Архив құжаттары халық жадын аңыздан арылтады – тарихшы

26 Мамыр 2021, 13:18
4167
Бөлісу:
Архив құжаттары халық жадын аңыздан арылтады – тарихшы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 31 мамыр - Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті «Мәңгілік ел» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Аққали Ахмет саяси құғын-сүргін құрбандарының архив ісінде кездескен мәліметтері туралы айтып берді.

- Аққали ағай, алдымен тарихтағы архивтің маңызы мен өзектілігі жайлы айтып берсеңіз.

- Архив – халықтың тарихи мәдени мұрасы. Сол себепті өркениетті мемлекетте оның қоғамдағы орны да, қадір-қасиеті де ерекше. Ал тоталитарлық, автократиялық режимдерге ол өздерінің заң және тарихи тұрғыдан мемлекеттік билікке құқын дәлелдеу үшін ғана қажет. Мұны кеңес архивтері қызметінен айқын көруге болады. Архивті саясат қолшоқпарына айналдыру ісі партия басшылығымен елде азамат соғысы аяқталғаннан кейін-ақ қолға алынды. Большевиктер өздерінің саяси қарсыластарын «әшкерелейтін материалдар» жинауды ОГПУ-НКВД-МВД секілді жазалау органдарының көмегі арқылы жүргізеді. 20-шы жылдардың бірінші жартысында архивтерге Революциялық трибуналардан, республикалық бақылау комисиясынан, Мемлекеттік саяси басқарманың тергеу бөлімдерінен (СООГПУ) көптеген сұраулар түсе бастайды. Осы кезеңнен елдің қоғамдық-саяси өмірінде ОГПУ маңызды рөл атқарады.

1925 жылдың 9 желтоқсанында Халық комиссарлары кеңесінің жанындағы ОГПУ Ресейдің Орталық архивіне «аса құпия» хат жолдап, онда архив қызметін түбірімен өзгертіп, Кеңес өкіметіне «жат элементтерді» іздестіру жұмыстарын жандандыру және оны оперативтік мақсатқа бағындыру талап етіледі. Осы құжат алынғаннан кейін барлық жерде, оның ішінде Қазақстан архивтеріне де патшалық Ресейдің үкімет мекемелеріне, азамат соғысы кезіндегі «ақтар» мен «ұлтшылдар» үкіметтеріне қатысы болғандарды анықтау жұмыстары қыза түседі. 1927 жылдың 25 ақпанында Ресей Федерациясы Орталық архиві өзіне қарасты барлық архив мекемелеріне «Архив материалдары бойынша анықталған саяси іздестірудегі адамдарға алфавиттік карточкалар толтыру жөнінде құпия циркуляр таратады. «Халық жауларын» іздестіруге елдің барлық архивтері жұмылдырылады. Элементтерге тізімдер жасалып, НКВД-ның тиісті құрылымдарына, оның 2-ші бөліміне тапсырылады.

- Жаппай қуғын-сүргін саясатын жүргізуде архив материалдары қалай қызмет етті?

- НКВД бұрын-соңды болмаған жаппай қуғын-сүргін саясатын жүргізуде архив материалдарын кеңінен пайдаланды. 1938-1963 жылдары архивтердің НКВД-МВД-нің қарамағында болуын осы жағдаймен, таратып айтсақ, елде тоталитарлық жүйенің күш алып, оның қоғамдық өмірдің барлық салаларын қамтумен, архив құжаттарынан «таптық жат» элементтер туралы деректерді іздестіріп табу мүмкіндіктерімен түсіндіруге болады. Орталық архив басқармасын ішкі істер жүйесіне қабылдау актісінде архивтерге КСРО Ішкі істер халық комиссариатына «пайдалы» материалдардың баршылығы туралы арнайы көрсетілуі тегіннен-тегін емес еді. 1939 жылдың 16 қыркүйегінде Ішкі істер халық комиссариатының Бас архив басқармасы өз бөлімдерінің бастықтарына тағы да хат жолдап, НКВД-ның қажеттіліктері үшін құпия қорлардың құжаттары бойынша өтетін барлық адамдардың есебін алуға кірісу жөнінде нұсқау береді, бұл жұмысты 1940 жылдың 1 тамызында бітіру талап етіледі.

