Армия спортшыларының мықтылығы әскеріміздің мәртебесін арттырады - министр

27 Желтоқсан 2023, 13:18
472
Бөлісу:
Армия спортшыларының мықтылығы әскеріміздің мәртебесін арттырады - министр
Фото: Қорғаныс министрлігі

Қорғаныс ведомствосында Бакуде әскери қызметшілер арасындағы күрестен өткен XXXVI әлем чемпионатында сәтті өнер көрсеткен спортшыларға құрмет көрсетілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Халықаралық әскери спорт кеңесі (CISM) мен Әзербайжан Қорғаныс министрлігі ұйымдастырған жекпе-жектерде 18 елден келген 300-ден аса спортшы қатысты. Біріншілік қорытындысы бойынша Қарулы күштердің өкілдері «алтын», «күміс» және екі «қола» олжалады.

Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов спорттағы жоғары жетістіктері үшін Аманғали Бекболатовты «Ел қорғаны» ведомстволық медалімен марапаттады. Сәтті жекпе-жек өнерін көрсеткендері үшін спортшыларды құттықтап, құрмет грамоталарын табыс етті.

Сендердің халықаралық біріншіліктердегі жеңістерің мен жетістіктерің – елдің беделін көтеруге қосқан үлестерің. Армия спортшыларының мықтылығы әскеріміздің мәртебесін арттыруға ықпал етері сөзсіз, – деп атап өтті ол.

Грек-рим стиліндегі күрестен әскери қызметшілер арасында өткен әлем чемпионатында 55 келіге дейінгі салмақта армия балуаны Аманғали Бекболатовқа тең келер ешкім болған жоқ. Еркін күрестен жарыста 79 келіде екінші орын Орталық спорт клубының спортшысы Рүстем Мырзағалиевқа бұйырды. Қола жүлде иеленгендер – Мейіржан Әшіров (70 келі) пен Дәулет Теміржанов (57 келі).

Спортшылар да осы мүмкіндікті пайдаланып, Қорғаныс министрлігі мен Қарулы күштердің басшылығына спортты дамытуға қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірді.

Бүгінгі таңда әскери спортшылар түрлі деңгейдегі 140-тан астам іс-шараға қатысты. Жыл басынан бері халықаралық және республикалық жарыстарда ОСК спортшылары 340 медаль еншіледі. Жалпы саны 171 алтын, 82 күміс және 87 қола алды.

Өзгелердің жаңалығы