- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Арменияның жаңа бағыты: Ресейден алыстау нені білдіреді?
Арменияның жаңа бағыты: Ресейден алыстау нені білдіреді?
Сарапшылар Қарабақтан кейінгі Арменияның сыртқы саясаты, Ресеймен арадағы салқын қатынас және аймақтағы жаңа геосаяси тепе-теңдік туралы пікір білдірді.
Бүгiн 2026, 16:00
Соңғы жылдары Арменияның сыртқы саясатындағы өзгерістер халықаралық сарапшылар назарын өзіне аударып отыр. Ресеймен арадағы салқын қарым-қатынас, ҰҚШҰ-дағы мүшелікті тоқтата тұру туралы шешім, Қарабақтағы соңғы оқиғалар мен Батысқа қарай бетбұрыс туралы пікірлер қоғамда түрлі талқылауға себеп болды. Кей сарапшылар бұл процестерді Украинадағы жағдаймен салыстырса, енді бірі Армения қазір мүлде басқа геосаяси таңдау алдында тұрғанын айтады. BAQ.KZ тілшісі халықаралық сарапшылардың пікіріне сүйеніп, аймақтағы ахуалға талдау жасап көрді.
Ресей мен Армения арасы неге салқындады?
Саясаттанушы, халықаралық сарапшы Таир Нигмановтың айтуынша, Армения мен Ресей арасындағы қарым-қатынастың әлсіреуіне ең алдымен Қарабақтағы соғыс әсер еткен.
Соңғы жылдары Ресей мен Армения арасындағы қарым-қатынастың салқындағаны байқалады. Армения тіпті ҰҚШҰ-дағы мүшелігін де уақытша тоқтатты. Меніңше, мұның басты себебі – Арменияның Ресейге көңілі толмауында. Өйткені Ресей ҰҚШҰ-ның көшбасшысы ретінде әскери және экономикалық тұрғыдан ұйымдағы ең ықпалды мемлекет саналады. Соған қарамастан, Кавказдағы соғыс кезінде Ресей де, жалпы ҰҚШҰ да Арменияны қолдамады деген көзқарас қалыптасты. Әңгіме Армения “Арцах” деп атайтын, ал Әзербайжан “Таулы Қарабақ” деп атайтын аймақ үшін болған соғыс туралы болып отыр. Менің ойымша, қарым-қатынастың суынуына ең негізгі себеп осы, – деді сарапшы.
Оның айтуынша, кейінгі саяси және дипломатиялық мәселелер осы жағдайдың айналасында өрбіген қосымша факторлар ғана.
Қазір кейбір пікірлерде Армения қоғамындағы ішкі эмоцияны сыртқы күшке бағыттау әрекеті болуы мүмкін деген де ойлар айтылады. Яғни "соғыста жеңілгенімізге біз емес, бізге көмектеспеген Ресей кінәлі" деген түсінік арқылы қоғамдағы наразылықты сыртқа бұру туралы пікірлер бар. Бірақ бұл – тек теория деңгейіндегі әңгіме. Жалпы жағдайды түсіну үшін айтылып жүрген көзқарастардың бірі ғана, – деді Таир Нигманов.
Ресей үшін Армения басты мәселе ме?
Сарапшының сөзінше, қазіргі геосаяси жағдайда Ресейдің негізгі назары Украинадағы соғысқа ауып отыр.
Ресей қазір Украинадағы соғысқа тым қатты алаңдап отырғандықтан, Армения мәселесі Ресей басшылығы үшін ең басты проблемалардың бірі деп ойламаймын. Украина аумағындағы соғыс орасан көп уақытты, адам ресурсын, қаржыны және басқа да мүмкіндіктерді талап етіп отыр. Бұған санкциялық қысым мен Батыспен текетірес те қосылады. Осындай ауқымды мәселелердің аясында Армения Ресей үшін бірінші немесе екінші кезектегі бағыттардың қатарында тұрған жоқ, – деді ол.
Саясаттанушының пайымынша, дәл осы жағдай Арменияның сыртқы саясатында жаңа ізденістердің басталуына әсер етуде.
Қарабақтан кейінгі жаңа кезең
Ал саясаткер, тарих ғылымдарының докторы, халықаралық сарапшы, Каһраманмараштағы Түрік орталығының төрағасы Бахтияр Мурат Арас мәселені тарихи тұрғыдан қарастыру қажет екенін айтады.
