Мәжіліс депутаты Болат Керімбек арнаулы мемлекеттік органдар қызметін жетілдіруге бағытталған заң жобасы аясында бірқатар жаңа норманы таныстырды.
Депутаттың айтуынша, заң жобасында әскери және арнаулы оқу орындарына түсу конкурстарын өткізу тәртібін нақтылау ұсынылады. Атап айтқанда, талапкерлердің емтихан нәтижелері тең болған жағдайда жекелеген санаттағы азаматтарға басымдық беру көзделген.
Олардың қатарында жетім балалар, мектепті «Алтын белгімен» аяқтаған түлектер және халықаралық олимпиада жеңімпаздары бар.
“Білім туралы” және “Әскери қызмет туралы” заңдарда мұндай мүмкіндіктер қарастырылған. Алайда, бұл норма “Арнаулы мемлекеттік органдар туралы” заңда көзделмеген, - деді Болат Керімбек.
Сонымен қатар ілеспе заң жобасында мемлекеттік құпияларды қорғау саласындағы талаптарды бұзғаны үшін жауапкершілікті күшейту ұсынылып отыр.
Құпия ақпарат иелеріне әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде осы талаптарды қайта бұзған жағдайда жауаптылықты күшейту көзделеді, - деп атап өтті депутат.
Бұдан бөлек, заң жобасында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметі жұмысының тиімділігін арттыру мәселесі де қарастырылған.
Мемлекеттік күзет қызметінің жұмысын жеделдету мақсатында аталған мекемеге қызметі барысында орындалмаған нұсқамалар бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасау құқығын беруді ұсынамыз, – деді Болат Керімбек.
Еске салайық, бұған дейін депутат Қазақстанда талантты жастарды арнаулы мемлекеттік органдарға қызметке тартуды ұсынды.