«Арқарлы» петроглифтері мемлекет қорғауына алынатын болды

9 Маусым 2021, 17:58
2568
Бөлісу:
«Арқарлы» петроглифтері мемлекет қорғауына алынатын болды
PHOTO

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматы обылсы Кербұлақ ауданындағы «Арқарлы» петроглифтері мемлекет қорғауына алынатын болды. 

Бұған дейін, әлеуметтік желіде петроглифтер қиратылып жатыр деген бірнеше жазба жарияланған болатын. Ауыл тұрғындары да бұл мәселені бірнеше жыл көтеріп келді. Биыл халықтың өтініші ескеріліп, бұл сауал Үкіметте қаралып, шешімін тапты. Бұдан былай, Арқарлы петроглифтері мемлекет қорғауында болады. 

Ескерткіш тастарды кешенді зерттеу мақсатында Алматы облысының бюджетінен қаражат та бөлінген. Мамыр айынан бастап, облыс әкімдігі мен Әлкей Марғұлан атындағы археология институтынының мамандары Арқарлы петроглифтеріне зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. 

Алматы облысының мәдениет және құжаттама басқармасының басшысы Мәрлен Көлбаев 2017 жылдан бері тастар арнайы бақылауға алынып, қоршалғанын айтады. Ол маңда қазу, қопару жасалмаған. 

Иә, аталған аумақ жеке компаниялардың иелігінде. Болашақта дәл осы тарихи суреттер табылған аумақты мемлекет иелігіне қайтарып аламыз. Құрылыс зауыттарының иелері бұған дейін жер кадастрі бойынша аймақта ешқандай тарихи жәдігер орналасқаны туралы мәлімет болмағанын айтады. Ал тастар тұрған жерге тиіспеген. Кәсіпкерлер ол аумақты мемлекетке тегін қайтарып беруге де келісті. Әзірге, Арқарлы асуында анықтау-барлау жұмыстары жүргізілуде. Бүгінге дейін жұмыстың 70 пайызы аяқталды, - дейді ол. 

«Арқарлы» петроглифтері мемлекет қорғауына алынатын болды

Жалпы, Арқарлы асуынан табылған тастардың тарихы тереңде жатыр. Археологтардың айтуынша, тастағы суреттер 3000 мың жыл бұрын салынғанын алға тартады. Яғни, мамандар Малайсарыдағы сілемдерді темір немесе қола дәуіріне жатқызып отыр. Тастарда, сол заманның тыныс-тіршілігі бейнеленген. Тау етегіндегі жартаста  көптеген жабайы және үй жануарлары, аң аулау көріністері және адамдар бейнеленген. Үлкен иілген мүйіздері бар муфлондарды, арқар, бұғы, қасқыр немесе тау ешкісі, садақ ұстаған аңшыларды көруге болады. 

Ә. Марғұлан атындағы археология институтынының  археологы Александр Горячев бұл маңда археологиялық тастар өте көп екенін айтады.

Археологтар бұл аумақта 20 петроглиф тас бар дейді. Алайда мен, мұнда ол тастардың 4 есе көп екеніне сенімдімін. Зерттеу жұмыстарының нәтижесінде әзірге Арқарлы асуында петроглиф тастардың 10 үйіндісін, 500 тас және онда бейнеленген 2000 мың жуық суретті таптық. Біз, тарихи жәдігерлерді зерттеуді жалғастыра береміз. Арқарлы петроглифтеріне зерттеу жұмыстарын толықтай қыркүйек айында аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз, - дейді археолог.

Осы сәтте табылған петроглифтерді құжаттандыру жұмыстары жүргізіліп, бұл аумақ Кербұлақ ауданының жер бөлімі базасына енгізілуде. Егер, петроглифтер табылған жерлердің жекеменшік иесі болса, сол телімдер мемлекет меншігіне қайтарылмақ. Ал, Арқарлы петроглифтері Алматы облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне енгізіледі.


Өзгелердің жаңалығы