Қызылорда, BAQ.KZ тілшісі. Қызылорда облысы Қармақшы ауданының тұрғындары Ш.Төлепова атындағы аудандық мәдениет үйіне жиналып, елорда атауының «Нұр-Сұлтан» болып өзгеруін қуана құптап, мерекеледі.
Шарада сөз алған «Nur Otan» партиясы Қармақшы аудандық филиалының төрағасының бірінші орынбасары Дастан Бухановтың айтуынша, ширек ғасырдан астам уақыт мемлекетті басқарған, әрі Қазақстанды бүкіл әлемге танытқан Елбасының сіңірген еңбегі орасан зор.
«Астанамыздың Нұр-Сұлтан деп ауыстырылуы тарихи шешім деп қабылдау керек. Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті айқындаған стратегиялық бағытқа қолдау көрсетуде бірлік, татулық пен келісім танытуымыз қажет», - деді Д.Буханов.
Сонымен бірге, Қармақшы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қаршыға Есдәулетов, аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Күлжауһар Раева, «Ұлт бірлігі - Қармақшы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Шегебай Құндақбаев, «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Нұржан Оңдашев, «Жастар ресурстық орталығының директоры» Әділ Ыбырахим Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың елорда атауын Нұрсұлтан Назарбаевтың атына беру жайлы шешімі мен Жарлығын қолдайтындықтарын айтты.
«Ұлы тұлғаның мәртебесін асқақтатқан тарихи шешімді қармашылықтар да құптайды. Тәуелсіздік кезеңіндегі жастар, мына біз Елбасының салиқалы саясатының саясында сана-сезіміміз өсіп, тәрбие-білім алдық. Заманның ағымы мен тілін түсіндік. Сондықтан, елордаға біртуар қайраткердің, Ұлт Көшбасшысының аты берілуі – ойлы, өнегелі қадам деп білеміз», - деді Әділ Ыбырахим.
Аудан өнерпаздары әннен шашу шашып, жұртшылыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Кешке жиналған көпшілік елорданың аты өзгергеніне, Елбасының есімі ұлықталғанына ризашылықтарын білдірді.