Архивтерден «таптық жат элементтер» туралы мағұлматтарды іздестіру ғана емес, оларға қатысты құжаттарды құпия қорларда сақтау жұмыстары да жүргізіледі. 1940 жылғы 1 сәуірде КСРО Ішкі істер халық комиссариаты Бас архив басқармасынан мемлекеттік қауіпсіздік капитаны Светлов қол қойған барлық архив мекемелеріне «халық жауларының хаттарын, мақалалары мен басқа да еңбектерін», «халық жаулары бейнеленген фото-кино және дыбыстық жазбаларды» өте құпия жағдайда жеке сақтау жөнінде циркулярлық хат түседі.

Архив ісі НКВД-МВД «қажеттіліктерін» өтеуге толықтай бағындырылады. Соған қарамастан 1940 жылдың 23 қазанында Ішкі істер халық Коммиссариаты Л.П.Берия қол қойған «Архив материалдарын оперативтік-чекистік жұмыста пайдалану туралы» деген №001345 бұйрық шығарады. Сол жылы Орталықтың бас архив басқармасы 14392 «жат элементке» тізім жасайды. Қазақстанға келетін болсақ, 1943 жылдың 1 қаңтарынан 1 шілдесіне дейін, яғни жарты жылдың өзінде архив бойынша 2063 адамға «компромат» табылып, оларға карточкалар толтырылады. Барлығына да анықтама-тізім дайындалып, КСРО Ішкі істер халық комиссариатына, Қазақ КСР Ішкі Істер Халық Комиссариатына жіберіледі. Сол жылдың 5 шілдесіндегі КСРО ІІХК-нің нұсқауы бойынша басмашылар туралы материалдар іздестіріліп, 20 қор қаралады, анықтама құрастыруға 37 іс іріктеліп алынады.

- Қазақ КСР архивтерінің материалдарды арнайы зерттеу қалай жүргізілді?

- 1943 жылдың 1 қазанына дейін, Қазақ КСР Орталық мемлекеттік архивінің құпия қорлар бөлімінің бастығы А.К.Голованованың мәліметі бойынша, республикада 10081 адам карточкаға түсіріледі. Ол құжат «Список лиц, проходящих по политическим окраскам, выявленных по архивным материалам Центрального госархива КазССР» деп аталады. Кейін бұл тізім 6000 адамға дейін шегеріледі. Бірақ бұдан қандай да бір «гуманистік нышанды» байқаудың реті жоқ, «қырағылық таныту» жұмыстарының қарқыны бәсеңсімейді. «Қазақ КСР мемлекеттік архивтері құпия қорлары бөлімдерінің 1951 жылғы жұмысына шолу» деген баяндамада: «Қазақ КСР архивтерінің материалдарды арнайы зерттеу жұмыстарының қарқыны, 1950 жылмен салыстырғанда, екі есе өсті. Өткен жылы оперативтік-чекистік органдар үшін қызығушылық танытатын қыруар деректер табылды. Өткен өмірі күмән адамдар саны да екі есе өсті», - делінеді. Бұдан кейінгі кезеңде де жазалау органдары Қазақстан архивтерінен жеке тұлғалардың өмірбаяндарын, хаттарын, т.б. құжаттарды ақтарыстырып, «ұлтшылдар», «контрреволюционерлер» туралы мағұлматтар алып тұрады. 1953 жылы Қазақ КСР Ішкі Істер министрлігі архив басқармасына байларды тәркілеу және жер аудару жөнінде мәлімет дайындауға тапсырма береді.

Жат элементтерге арнайы «анықтама-тізім» құрастыру жұмыстары тек 1956-1957 жылдары ғана ресми тоқтатылады.

- Қазақ халқының тарихы мен мәдениеті архивіне қатысты не айтуға болады?

