Арнұр Қарымсақов: Архив – тарихымыздың темірқазығы

8 Қаңтар 2021, 06:23
3079
Бөлісу:
Арнұр Қарымсақов: Архив  – тарихымыздың темірқазығы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласына қатысты ҚР «Орталық мемлекеттік архив» директоры Арнұр Қарымсақов өз пікірін білдірді.

Мемлекет басшысы халқымыз үшін Тәуелсіздік – киелі, қастерлі ұғым екенін айта келе, биыл Тәуелсіз ел атанғанымызға 30 жыл толатынын және бұл ел іргесінің нығая түскенін айқындайтын маңызды белес екенін атап өтті. Мемлекет басшысының мақаласында айтылғандай, егемендіктің отыз жылында еңсерген белестеріміз, бағындырған биіктеріміз, толағай табыстарымыз аз емес. Тек соның қадірін біліп, ата-бабамыз аңсаған арманды орындап, кейінгі ұрпаққа аманаттау – басты парызымыз. Жаһандану заманында ұлттық жадымызды сақтап қалу үшін тарихқа табан тіреуіміз қажет. Осы тұста уақыт көші архив қызметкерлеріне үлкен міндет жүктеп отыр. Себебі Тәуелсіз елдің тарихы да, архиві де тәуелсіз болуы тиіс. Жақсы білесіздер, архивті сақтау, оны түгендеу өркениетті елдердің үрдісі. Қорында 1,5 миллионға жуық ісі бар Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты «Орталық мемлекеттік архив» еліміздің ең ірі көппрофильді архиві екенін айта кетейік. Архив қорында сақталған әртүрлі кезеңдегі құжаттардың басым бөлігі өзінің ақпараттық қанықтығы бойынша және тіркелген деректерінің көрнектілігі бойынша бірегейлігімен ерекше. Олар қазақ халқының экономикалық жағдайынан, қазақ қоғамының XVI-XX ғғ. аралығындағы әлеуметтік-саяси және мәдениеті мен тұрмысының ерекшеліктерінен хабар береді, – дейді ол.

Оның айтуынша, архив қорларының аса құнды бөлігін Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев, Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, С.Датұлы, И.Тайманов, Ж.Тіленшиев, К.Қасымұлы және т.б. көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, ұлт зиялыларының өмірі мен қызметін баяндайтын құжаттарды құрайды.

Қазақстанда тоталитарлық тәртіпті орнату, мүлікті тәркілеу және байлар мен жартылай феодалдарды жер аударту, жаппай ұжымдастыру, XX ғ. 30 жж. ашаршылығы сияқты бұрын жабық болған тақырыптар бойынша сақталған қорлардағы деректер бүгінгі таңда ерекше маңызға ие болып отыр. Тарихтан белгілі, ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы саяси қуғын-сүргін зобалаңы – халқымыздың тарихындағы қасіретті кезең болды. Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмыстарын аяқтап, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құруды тапсырған болатын. Біз осылайша жазықсыз жапа шеккендерді есте сақтау әрі ақтау арқылы ғана болашақ ұрпақтың кемел келешегіне жол ашамыз. Бұл бәріміздің перзенттік парызымыз, – дейді Арнұр Қарымсақов.

Сондай-ақ, ол болашақтың берік іргетасы Тәуелсіздіктен бастау алғанын айтты.

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін шекарамызды шегендеп, тарихымыздың алтын әріптермен жазылуы үшін мемлекеттік деңгейдегі тиісті шараларды жүзеге асыра бастады. Оның ішінде «Рухани жаңғыру», «Архив - 2025» сынды мемлекеттік бағдарламаларды айтсақ болады. Бұл бағдарлама негізінде отандық архивтер шетелдік архивтермен тығыз қарым-қатынас орнатып, ұзақ мерзімді іздеу-зерттеу жұмыстарын жүзеге асыруды бастап кетті. Енді ел тарихына қатысты жиналған құнды материалдар архивте сақталып қана қоймайды, ол толықтай цифрланып, ел назарына ұсынылатын болады. Осылайша Тәуелсіздігіміздің мерейтойы аясында ата-бабамыздың тарихын, бай мұрасын жастарымызға және бүкіл әлемге паш етуіміз керек. Осы орайда айта кеткен жөн болар, биыл ел тарихының қайнар көзі – Орталық мемлекеттік архивке 100 жыл толып отыр. Сондай-ақ, тағы бір жағымды жаңалық, биылдан бастап мерекелік күндер күнтізбесіне 22 желтоқсан «Архившілер күні» болып енгізілді. Бұл да бір тарихи күн ретінде архивист мамандардың мерейін өсіре түсті. Ендігі кезекте, еліміздегі архив ісін халықаралық деңгейге көтеру, әлем таныған еңселі ел ретінде жаһандық көшке ілескен Қазақстанның болашағын одан әрі жарқын, келешегін кемел ету жолында бәріміздің аянбай тер төгуіміз басты мұрат болып қала бермек, – дейді ҚР «Орталық мемлекеттік архив» директоры Арнұр Қарымсақов.

Өзгелердің жаңалығы