Археологиялық ескерткіштерді қорғайтын полиция құратын уақыт жетті – профессор

26 Қазан 2021, 11:18
100523
Бөлісу:
Археологиялық ескерткіштерді қорғайтын полиция құратын уақыт жетті – профессор
Фото: автордан

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің Археология, этнология және музеология кафедрасының профессоры Мадияр Елеуов «Марғұлан оқулары – 2021: Этномәдени зерттеулер контекстіндегі Ұлы дала» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда айтты.

Профессор қазба жұмыстары жүргізіліп жатқан жерді жергілікті халық пен полицияға ескертіп, тапсырып қою қажеттігін айтты.

Өйткені біз қазба жұмыстарын жүргізген жерді күзде көміп кетеміз, көктемде келгенде оны біреулер қайта қазып, бүлдіріп тастағанын көреміз. Сондықтан елімізде ескерткіштерді қорғайтын полиция құратын уақыт келген сияқты. Шетелде ескерткіштерді қорғау жөнге келтірілген. Бізге де осы жағын реттеу керек, - деді ол. 

Сонымен қатар ол елімізде археологиялық зерттеу жүргізу жұмыстары кешеуілдеп жатқанын жеткізді.

Елімізде этномәдени зерттеулер жасалып жатыр, дегенмен кешеуілдеп тұр. Мәселен, осыдан 30-40 жыл белгілі бір қалада болған археологиялық ескерткіштер қазір жоқ. Оның орнына үй салынып кетті, су басып немесе егістік жерге айналды. Біз ескерткіштерді бұзуға шеберміз. Ескерткіш - жеке адамның тірлігі емес, ол бүкіл халықтың мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан мәдениеті. Оны жоюға ешқандай қақымыз жоқ. Мемлекет оны қорғауда қол қусырып отырғаны мені қатты алаңдатады. Оны қорғау бойынша заң шыққан, мемлекеттің қаулысы бар. Дегенмен, осы мәселе әлі де ақсап тұр, - дейді Мадияр Елеуов. 

Профессор сөз арасында археологиялық жұмыс жүргізетіндерге сол маңдағы ескерткіштерді есепке алуды міндеттеу қажеттігін айтты.

Бұл мәселені дұрыс жолға қоюдың бірден-бір тетігі – ол әрбір археолог өзінің жүрген, жұмыс істеген жерінде сол төңіректегі ескерткіштерді есепке алып, оны сақтау бойынша өз үлесін қосуы қажет. Кейде алыс аудандарда жұмыс істейміз, ол жерде ғалымдар осыдан 50 жыл бұрын болған болуы мүмкін, одан кейін енді келіп отырсыз. Сондықтан сол маңдағы ескерткіштерді біз есепке алмасақ, оны басқа ешкім жасамайды. Сол себепті ғалымдар жүрген жеріндегі ескерткіштердің жағдайы қандай екенін өзі жасаған ғылыми есебіне енгізуі керек. Соны міндеттеуіміз керек, - деді тарихшы. 

Аталған іс-шара Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының 30 жылдығына орайластырылған. 

Конференцияға Ресей, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Болгария, Түркия, Румыния сияқты жақын және алыс шетелдерден, сондай-ақ Қазақстанның 15 қаласынан жүзден астам ғалым қатысып жатыр. 

Конференция археология саласындағы ғылыми қауымдастық арасында ақпаратпен алмасуды бір жолға қою, халықаралық ынтымақтастықты дамыту, Қазақстанның әлемдік ғылыми ортаға интеграциялануы саласында өзіндік алаңына айналды.

Өзгелердің жаңалығы