омикрон деп жатырмыз. Бұл атының өзі айтып тұрғандай жасырын омикрон. Ол ПТР тестімен анықтала бермейді. Сондықтан да қауіпті әрі жұқпалылығы жағынан омикрон штамынан 3 есе жоғары. Дегенмен, ауру белгілері бірдей, дене қызуының көтерілуі, үздіксіз жөтел, иіс және дәм сезуді жоғалту,-дейді Н. Табынбаев.

Оның айтуынша, 4 наурыздағы жағдай бойынша коронавирустық инфекцияның 68 жаңа жағдайы тіркелген, оның 60-да симптомдық белгілері бар және 8-і симптомсыз.

Өткен тәулікте ауруханалардан 27 науқас емделіп шықты, ал келіп түскендер саны – 22. Қазір инфекциялық стационарларда 283 адам ем алып жатыр, оның ішінде 10 бала бар. Жалпы реанимация және қарқынды терапия бөлімшесінде –  32 науқас ем алып жатыр,-деді ол.

Сонымен қатар ол қала ауруханаларына күніне 15-20 науқас түсіп жатқанын, бұл бір ай бұрынғы көрсеткішке қарағанда 6 есе аз екенін жеткізді.

4 ақпанда қаланың медицина ұйымдарына тәулігіне 1,5 мыңдай науқас жүгінетін, оның 150-200 жуығы ауруханаға жатқызылатын. Науқастар санының азаюына байланысты инфекциялық төсек-орындарды да азайтып жатырмыз. Қазір инфекциялық 845 төсек-орын жасақталған. Бұл төсек-орынның толуы 33%,-деді Табынбаев.

Сонымен қатар ол БМСК мен Телемедицина орталығы дәрігерлерінің бақылауында 647 науқас барын атап өтті. Бұл бір ай бұрынғы жағдаймен салыстырғанда 11 есеге аз екен.
 

Өзгелердің жаңалығы