Оның сөзінше, Осман империясы кезеңінде армян қауымы мемлекет ішінде ықпалды топтардың бірі болған.
Армян азаматтары Осман мемлекетінде ең артықшылыққа ие мұсылман емес қауымдардың қатарында болды. Олар мемлекеттің маңызды қызметтерінде жұмыс істеді. Сауданың едәуір бөлігін басқарды, қаржы айналымында ықпалды болды, мемлекеттік басқару жүйесінде де маңызды орын алды. Парламентте депутаттары болды, министрлік деңгейінде қызмет атқарды. Бірақ уақыт өте келе Ресей мен Батыс елдерінің, әсіресе Францияның ықпалымен Османға қарсы қозғалыстар күшейе бастады. Бірінші дүниежүзілік соғыс кезеңінде бұл жағдай одан әрі шиеленісті, – деді Бахтияр Мурат Арас.
Оның айтуынша, кейінгі тарихи процестер қазіргі геосаяси жағдайдың қалыптасуына да әсер еткен.
Тәуелсіздік соғысынан кейін армяндардың мемлекет ішіндегі бұрынғы ықпалы толықтай жойылды. Кейін Ресейдің қолдауымен және Батыстың демеуімен Түркістан түріктері мен Анадолы түріктерінің арасын бөліп тұратын географияда бір мемлекет құрылды деген пікірлер бар. Бірақ уақыт өте келе Армения Батыстан күткен қолдауды да, Ресейден күткен көмекті де толық ала алмайтынын түсіне бастады. Мұны Қарабақтағы соңғы соғыстан анық көрдік. Сол жерде Әзербайжан бұрын жоғалтқан жерлерін қайтарып алды, – деді сарапшы.
Армения жаңа бағыт іздеп жатыр ма?
Бахтияр Мурат Арастың пікірінше, қазіргі кезеңде Армения үшін аймақтық экономикалық және транзиттік байланыстардың маңызы артып келеді.
Армения ұзақмерзімді текетіреспен бұл географияда өмір сүру қиын екенін түсіне бастады. Соңғы кезеңде олардың сыртқы және ішкі саясатында біршама қалыпқа келу байқалады. Қазір Таяу Шығыстағы тұрақсыздық пен Ормуз бұғазы төңірегіндегі қауіптер аясында транзиттік сауда жолдарының маңызы күшейіп келеді. Бұл – Анадолыдан Қытайға дейін созылатын көне Жібек жолын қайта жандандыруға қатысты мәселе. Осы тұрғыдан қарағанда Лачын дәлізі де маңызды бағыттардың біріне айналуы мүмкін, – деді ол.
Сарапшы Армения үшін көрші елдермен прагматикалық қатынас орнатудың маңызы артып келе жатқанын айтады.
Армения қазір Түркі әлемінің ортасында орналасқан шағын мемлекет ретінде көршілерімен жақсы қарым-қатынас орнатуға мүдделі екенін түсіне бастады. Өйткені Францияның бұл аймақпен тікелей құрлықтық байланысы жоқ. Ал Ресейдің негізгі назары Украина мәселесіне ауып кеткен. Сондықтан болашақта Армения мен өңір елдері арасындағы қарым-қатынас біртіндеп сауда мен өзара тиімді байланысқа негізделуі мүмкін деп ойлаймын, – деді Бахтияр Мурат Арас.
Украина сценарийі қайталануы мүмкін бе?
Сарапшылардың пікірінше, Армения төңірегіндегі қазіргі жағдайды Украинадағы оқиғалармен толықтай салыстыру дұрыс бола бермейді. Өйткені Кавказдағы саяси, тарихи және географиялық жағдай мүлде бөлек. Дегенмен аймақтағы геосаяси тепе-теңдік өзгеріп жатқаны анық байқалады.
Қазір Армения үшін басты мәселе – қауіпсіздік пен сыртқы саясат арасындағы тепе-теңдікті сақтау. Ал халықаралық сарапшылардың сөзінен байқауға болатыны – Ереван алдағы кезеңде эмоциядан гөрі прагматикалық саясатқа көбірек мән беруге тырысуы мүмкін.
Ең оқылған:
Мақпал ОРЫНБЕК