- Большевиктер, әсіресе, архив қорларының сақталуына немқұрайлы қарады, ондағы қазақ халқының тарихы мен мәдениетіне қатысты құжаттардың жоғалып кетуіне аса бір ауызға аларлық оқиға ретінде қарамады. Бұл жөнінде Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивінің архивке қатысты 544-қорында сан алуан мәліметтер жинақталған. Бөкей архивтерін ең алдымен большевиктер жыртып, өртеген. Одан кейін 1918-1919 жылдары оны казактар тонаған. Архив материалдары буда-будасымен отқа жағылған. Қазақ байларын тәркілеуге қатысты 32 іс ізім-қайым жоғалған; мүмкін олар 1953 жылы Ішкі Істер министрлігінің сұрауы бойынша алдырылып, содан қолды болып кетті ме?! 1929 жылы Қызылордадан Алматыға көшірілген кезде он жәшік іс-құжаттар ұрланған. Орынбордан Қызылордаға апара жатқан кезде жүздеген архив құжаттары ғайып болады. Одан кейінгі кездері де архив қорларындағы материалдардың сақталуы қатаң бақылауға алынды деуге күмән тудыратын жәйттер жеткілікті. Әйтеуір, архив жол көрсеткіштерін парақтай бастағанда біраз құжаттардың жанындағы «изъято» деген ескертуден көз сүрінеді.

Мұның бәрі кездейсоқ та болмас, себебі орталық билік кешегі патша заманындағы отаршылдықтың озбырлықтарын халық жадында сақтауға мүдделі болмады. Бүгінгі күні Ресейдің қазақ халқына «жақсылықтан» басқа саясат жүргізбегеніне жас буынды иландыру мақсатында архивтерде жазалау экспедициялары, қазақ ауылдарын тонау, атып-асу, халықты қырғынға ұшырату жөніндегі құжаттардың түрлі себептерімен қолға беріле бермейтіндігі аса құпия емес.

Кеңес үкіметі ұлттық архивтердің материалдық базасын нығайтуға ыждағаттылық танытпады. Оның мысалы да жетерлік, 1932 жылдың 23 наурызында Қазақ өлкелік партия комитетінің хатшысы С.Т.Голюдов Қазақстан Орталық архивінің меңгерушісі Н.Я.Болотниковты өзіне шақыртып алып, архивті жедел түрде көпшілік кітапхананың жертөлесіне көшіруді міндеттейді. Н.Я.Болотников 28 наурыз күні Алматы қалалық кеңесінің Орталық архив орналасқан ғимаратты 29 наурызға дейін босату туралы шешімін алады. Н.Я.Болотников сәуір айында осы жағдайды Қазақ АКСР халық комиссарлар кеңесіне және РСФСР Орталық архив басқармасына (көшірмесі) жазған баяндама хатында хабарлайды. Архив орналасқан ғимаратқа Алматы қалалық кеңесі көпшілкке арналған асхана ұйымдастыруды көздейді. Оның төрағасы Скородумов пен Өлкелік партия комитетінің іс басқарушысы Буянов Орталық архивтің екі күн ішінде Көпшілік кітапхананың жертөлесіне көшуі туралы ескерту жасайды.

Бұл талапқа Н.Я.Болотников қорлардағы 20000 пұт құжаттарды көрсетілген мерізімде көшіріп болу мүмкін еместігін, оған 3 ай мерзім керек екендігі туралы пікірін алға тартады. С.Т.Голюдов аталған мерзімге қарсы болып, «бұл архив ісінің қарқыны болса, сен өмірден артта қалған архивтің егеуқұйрығысың» деп меңгерушінің ар-намсына тиеді.

Н.Я.Болотников 28 сәуірде Қазақ АКСР Халық Комиссарлары Кеңесіне Орталық архивтің кітапхана жертөлесіне көшірілуіне қарсы наразылық білдіреді. Алайда Қазақ өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы Ф.И.Голощекин 29 сәуірде партияның айтқанымен жүрмейтін «қыңыр» архивисті шақыртып алып, Қазақ ОАК мен ХКК-нің қаулысын орындамадың деп айыптайды. ХКК-нің төрағасы О.Исаев Болотниковтың ұстанымын «топас бюрократизм» деп бағаласа, С.Т.Голюдов өз тарапынан «архивті көшіру түкке тұрмайтын мәселе, егерде біз партия мүшесімен істес болсақ, онда мәселе басқаша шешілген болар еді, ал біз партия мүшесімен емес, архив егеуқұйрығымен істес болып тұрмыз» деп астамшылық жасайды.

