Армениядан әкелінген көліктерді қашанға дейін тіркеп үлгеру қажет?

21 Тамыз 2020, 15:23
1496
Бөлісу:
Армениядан әкелінген көліктерді қашанға дейін тіркеп үлгеру қажет?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ішкі істер министрлігі Армениядан Қазақстанға автомобильдерді тіркеу мерзімін ұзарту туралы мәселені қарастырып жатыр. Бұл туралы ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Серік Түсіпов айтты.

Үкіметтің қаулысында тіркеуге байланысты белгілі бір талаптар бар және 2020 жылдың 1 қыркүйегіне дейін деп нақты тіркеу мерзімі көрсетілген.  Аталған мерзімге дейін шарттарға сәйкес келетін барлық көлік құралдарын тіркеу жоспарланып отыр. Азаматтар тарапынан өтінімдер бар екенін, сондай-ақ ҚР сауда және интеграция министрлігі хехникалық реттеу және метрология комитеті жағынан қайтадан жабдықталған автомашиналарды тіркеу үшін жағдай жасалып отырғанын ескере отырып, өзгертіп жабдықталған автокөліктер үшін мерзімді ұзарту ұсынысын пысықтап жатырмыз, - деді Серік Түсіпов ОКҚ брифингінде.
Оның айтуынша, Арменияда Қазақстан азаматтарының атына жазылған 22 мыңнан астам көлік тіркелген.  Бүгінгі таңда Қазақстанда тіркеуге жататын 14 мың автомобильдің 11 мыңға жуығы тіркелген. Жалпы, күніне 400-ге жуық армениялық нөмірі бар автокөлік тіркеледі.
Бұл жерде кейбір көліктердің тіркеуге жатпайтынын түсінуіңіз керек. Олардың қатарында оң жақ рөлді көліктер бар. Сосын тіркеуден шығарылған көліктер де кездеседі. Кейбір азаматтардың өздері басқа елдерге тұрақты тұруға кетті. Жол апатына ұшырап, иелері қайта жөндетпеген көліктерде жетерлік,- дейді Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары.

Өзгелердің жаңалығы