Арқалықтың мың домбырашысы

Арқалықтың мың домбырашысы
PHOTO
954

Қостанай, BAQ.KZ тілшісі. Ұлттық домбыра күні және ұлт ұстазы  Ахмет Байтұрсынұлының 150-жылдық мерейтойына  орай Арқалық қаласында мың домбырашы күй шертті.

Ұлттық аспапты дәріптеген ұлық мерекені ұйымдастыруға Әмірхан Асанов тікелей мұрындық болғанын айта кеткен жөн. Мың адамдық оркестр құрамын жасақтауда тек жергілікті тұрғындарға ерекше мән беріліпті. Атап айтсақ, Арқалық қаласы мен оған қарасты он сегіз ауыл тұрғындары халық аспаптар оркестрінің құрамын толықтырды.

«Арқалық қаласында халық аспаптар оркестрі мен қала тұрғындарынан құралған 1000 адамдық оркестр өнер көрсетті. Олар «Тепеңкөк», «Салкүрең» сияқты халық күйлерін, Құрманғазының «Балбырауын», Нұрхан Ахметбековтың «Жеңіс», Нұрғиса Тілендиевтің «Әлқисса» күйлерін нақышына келтіріп орындады. 

Ұлттық аспабымыз, ұлттық өнеріміз ұлықталған шараның ұлағаты мол. Осы шараға дайындық барысында 700 адам қолына алғаш рет домбыра ұстаған. Ең жасы үлкен домбырашы 87 жаста, ең жас өнерпаз 8 жаста. Бір әулеттен 22 адам өнер көрсеткені де таңғаларлық жағдай. Арқалықтағы айрықша өнер мерекесі жиналған жұртшылыққа рух беріп, көңілін көкке көтеріп тастады, - дейді облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов.

Аталмыш шара талай тектіні түлеткен алақандай Арқалық қаласында алғаш рет өтіп отырғанын айта кеткеніміз жөн. Осынау ұлтық рух пен қазақтың қасиетті қара домырасын қастерлеген шараның атауы да ерекше. Ол «Домбыраның күмбірі, бар қазақтың бірлігі»  деп  аталады.

«Мың  адамнан құрылған халық аспаптар оркестрінің  дирижері ҚР мәдениет қайраткері, Арқалық қаласының құрметті азаматы Бораш Әбенов болды.

«Осы мың домбырашылар флешмобына қатысып, естіген құлақтың құрышын қандырып, тамылжыта күй шерткен 87 жастағы ақсақалымыз Кәкеш Шәріпұлына құрмет көрсетіліп сый-сыяпат жасалды. Шараның ең жас добырашысы 8 жасар Мейіржан Қабиден де назардан тыс қалған жоқ. 

Оның сыртында «Добырашылар әулеті» аталмына ие болған Бөлтіріктер әулетінен 22 адам осы шарада бірге отырып күй шертті , - дейді Арқалық қалалық мәдениет сарайының көркемдік жетекшісі Миргүл Мұсабекова.

Шара соңында қазақ ұлт аспаптар оркестрінің дирижері, ҚР мәдениет қайраткері, Арқалық қаласының құрметті азаматы Бораш Әбеновті қала әкімі Әмірхан Біркенұлы арнайы сыйақымен марапаттады. Ұлттық мұрамызды дәріптеген Арқалықтағы рухни кеш жергілікті өнерпаздардың концерті және мерекелік от шашумен аяқталды


Фото: автордан