7 мамыр күні Н.Я. Болотниковке секретариат арқылы жеке іс қағазына жазылған сөгіс, жарияланып, меңгерушілік қызметінен босатылады. Тоталитарлық жүйенің архивке көзқарасы осылай көрініс табады.

31 мамыр күні Н.Я.Болотников қылмыстық іздестіру бөлімі тарапынан тұтқынға алынады. 26 маусымда ол жергілікті партия бюрократтарының заңсыз іс-әрекеттері туралы ВКП (б) Орталық Бақылау комитетіне арызданады. Осылайша, үлкен қиындықтардан кейін ғана Н.Я.Болотников жұмысында қалдырылады, бірақ бұл заңдылықтан гөрі, кездейсоқтыққа көбірек ұқсайды, көп ұзамай архив қызметкерлері де «тазалауға» ұшырайды.

1938 жылы Қазақстанда архив кітапханашысы З.И.Ускова және аға ғылыми қызметкерлер Мирер «саяси сенімсіздер» қатарына жатқызылып, жұмыстан босатылады. Ғылыми қызметкер В.Д.Пятницкий және Батыс Қазақстан облыстық архивінің инспекторы М.Г.Герасимчук ІІХК органдары тарапынан «халық жаулары» ретінде тұтқындалады. Қазақ КСР Орталық Бас архив басқармасының бастығы Е.Г.Феодров партия қатарынан шығарылып, қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Айыптау құжаттарында оның бұрын эсер партиясында болғандығы, шығу тегінің ақсүйектен екендігі көрсетіледі.

Бас архив басқармасы меңгерушісінің орынбасары В.А.Введенский 1938 жылы «Архивное строительство в Казахстане к 20-летию подписания декрета Лениным о реорганизации и централизации архивного дела» деген очеркінде: «Өлкелік архивтің меңгерушісі-меньшевик, жоғары білімді архивист, бірақ ақ офицері, ал 2 ғылыми қызметкер-жер аударылғандар, іс жүргізуші-дін қызметкері (протоиерей). Халық жаулары мекемелер мен ұйымдардың басшылық қызметіне отырып алып архив ісіне елеулі зиянкестік жасады, архив құжаттарын жойды, Қаржы Халық Комиссариаты, Халық Ағарту Комиссариаты, Жер Халық Комиссариаты архивтерінің құжаттары халық жауларының зиянкестік әрекетінен талапқа сай сақталмай, шашылып, жойылып жатыр»,- деген пікірі сол кезеңде архивистерді айыптаудың негізгі түріне айналды. Алайда, В.А.Введенскийдің өзі де кейін «әлеуметтік шығу тегінің жат элементтен (әкесі священник болған) екендігі» анықталып, архив жұмысынан аластатылады.

Архив мекемелеріне «кадрлық тазалаудың» қарқынды жүргізілгені соншалық, орталық аппаратта, облыс, аудан архивтеріндегі кадрлардың 80 пайызы ауыстырылады. Көптеген архив кадрлары шығу тегіне қарап немесе «халық жауларының» туған-туысқандары ретінде жұмыстан шеттетілді, қуғын-сүргінге түсті. Архивтердегі мұндай жазалаудың нәтижесі кадрлардың сапасына елеулі әсерін тигізіп, онда істелуге тиіс жұмыстар өте баяу жүргізілді. Бұл салаға көбіне бұрынғы жұмысында көріне алмаған немесе кәсіби дайындығы, іскерлік қабілеті жағынан талапқа толық сай емес адамдар жіберілді.

Тоталитарлық жүйе тұсысында архив құжаттарының елеулі бөлігі негізсіз құпияландырылды. Тіпті, мысал үшін айта кетейік, ҚР ОМА-нің құпия қорында Б.Майлиннің жарнаманы қазақ тілінде беру қажеттігі туралы «жоғарыға» жазған хаты да ұшырасады.

