Таразда тұрақта 7 жыл тұрған жүк көлігі бөлшектеліп кеткен

Таразда күзет агенттігі арнайы тұрақта бөлшектелген көлік үшін 8,6 млн теңгеден астам өтемақы төлейтін болды.

 ©BAQ.KZ архиві/Мади Искаков Бүгiн 2026, 19:46
Бүгiн 2026, 19:46
122
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Мади Искаков

Таразда сот арнайы тұрақта бөлшектеліп кеткен көлік үшін күзет агенттігінен 8,6 млн теңгеден астам шығын өндіру туралы шешім шығарды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Жамбыл облысы соттарының ресми Telegram-арнасында жарияланған мәліметке сәйкес, 2015 жылы сот шешімімен талапкерге тиесілі Volvo FH12 жүк көлігіне несие берешегін өндіру аясында өндіріп алу шарасы қолданылған. 

2017 жылы көлік құралына сот орындаушысы тыйым салып, оны жауапкер – күзет агенттігінің қарауына берген.

Көлік арнайы тұрақта жеті жылдан астам уақыт тұрғаннан кейін жүргізілген тексеру барысында оның толықтай жарамсыз күйге түскені анықталған. Атап айтқанда, негізгі тораптары мен агрегаттары ұрланып, көліктің өзі іс жүзінде толықтай бөлшектеліп кеткен.

Талапкер күзеттің тиісті деңгейде қамтамасыз етілмеуі салдарынан көліктің сот белгілеген құны 9,6 миллион теңгеден 992 мың теңгеге дейін төмендегенін көрсеткен.

Жауапкер талап арызды мойындамай, 2019 жылы нысанның басқа күзет компаниясына берілгенін алға тартқан. Алайда сотқа мұны растайтын құжаттар, соның ішінде қабылдау-тапсыру актілері ұсынылмаған. Сот заңнамаға сәйкес жауапкер серіктестік көліктің сақталуын қамтамасыз етуге және оны қабылдап алған кездегі күйінде қайтаруға міндетті болғанын анықтады. Жауапкер көлік бөлшектерінің жоғалуына өзінің қатысы жоқ екенін дәлелдей алмағандықтан, талапкердің талаптары негізді деп танылды, - делінген хабарламада.

Тараз қалалық сотының шешімімен күзет агенттігінен талапкердің пайдасына 8,6 миллион теңгеден астам материалдық шығын, сондай-ақ мүлікті бағалау шығындары мен мемлекеттік баж өндірілді.

Жауапкер бұл шешімге шағым түсіргенімен, азаматтық істер жөніндегі сот алқасы бірінші сатыдағы соттың қорытындыларымен келісіп, шешімді өзгеріссіз қалдырды.

Сот актілері заңды күшіне енді.

Наверх