СОКП Орталық Комитеті мен КСРО Министрлер Кеңесінің 1956 жылғы 7 ақпанындағы №246 қаулысында партия органдары, министрліктер мен ведмостволарда архив материалдарын сақтау режимінің тәртіптелмегені, оларды пайдаланудың «нашарлығы» атап көрсетіледі. Осыған орай 1956 жылдың 19 шілдесінде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті мен Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің №424 қаулысында Қазақ КСР ІІМ-нің архив басқармасына және архивтері бар барлық министрліктер мен ведмостволарға революцияға дейінгі, сол сияқты кеңестік дәуірдің архив құжаттары мен материалдарын ғылыми мақсатқа пайдалануға және жариялауға рұқсат беру міндеттеледі. Алайда, рұқсатқа сол кезеңге дейінгі құпия қорда сақтаулы және кеңес мемлекетінің мүдесіне «зиян келтіруі мүмкін» құжаттар кірмейді, оларды пайдалану, жариялау мәселесі әрқайсысының мазмұнына, тарихи және саяси маңызына қарай жеке шешілуі керек деп көрсетіледі. Бұның бәрі, сайып келгенде, тарихтың «ақтаңдық беттерінің» қалыңдай түсуіне әкеледі.

-Тәуелсіздік алғаннан кейінгі архив ісі жайлы не айта аласыз?

- Кейбір архивтік істердің «жоғалып» кетуі олардың кезінде айыптау материалдары ретінде прокуратура, сот, ішкі істер органдарына, Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитетіне алдырылуына байланысты болса керек. Бұл «құдіретті» құрылымдардан материалдардың бәрі бірдей қайта алынбаған. 1945 жылдың 19 мамырында жасалған алыс-беріс актісінен аңғарғанымыз- І.Жансүгіровтің қолжазбалары, кітаптары мен газет қиындылары жинақталған папкалары Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитетінің 2-бөлімнің бастығы Рафиковтың қолында болған, кейін архивке тексерілмей қабылдана салынған.

«Ұлтшылдарға» қатысты архивтік құжаттардың түгел сақталуына бақылаудың әлсіздігі осы сала мекемелері басшыларының басым көпшілігінің қазақ тілі мен араб графикасын білмеуінен болды. Қуғын-сүргінге ұшыраған қазақ зиялыларының еңбектері, корреспонденциялары, кімдермен қарым-қатынаста болғандығы туралы материалдар бұрынғы Қауіпсіздік Комитетіне түскен, одан кейін қайтарылмаған. Тіпті бұл органға қағаз бетіне түскен қазақ шежірелеріне дейін алдырылып, олардан кімнің сұлтан, кімнің би – батыр болғандығы жөнінде мәліметтер жинастырылған.

Тәуелсіздікке қолы жеткеннен кейінгі кезеңде Қазақстанның қоғамдық өмірді демократияландыру архив саласын да қамтыды.

1998 жылы 22 желтоқсанда «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы» Заң қабылданып, осы сала жұмысын тікелей өзіне тән міндеттерді орындауға жұмылдырылуына құқықтық негіз қаланды. Құпия қорларда халықтан жасырын сақталып келген біраз құжаттар ашық қорларға ауыстырылды. Алғашқы кезде Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитетінің мұрагері Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің де есігі ашылды. Соның арқасында саяси қуғын-сүргін науқаны, қазақтарды тәркілеу, реквизиялау, күштеп ұжымдастыру, ашаршылық секілді Кеңес өкіметінің озбырлықтарына байланысты материалдар ғылыми айналымға қосылды. Бірақ көп ұзамай бұл мекеменің архивінде жұмыс істеуге тыйым салынды, осы себепті қазақ халқының тарихы мен мәдениетіне қатысты қыруар құжаттар мен материалдар сол баяғы жабық күйінде қалды.

Ондай қазыналар Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасы, Ішкі Істер министрлігінің архивтері қорларында да сақтаулы. Олардағы, жоғарыда көрсетілгендей, «таптық жат элементтерге», саяси оппозиция мүшелері мен «ұлтшылдарға» жасалған анықтама-тізімдер, «бандылар» деп ат қойып, атау таққан материалдарсыз отандық тарих ғылымындағы «ақтаңдық беттерді» жою мүмкін емес. Бұл құрылымдардағы құжаттарды Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивінде шоғырландыру – заман талабы. Ол халық жадын аңыздардан арылтып, тарихи шындық негізінде қалыптастыру қажеттілігінен туындайды.

Өзгелердің жаңалығы